Елордада Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған көрме ашылды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жыл бойы ел бойынша КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған өңірлік, республикалық, халықаралық деңгейлерде іс-шаралар жоспары бекітіліп, жыл бойы өткізілетін болады. Жоспар 41 тармақтан тұрады, Қазақстан өңірлерінде 400-ге жуық шара, республикалық деңгейде – 25, ал халықаралық деңгейде 5 шара өткізу көзделген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің жылжымалы баспасөз маслихаты барысында ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов хабарлады.

Еліміздің ең үлкен концерттік залында ашылған мерейтойлық көрмеде аты аңызға айналған әншінің өнердегі алғашқы қадамдары мен зор жетістіктері, соғыстағы қайсарлығы, азаматтық болмысы, өмірінің жарқын сәттері көрініс тапқан. 

«Қазақ өнерінің ұлылығын әлемге паш еткен Роза Бағланова – ұлттың үні атанған біртуар тұлға. Әншінің эксклюзивті жаңа мүсіні мен оның өмірлік жолын баяндайтын мерейтойлық көрме Роза Тәжібайқызының есімін мәңгі етуге арналады. Жаңа бюсттің авторы – еліміздегі тұңғыш гиперреалист мүсінші Айдос Есмағамбетов. Жоспар бойынша 1 наурыз күні «Қазақстан» орталық концерттік залында Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойын мерекелеудің ресми шарасын және өнер шеберлерінің концерті, Қызылорда, Алматы, Нұр-Сұлтан қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп Париж (Франция) және Мәскеу (Ресей Федерациясы) қалаларында мерейтойлық концерттер өткізу жоспарлануда. Бүгінгі күні «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына және астанадағы Есіл ауданы көшелерінің біріне Роза Бағланованың есімі беріліп, сонымен қатар 100 жылдығына арналған мерейтойлық монета шығарылып және әншінің фотосуреттер мен материалдар ұсынылған «Роза Бағланова» кітап-альбомы жарық көрді», - деді вице-министр.  

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының музыка мектептерінің біріне Роза Бағланованың есімін беру және әншінің бюстін орнату мәселесі пысықталып, мерейтойлық пошта маркаларын шығару жоспарланған.  


2021 жылдың желтоқсан айында Қызылорда қаласының әкімдігі орталық алаңында Роза Бағлановаға ескерткіш орнатып, оның ресми ашылуы жақын арада болады. Ал, 2022 жылдың I тоқсанда Алматы қаласының Қалдаяқов пен Төле би көшелерінің қиылысында Р.Бағлановаға ескерткіш қойылады. Сондай-ақ, «Хабар» телеарнасында Роза Бағланованың өмірі мен шығармашылығы туралы «Бұлбұл» биографиялық көркем телесериалы түсірілімінің көрсетілімі өтті. Әншінің орындауындағы музыкалық шығармаларды теміржол жолаушылар поездарында жылдың соңына дейін орындалатын болады.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT