Ұлы Жеңістің 75 жылдығына және Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай "Жігіт сұлтаны" байқауы ұйымдастырылды.
Аудандық "Өнерпаз" мәдениет үйінде өткен байқауға ауданға қарасты округтерден сегіз қырлы, бір сырлы 11 жігіт жиналып, өз бақтарын сынады.
1.Хасан Досболатұлы (Бейбарыс ауылы), 2.Әзілхан Құралбай (Жалғансай ауылы), 3.Ерболат Багитов (Таңдай ауылы), 4.Ізбасар Самиғоллаев (Бейбарыс ауылы), 5.Бексұлтан Маратов (Ортақшыл ауылы), 6. Әділет Есенжанов (Сарытоғай ауылы), 7.Дәулет Беріков (Есбол ауылы), 8.Дәулетхан Мұханбетқалиев (Ақтоғай ауылы), 9.Махамбет Қайрошев (Ақжайық ауылы), 10.Нұрболат Яроллаев (Сарайшық ауылы), 11.Айбек Қуанышев (Махамбет ауылы).
Сайыс бес кезең бойынша өтті. 1. Таныстыру. 2. Өз өнерін көрсету. 3. Қазақтың салт-дәстүріне байланысты сұрақ-жауап 4. АК-47 автоматын бөлшектеу және жинақтау 5. Спорттық сайыс (денені жерден көтеру (отжимания), кір тасын көтеру, қол күресі).
Алдымен аудан әкімінің орынбасары М.Сейтқалиев шараның ашылу салтанатында сөз алып, құттықтауын жеткізді. Өзін-өзі таныстырып, өнерлерін көрсеткен қатысушылар байқаудың үшінші кезеңінде, яғни салтымызға қатысты кейбір сұрақтарға жауап бере алмай мүдірді. Мысалы, жеті жоқ, жеті ата, жеті қазына, жеті жетекші секілді. Ал төртінші кезеңінде, АК-47 қаруын бөлшектеу және жинауда ең үздік нәтижені Ә.Есенжанов көрсетті. Ол бар жоғы 27 секундта Калашников автоматын шашып, жинақтап үлгерді.
Соңғы кезеңі спорттық сайыста А.Қуанышев кір тасын 23 рет көтеріп, үздік болса, қол күресінде Е.Багитовке тең келер ешкім болмады.
Байқаудың барлық кезеңі аяқталып, марапаттау рәсіміне кезек келді. Нәтижесінде ІІІ орынды сарытоғайлық Ә.Есенжанов пен ақтоғайлық Д.Мұханбетқалиев еншілесе, ІІ орынды бейбарыстық І.Самиғоллаев қанжығасына байлады. І орын Б.Маратовқа бұйырды, ал "Жігіт сұлтаны-2020" болып таңдайлық Ерболат Багитов танылды.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ