Ауданда Илья Жақановтың 85 жылдығына арналған ән кеші өтті

Батыс өңірінің ғана емес, бүкіл Қазақ елі өнерінің соның ішінде ән өнерінің тарихын зерттеп, зерделеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды мақсат етіп, оның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, композитор, өнер зерттеушісі, суретші Илья Жақановтың 85 жылдығына арналған «Жайыққа ән қондырған Жақанов» атты ән кеші өтті.

Халқымыздың аяулы ұлдарының бірі, қайталанбас талант иесі Илья Жақанов композитор, жазушы, өнер зерттеушісі ретіндегі ерекше еңбегімен өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Ол иісі қазақ жұртшылығына ең алғаш өзінің тамаша әндерімен белгілі болды. Көрнекті сазгер өзінің атышулы қырғыз циклындағы «Жәмила», «Даниярдың әні», «Әселім», «Асылым», «Бибіжан», сондай-ақ әрбір қазақ баласы жанындай жақсы көретін «Жайлаукөл кештері», «Толағай», «Еділ мен Жайық» әндермен Шәмші Қалдаяқов, Әбілақат Еспаев, Садық Кәрімбаев сынды ән жанрының классиктерінің қатарынан ойып тұрып орын алды. Композитордың ән кеші өткен жылы тұсауы кесілген «Сарытоғай» әнімен басталды. Облыстық, республикалық ән байқауларының лауреаты Еламан Ғафуров саялы мекенге жиылғандарды әуезді әнмен саяхаттатып қайтты. Елбасымыздың өзі сүйіп тыңдап қана қоймай, кездесу сәттеріне өзі орындаған Илья Жақановтың «Толағай» әнін дәстүрлі әнші, облыстық байқаулардың жүлдегері Мөлдір Жетпісбаева нақышына келтіре орындаса, «Сол бір әнді» сахнада Жайлашевтар отбасылық дуэті әуелетті. Қасымхан Бегмановтың сөзіне жазылған «Теміртау түні» әнін облыстық, республикалық конкурстардың жүлдегері, талантты әнші Али Төлеуов орындады.

f3405196-629f-45f6-ae42-32e0a9eb0169

Бұл әннің шығу тарихына үңілсеңіз, осыдан 20 жыл бұрынғы уақытқа ораламыз. 2001 жылы Илья ағамыз Теміртауда өзінің сыйлас достарының бірі Тілеукен Смағұловтың шаңырағында қонақта болады. Үзіліс кезінде Тілеукен ағамыз бір ескі үйді көрсетіп: «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы осында қызмет еткен уақытта сол үйде тұрған болатын. Жас кезімізде сол үйдің ауласында жиі бас қосатынбыз. Қайран жастық шақ! Жұмысымыз ауыр болса да, күнде думан, күнде той еді. Теміртауға келген сайын Елбасымыз бұл үйге соқпай кетпейді»,-дейді.

Екі күннен соң Илья ағамыз пойызға отырып, Алматыға қайтады. Пойыздың бірсыдырғы жүрісі мен Тілеукен досының әңгімесі композитордың көкейінен кетпей қояды. Пойыздан әлдебір әсем әуен Илья Жақановпен бірге түскен еді. Құстың қос қанатындай қазақ әдебиеті мен музыка өнерін қатар сермеп, қазақ руханиятының көгінде қырандай самғаған Илья Жақановтың 200-ден астам әні бар. Оның әндері ұлттық нақышты бойына сіңірген. Абай, Пушкин, Лермонтов, қазақтың классиктері – Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Қуандық Шаңғытбаев сынды ақындардың мәтіндеріне жазылған әндері халықтың жоғары сұранысына ие болды. Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә», «Қош бол, Гүлсары!», «Шынарым менің, шырайлым менің» повестері бойынша «Даниярдың әні», «Жәмиләнің әні», «Асылым», «Әселім – әнім», «Бибіжан» әндері Қырғыз циклы немесе Айтматов циклы деп аталып кетті. Бұл әндердің қырғыз- қазақ арасында кең тарағаны сонша, 1999 жылы композиторға Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлық беріліп, Қырғызстанның «Дәнекер» орденінің кавалері атанды.

6c638951-33c3-4708-b730-5a44ba10e799

- Ақ Жайығымызға, туған жерімізге, жалпы батыс өңірінің табиғатына байланысты көптеген әндер тудырды. Сол әндердің барлығы да адамдардың жүрегін тербейді, аялайды. Илья Жақановтың романс жанрындағы әндері халық жадында. Ал мұндай жанр бұрын- соңды қазақ музыкасында болмаған еді. Сондықтан Илья Жақановты «Қазақ романсының патшасы» деп атауға болады. Халық Ильяны да, оның әндерін де жақсы көреді. Алға қарай да тамаша әндер дүние келеді деп есептеміз,-дейді сазгердің үзеңгілес досы, ақын, фили- ология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп Өтегенұлы. Ән кешінде «Ағады Жайық», «Әселім – әнім», «Құрбыжан», «Еділ мен Жайық», «Жайлаукөл кештері» әндері де орындалды. «Әселім – әнім» әні қырғыз ағайындардың арасында да танымалдылыққа ие. Оған себеп – бұл әннің 1965 жылы Қырғыз елінде өмірге келуі. Алайда шығарма ешбір аруға арналмаған. Автордың айтуынша, Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» повесінің соңы «Қош бол Ыстықкөл, қош бол Әсел, қош бол айтылмаған әнім менің» деп аяқталады. Кітаптың соңғы парағын жабарда өмірге келген әнге қырғыздың ұлы жазушысы жоғары бағасын берген.

14410ab6-c37c-4646-9975-85f00a0b4b49

- Біз сізді кеудесі қазақ өнерінің алтын қазынасына айналған абыз, өнерге шексіз берілген болмысы бөлек тұлға деп білеміз. Сіз Ақан сері, Балуан Шолақ, Әміре, Күләш секілді халқымыздың біртуар өнер саңлақтары туралы еңбектер жазып, олардың халық қазынасының кәусар бұлағындай етіп, сахна төріне шығардыңыз. Қаламыңыздан туған әдеби туындылар өнердегі қайталанбас тұлғалардың бейнесін сомдап, оларды жас ұрпаққа үлгі етумен ерекшеленеді. Сізге, отбасыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Өмірлік қосағыңыз Тиыш анамызбен бірге ұрпақ қызығына кенеліп, ұзақ ғұмыр кешіңіздер,- деп тілегін білдірген Махамбет ауданының әкімі Ринат Жанқылыш қазақтың салтына сай сазгердің иығына шапан жауып, алғысын жеткізді.

Сондай-ақ, Илья ағамыздың жан жары Тиыш Әлтайқызына да құрмет көрсетті. Өз кезегінде ақын, филио- логия ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп Өтегенұлының композитор, өнер зерттеушісі Илья Жақанов туралы жазылған кітабы ұйымдастырушыларға ұсынылды.

f3bbac21-2d83-4f59-a77a-01b81200b98d

«Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, қай халық болмасын, әлдебір ән шырқалып жатқанын естісе, ентелей алға басып келе жатқан жүрісін баяулатып, тіпті тоқтай қалып, құлақ тоспайтын жан кемде-кем шығар, сірә! Әсіресе, біздің қазақтың әнге деген құштарлығы, әнге етене жақындығы тіпті алабөтен. Солай болатын жөні де бар. Өйткені қазақ әнмен егіз жаратылған. Дүние есігін іңгәлаған әнмен ашқан. Жайыққа ән арнаған, тұла бойы сағыныш пен сезімге толы Илья ағамыздың ішкі жан дүниесі де сол әндердің өміршең жолымен мәңгі жасай берері сөзсіз.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT