Аудан жастары Қаройдағы Махамбет мазарында болды

Қараой тұр құшағында қалың ойдың.

Махамбет ауданында туып-өссе де, батыр баба Махамбеттің кесенесін көрмегендер жетерлік арамызда. Күні кеше «Ақ ниет» және «Алтын сапа» ЖШС-ның ұйымдастыруымен, аудандық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен көршілес Индер ауданының Жарсуат ауылынан 50 шақырым жердегі, Қарой деп аталатын жерде орналасқан осы тарихи орынға бір топ ерікті жас арнайы экскурсия жасап, барып қайтты.

j

Батыр баба кесенесін бір көріп қайтам деген экскурсия мүшелері киелі жерге жеткен бойда ең алдымен аруақтарға құран бағыштап, зиярат қылды. Бізге жол көрсетіп барған Жарсуат ауылының тұрғыны Дулат Аухатов есімді ағамыз кесененің ішіне кірген жастарға ел аузынан естіп-білгенін айтып отырды. Сөз арасында, «келер жылы бұл жерге бұйыртса қонақ үй салынса, батыр бабаның басына түнекке келетіндер көбейеді»-деп қалды.

o

Расында, Атырау облысындағы 4 тарихи нысан «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасының тізіміне енген, республикалық дәрежеде қорғалатын ескерткіштер қатарындағы Қаройдағы қауымның басында бір қараша үйдің болмауы көңіл қынжылтады.

jaskoshbasshy11

Ақын рухын сезіндік

Экскурсия мүшелері кесене басындағы түрлі тылсым оқиғаларды да өздерінше тегін емес деп топшылады. Мәселен, фотосуретке түсіріп жатқан уақытта ұялы телефондардың өшіп қалуы, GPS арқылы жұмыс жасайтын, қашықтықтан видео түсіретін құрылғының белгісіз себептермен қосылмауы Махамбеттің мазарына зиярат ету үшін ғана келу керектігін түсіндіргендей болды. «Толарсақтан саз кешіп», туған елдің еркіндігі, бостандығы жолында баз кешіп, құрбан болған есіл ердің рухына, бүгінгідей бейбіт заманда тағзым ете бару әрқайсымыздың үлкен азаматтық парызымыз.

jaskosh11

Махамбеттер армандап кеткен тәуелсіздіктің 28 жылдығы тұсында, аталмыш тарихи ескерткішке барып келген жастар да ерекше рухтанып, кең даладан қуат алып қайтқанын көлік ішінде жарыса айтып жатты. Осылайша тағылымға толы бір күндік экскурсиямыз аяқталып, күн батарға жақын жолға шыққан біздің автобусты алыста мұнартқан Малайсары бидің мазары мен бір келе түйенің көші қимай шығарып салды.

Қарағандыдан арнайы келдім

Ерсұлтан Махамбетов, «Ақ ниет» және «Алтын сапа» ЖШС-ның басшысы, экскурсия ұйымдастырушысы

- Қазақта «жеті атасын білмеген жетесіз, тарихын білмеген тексіз» деп бекер айтпаған. Аталмыш экскурсияны ұйымдастыру тапсырылғанда қашықтығына қарамастан Қарағандыдан арнайы келдім. Махамбеттей ел мен жер үшін жан пида еткен,сегіз қырлы, бір сырлы батырдың басында болып, құрмет көрсету әрбір қазақ баласыың парызы деп санадым.

Бүгінде егемендігіміз нығайып, елдігіміз танылып, тәуелсіз мемлекетке айналған шақта, асты байлыққа, үсті тарихқа толы өңірлерімізді зерттеп, танып-білуге бағытталған жобалар мен экскурсиялар көптеп ұйымдастырылса екен деймін. Себебі, тарихты білу, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің ортақ міндетіміз.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT