Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Махамбет ауданына қарасты Ақтоғай ауылының Кеңөріс жазығында Сүлеймен Ақдрашевты еске алуға арналған «Жаса, Қазақстан!» аймақтық айтысы өтті. Айтыскерлер тауып айтқан тағылымды сөздерімен жұрт намысын тұлпардай тулатты. Үш жүзге ортақ оғлан ақындар Жандарбек Бұлғақов пен Аспанбек Шұғатаевтар жүлде үшін емес, халықтың рухани сусындату үшін келгендігін айтып, айтыстың көрігін қыздыра түсті.
Ақындардың өнеріне баға беруші қазылар алқасының төрағалығында Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет отырды. Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты, ақын Ақберен Елгезек, Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, «Құрмет» орденінің иегері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, жазушы Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі қаламгер, «Атырау айтысының анасы» Жәниба Қарасаева, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қойшығұл Жылқышиев қазылар алқасының құрамында болды.
– Республика деңгейінде өтіп жүрген айтыстардан кем түспеді. Тақырыпты игеру жағынан, яғни Жаңа Қазақстанға қатысты жақсы шумақтар айтылды. Аққан жұлдыздай өмірден ағып өткен Сүлеймен бауырымыздың аруағы риза болатындай оның өмірінен сан деректер келтірді. Халықтың жүрегінде ұялап қалатындай образды теңеулер де айтылды. Ақындарға риза болып отырмыз. Ел ішінде өнерлі, талантты жастардың барын көріп, қуандық. Қай-қай айтыста да жаңа есімдер шығып жатса, ол сол айтыстың жоғары деңгейде өткендігін білдіреді. Айтысты ұйымдастыруға қолдау білдіргендерге ризашылығымды жеткіземін, - дейді Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұ.Есдәулет.
Сүлеймен Ақдрашевтің рухына арналған «Жаса, Қазақстан» аймақтық ақындар айтысының қорытындысында 18 ақынның арасынан үздіктері анықталды. Қымбатшылық, сыбайлас жемқорлық, Жайық өзені, қазіргі әскердің жағдайы және өзге мәселелерді қозғаған айтыскерлерді марапаттау салтанатында «Шабыттандыру» сыйлығы мен 200 мың теңгелік қаржылай қолдау Жәнібек Садыров, Амангелді Панабердиев, Мейрамғали Алғалиев, Өнербек Дәулекенов, Айнабек Бисенғалиев, Жәнібек Бейбітов, Анварбек Садықов, Ерболат Қарақойшы, Ерболат Ізден, Абылай Смағұловтарға берілді.
Жүлделі үшінші орын және 400 мың теңге байрақ атыраулық Нұрбек Сарбасов, маңғыстаулық Арғынбек Қалыбаев, ақтөбелік Қайырхан Жұбаниязовтардың қанжығасында кетті. Аламан айтыстың екінші орны мен 500 мың теңге қаражат батысқазақстандық Мұрадым Мирланов, атыраулық Серікбол Панабердиевке бұйырды. Ал Маңғыстау облысының намысын қорғаған Абай Жолмағамбетов айтыстың І орны мен 750 мың теңгелік байрақты жеңіп алды. Бас жүлдені жеңіп алған атыраулық жас ақын Батыржан Қадырбай мен «Сүлеймен Ақдаршев атындағы арнайы жүлденің» иегері атыраулық Ғалымбек Мұстафаға 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
– Айтыс өнеріне бет бұрғаныма үш жыл болды. Осы аралықта аз-кем жетістікке де жетіп келдік. Жастар арасында өткен республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін жеңіп алдым. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шабыт» қазақ өнер университетінің студентімін. Бүгінгі Кеңөрісте өткен аламан айтыс ұйымдастырылуы жағынан да, айтыскерлердің дайындығы турасынан да жоғары деңгейде болды. Бабымыз бен бағымыз қатар шауып, бас жүлдені иелендік. Алғаш айтысқа келуге септігіп тигізген ұстазым Шалқарбай Ізбасаров болса, қазір елордада Еркебұлан Қайназаровтан тәлім алудамын, - дейді айтыскер Б.Қадырбай.
Ұлттық өнерді, құндылықтарымызды келер ұрпаққа шып-шырғасын шығармай жеткізу – бүгінгі азаматтардың абыройлы міндеті. Жаңа Қазақстанды құруда Атырау өңірінің бүгінгі қадамы үлкен үлес болып қосылады. Өңірдің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген Ибрагим Акдрашевтың игілікті іске ұйытқы болып жүруі, оны жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қолдауы – басқа аймақтарға үлгі боларлық іс.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ
Суреттер автордікі