Атырауда Табылды Досымовқа арналған қойылым сахналанды

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында қазақтың тұңғыш бард ақыны Т.Досымовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Биіктік» қойылымы сахналанды.

Гастрольдік сапармен қаламызға келген Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры ұжымы атыраулықтарға керемет өнер кешін сыйлады. Театр басшысы Гүлсина Мерғалиеваның идеясы бойынша ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай сахналанған бұл драманың тұсауы Маңғыстау облысында кесілген еді. Оны сахналаған жерлесіміз, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының режессері Гүлназ Қамысбаева қойылымның идеялық мазмұны мен сценариін өзі жазған екен.

– Табылды Досымов жайында әзірге ешқандай драматургтің туындысы жарық көрген жоқ. Біраз қаламгерге хабарласып та көрдік. Бірақ, түрлі себептермен онымыздан нәтиже болмады. Сол себепті өзімізге ізденуге тура келді. Әрине, талантты тұлғаның өмір жолын зерттеу, шығармашылығын зерделеп, сахнаға шығару оңай болған жоқ, – дейді драманың қоюшы режессері.

3deddae1-a91f-41a2-8df8-05be376129cc

Спектакльде қырық бес жыл ғұмырында артына мол мұра қалдырған Табылды Досымовтың бала кезі, жалынды жастық шағы және өмірінің соңғы сәттері сәтті сомдалды. Ақынның өміршең өлеңдері мен сыршыл әндерін оқиғалармен орынды байланыстырған режессер мен жанын сала ойнаған театр әртістерінің шеберлігін ерекше айта кеткен жөн. Жан тебірентіп, көңіл пернелерін дөп басқан қойылымды көзіне жас ала отырып тамашалаған көрермен бір сәтке сүйікті ақынымен емірене қауышып, қимай қоштасқандай ерекше әсерге бөленді. Драманы бастан-аяқ тамашалаған облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова шығармашылық ұжымға ризашылығын білдіріп, облыс әкімінің алғыс хатын табыстады.

«Киелі Маңғыстаудан келген өнерпаздар Табылды ағамыздың өмірін көз алдымызға әкелгендей болды. Қысқа ғұмырында өшпес мұра қалдырған ақынның өршіл поэзиясы – жас ұрпаққа таптырмас тәрбие. «Атырауға әкелер ем бір тауды» деп өткен оның өзі бір тау еді» деді Бақытгүл Хаменова. Ақынның жары мен ұлы Абылды сахнаға көтеріп, құрмет көрсеткен облыс әкімінің орнынбасары әсерлі кеш сыйлағанНұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрыныңдиректорына облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Ақынның ұлы да алған әсерімен бөлісіп, өнер ұжымына алғыс айтты.

 

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT