Құлсары қаласындағы әлеуметтік орталық енді 30 орындық жаңа автобусқа ие болды. Бұл көлік ерекше қолдауды қажет ететін адамдарды қауіпсіз әрі жайлы тасымалдауға мүмкіндік береді.
Құлсары қаласындағы №2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы заманауи автобусты сыйға алды. Көлік «ТеңізТрансГрупп» компаниясы тарапынан корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы аясында берілді.
Табыс ету салтанатты рәсімі Құлсары қаласы әкімдігінің, сондай-ақ «Теңізшевройл» және «ТеңізТрансГрупп» компанияларының өкілдерінің қатысуымен өтті. Жаңа автобус орталық қызметінде маңызды көмекші құрал болып, мекеме қарамағындағы адамдар үшін тасымалдауды ыңғайлы әрі қауіпсіз етеді.
Жылыой ауданындағы «Теңізшевройл» компаниясының ресми өкілі Нұрлан Ерғалиев бастаманың маңыздылығына тоқталды:
«Автобус сатып алу туралы өтініш орталық басшылығынан түсті. Біздің мердігер ұйым әлеуметтік жауапкершілік аясында бұл көлікті сатып алып, сыйға беруді шешті. Біз бизнес-серіктестеріміздің қолдауын жоғары бағалаймыз, өйткені мұндай жобалар әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтып, аудан тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер етеді».
«ТеңізТрансГрупп» компаниясы бірнеше жылдан бері «Теңізшевройл» компаниясымен бірлесе отырып Жылыой ауданында әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Серіктестік арқасында медициналық және білім беру мекемелері заманауи жабдықтар, арнайы көліктер және басқа да қажетті ресурстармен қамтамасыз етілді. Жақын арада орталыққа аурухана палаталарына арналған жаңа жиһаз да жеткізіледі.
«ТеңізТрансГрупп» компаниясының өкілі атап өтті:
«Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдау біздің борышымыз деп санаймыз. Жаңа автобус орталыққа өз миссиясын орындауға — ерекше назар мен қолдауды қажет ететін адамдарға қамқорлық көрсетуге көмектеседі».
Мұндай бастамалар «Теңізшевройл» және мердігер ұйымдардың ұзақ мерзімді әлеуметтік серіктестік бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады және Атырау облысының тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.