Халқымыз тазалыққа аса мән берген. Бабаларымыз көшпенді өмір сүрсе де, өмір сүру әдеттерінде тазалық басты орында тұрған.
Ұлтымыздың ұстазы Ыбырай Алтынсарин: «Сабаз болсаң жердей бол, жер бәрін шыдап көтереді, таза болсаң судай бол, су бәрін жуып кетіреді»,- деп тазалықтың маңыздылығын жырына қосқан.
Тазалық асыл дініміз Исламдағы басты шарттардың бірі ретінде қарастырылған. Алла елшісі: «Дін – бұл тазалық», - деп өз үмметіне айтып кеткен. Қасиетті Құран Кәрімдегі «Мүддәссир» сүресінің 1-5- аяттарында Алла Тағала пайғамбарымызға:
«Әй, бүркенген жан! Тұр, халыққа ескерт. Раббыңды ұлықта. Киіміңді таза ұста»,- деп ерекше әмір еткендігі айтылады.Демек, тазалық ол дініміздегі ең басты шарттың бірі.
Және де сол сүренің 4-5- аяттарында: «Киіміңді таза ұста, жаман нәрселерді таста» - деп ескертілген. Яғни, адамның сыртқы тазалығы қоғам мен ортаға ерекше әсер ететіндігін осыдан байқауға болады. Сонымен қатар тарихи баяндарда пайғамбарымыз тамақтанар алдында және кейін мұқият қол жуатын және өзгелерге де:
«Тамақтың берекеті – тамақтанудың алдында және кейін қол жууда» деп ескертетін. (Бухари, Уду, 26) Алла елшісі таңертең жуыну тұрғысында: «Ешкім ұйқыдан тұра салысымен қолын ыдысқа жүгіртпесін. Өйткені түнімен қолының қайда қонғанын білмейді ғой» деген. (Муслим, тахарат, 87)
Пайғамбарымыз бірде әзіреті Әлиге де: «Уа, Әли! Өсіп кеткен тырнақтарыңды қысқарт. Ішінде зиянды нәрселер жүреді»,-деп ескерткен деседі. (Дәйләми, Фирдаус, 3/205, Дарул-кутубул-илмия, Бәйрут, 1986). Демек, Алла елшісі сол заманның өзінде зиянды дүниелер, ластықтың адам денсаулығына ерекше әсер ететіндігін байқауға болады.
Пайғамбарымыз қай күні көрсең де киім-кешегіне қылшық жуытпайтын ерекше кірпияз, таза болғандығы хадистер мен өсиеттерде айтылады. Алла Тағалаға құлшылық жасауда, намаз оқуда таза киінудің маңыздылығын ерекше айтып өткен. Алла елшісі: «Ақ киім киіңіздер. Ақ түсті киім әдемі көрінеді, тазалық тұрғысынан да ыңғайлы. Мәйітті ақ түсті матамен кебіндеңіздер»,-деп ақ түс тазалықтың белгісі екендігін айтқан.
Ортаны ластамау туралы Алла елшісі: «Абайлаңыздар, қарғысқа ұшырағандардан болмаңыздар», – деп еді. Сахабалары қарғысқа ұшырағандардың кімдер екенін сұрағанда пайғамбары- мыз: «Ел жүретін жолға, ел көлеңкелейтін ағаштың түбіне, өзен-көлдің жағасына дәрет сындырып ластағандар»,-деп айналаны таза ұстауды бұйырған деседі. (Мүслим, тахарат, 68)
Тағы бір хадисте пайғамбарымыз: «Суға дәрет сындырмаңыз- дар. Себебі сол судан дәрет алу не болмаса ғұсыл алу қажет болып қалар деп ойламайсыздар ма?! Ешкім жүніп кезінде ыдысқа құйылған судың ішіне түсіп жуынбасын. Керісінше, бір ыдысқа су құйып алып, сол ыдыстағы суды өзінің денесіне құю арқылы жуынсын»,- деп судың тазалығына жалпы табиғатты сақтап, аялап құрметтеуді бұйырған. Сондықтан, сыртқы тазалығымыз бен айналаның тазалығына мән беру мұсылмандық борышымыз болып табылады.
Дәулет Қабидолдин,
«Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы.