Рамазан – мүмкіндіктер айы

 Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі ол – Рамазан айы.

Рамазан – мүмкіндіктер айы Алла Тағаланың мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше күндері мен айлары бар. Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі ол – Рамазан айы.

Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрбиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы.

Осымен қатар, Рамазан Құран айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде байыпталады. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, мың айдан да қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай. Құран Кәрімде Алла Тағала мүміндерге ораза тұту жайында былай дейді:

«Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине,сақтанарсыңдар».

Негізі ораза ұстаудың рухани һәм денсаулыққа пайдалары өте көп. Рухани пайдаларының бірі адам баласын сабырлыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Өйткені пенде күнін Алла Тағалаға иман еткен күйде аштықпен, шөліркеумен өткізеді. Пенде адамның ашуын тудыратын қандай да бір келеңсіз жайттарға тап болса, «Мен оразамын» деп сабырға келеді. Жалпы мұсылман қоғамында осы Рамазан айында қылмыс азаятыны белгілі. Өйткені Алланың мұсылман пенделері өзін және өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды. Нәпсісін тізгіндейді, мейірімді, кешірімді болады.

Құран Кәрімде Алла Тағала: «Олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық етушілерді сүйеді», – деп бұйырған.

«Ораза – қалқан. Пенде ораза ұстаумен тозаққа қалқан қояды».Осы хадистегі «қалқан» біздің сабыр-шыдамымыз болып табылады. Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы»,– деген. Демек, ораза иманнан туындайды. Иман тозақтан сақтайды. Мұсылман иманының қуатына қарай қылмыс пен күнәдан бойын аулақ ұстайды.Жүйкесін жұқартпайды, ашуын ақылға жеңдіре алады. Ораза ұстап аш жүрген кезде нәпсі қозбайтындықтан, адамның сабыр сақтауы көп қиындық туғызбайды. Аяқасты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы көл-көсір.

Оразамен аштыққа, шөлге т.б. түрлі ауыртпашылықтарға шыдай алған адам тосын жағдаяттарға тап болғанда сағы сына қоймайды. Ораза қиындықтарға шыдауға әбден шыңдалған, нәпсісіне ие бола алатын, ақиқатты өмірлік ұстаным деп біліп, одан таймайтын сегіз қырлы,бір сырлы әмбебап адамдарды тәрбиелеуде үлкен рөл ойнайды.

Рамазан – әр жылы қайта оралып,мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат ала таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Ораза болғаны үшін кешке дейін ішіп жемейді. Сондай-ақ, ашу-ызаға бой алдырмай, жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды. Өйткені Пайғамбарымыз صلى الله عليه وسلم» Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады»[9], – деп өсиет қалдырған. Бұл өсиет даналық бұлағындай болған біздің ауыз әдебиетімізде қалай өрілді екен, соған мән берсек.

Асан қайғы бабамыз бір жырында:

...Ашу – дұшпан, артынан

Түсіп кетсең қайтесің

Түбі жоқ терең қуысқа?!» – десе, Абай атамыз:

«Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос», – дейді.

Рамазан айында ораза арқылы төзiмдiлiк, шыдамдылық,сабырлылық, жанашырлық, тақуалық секiлдi iзгi қасиеттердi өн бойымызға жинауға тырысамыз. Рамазан – қайырымдылық, мейрiмдiлiк, ізгі амалдардың еселене жасалатын уағы. Сол арқылы сауабымыз артып,күнәларымыз кешiрiледі.

Сонымен қатар, ораза денсаулыққа да көп пайдалы. Мына кереметті қараңыз, қазіргі таңда Еуропада науқастарды аштықпен емдеу әдістәсілі кең етек жаюда. Бұл мәселеде кезінде XIX ғасырдың аяғында физотерапия саласының майталман маманы, неміс ғалымы Эрет Арнольд оразамен емдеу орталықтарын ашып,небір жазылмас науқастарды емдеп, бұл салада үлкен жетістіктерге жеткен. Сөйтіп, Эрет Батыстың көптеген елдері мен қалаларында (Fasting senter) орталықтарын ашқан.Эреттің ерекшелігі сол – Батыстың медицина саласының ең мықты 24 ғалымы оған жазылмайсың деп диагноз қойған созылмалы нефрит науқасынан осы аштықпен емделу (ораза ұстау) арқылы жазылып кеткен. Ал, мұсылман жұртшылығына Алла Тағала ешқандай ғылыми зерттеулер мен тәжірибелер өткізбей-ақ, жылына бір рет келетін қасиетті Рамазан айында ораза ұстау деген үлкен нығметін беріп қойған.

Ержан ИМАНҒАЛИЕВ,

«Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521