Атырауда Мәуліт рухани кеші өтті

Атырауда «Мақтаулы Мұхаммед» атты рухани Мәуліт кеші өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Атырау облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен іс шараға дін саласындағы мамандар, ақсақалдар, Әжелер мектебінің аналары, жергілікті тұрғындар қатысты.

Құран оқумен басталған шарада «Жастар» театры қойылым ұсынды. Кеш барысында Бақытбек Сәрсенов «Қашаған ақынның Есқали сопыға домбырасын қорғап айтқаны» термесін, ҚМДБ республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі Әбдімүтәліп Қайназарұлы насихат айтты. Сондай ақ, журналист Нұркен Мағриденұлы «Мүмкіндік монологы» шығармасын оқып берді.

Мәуліт айымен жұртшылықты Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы құттықтады.

«Мәуліт – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туылған күні ғана емес, ол бүкіл мұсылман үмбеті үшін қалдырған мұрасы мен өнегелі өмірін еске алатын маңызды дата. Мәуліт айында Пайғамбарымыздың өмір жолын еске алып қана қоймай, оның ізгі жолын өзімізге үлгі ету маңызды. Пайғамбарымыз әділдік пен өнегенің үлгісі, ол адамзат үшін жол көрсетуші нұр. Әр ісімізді, сөзімізді Пайғамбар өмірінен үлгі алуға арнауымыз қажет» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Рухани шара барысында дін саласында қызмет етіп, жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне атсалысып жүрген бір топ азаматқа Умра қажылығына жолдама және алғыс хаттар табыс етілді. Қасиетті Меккеге жолдама алғандар қатаында журналист Нұркен Мағриденұлы да бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT