Қазақ халқында күнделікті тұрмысқа қолданылған ырым-тыйымдар жетерлік. Олардың қатарында асқа байланыстылары да бар.
Атам қазақ "Асына қарап адамын таны" деп бекер айтпаған. Ендеше, дана халқымыздың тағамға байланысты ырым-тыйымдардың кейбірі төмендегідей.
Тәңертеңгі дәм үстіне келіп қалған адам қанша асығыс болса да, астан үлкен еместігін білдіріп, жақсылық үшін оң тізесін бүгіп, астан ауыз тиіп аттанады.
Сонымен қатар ас үстіне келіп қалған адамды "Мақтап жүреді екенсің",-деп құрметтеп жоғары шығарады, асқа шақырады.
Жер-Ананың сыйы ас атасы – нан аса қасиетті. Аяққа баспайды,киесі ұрады деп есептеген.
Тұзды бейберекет шашпайды, астың иманы – тұз деп қарайды. Тұз төгілсе ырыс төгіледі, дәм шамданады.
Ішіп отырған шайға шама түссе – қонақ келеді.
Қызға кәрі жілік ұстатпайды – оң жақта көп отырып қалады.
Балаға ми жегізбейді – былжыр, ынжық болмасын деген ниетте.
Ерлі-зайыпты адамдар таңғы асты ішіп отырғанда ұрыспайды, таңғы тірлік басталады, күн шуағымен өмірге бақыт келеді, ырыздық тасыған, көңіл шалқыған күн туады деп тәңертеңгі асты ойнап-күліп отырып ішеді. Сонда қабақтар жадырап, жақсы күн болады деп ырымдайды. Бұл отбасының берекесі үшін жасалған ырым.
Бiр жылда адамның көптеген арман тiлегi орындалып, мақсатына жетiп, табысқа кенелсе, сол жылды құт жылы санап ерекше еске алады. Құт-береке ортаймасын деген ырыммен сол жылдың атауы болған жануардың басына ақ құйып, ырым жасайды.
Егiннiң тұқымы үшiн бiреу қарызға дән сұраса ренжiмей бередi, дәндi адам емес, қара жер тiлеп жатыр деп ырымдайды.
Үйге кірген жыланды өлтірмей, басына сүт, айран, құйып шығару ырымы да бар. Бұл жерде ақ тағам – таза пиғыл, ақ тiлеудiң, жақсылыққа жорудың нышаны. Кейде үйге кірген жыланды өлтірмей, басына ақ құю жамандыққа жақсылықпен жауап берудің белгісі саналған.
Асты оң қолымен алып жейді, оң қолымен тамақ жеу, оң қолымен амандасу, есіктен оң аяқпен кіру, оң аяқпен шығу - осының бәрі ісім оң болсын деген ақ ниеттің ырымы.
Кетік, жырылған ыдыспен қонаққа ас бермейді, сыбаға сыйламайды. Қазақ халқында «жырық ыдыстың кетігінен сайтан қосарлана ас ішеді» деген түсінік қалыптасқан.
Түнде тамақтың бетiн жауып қояды. Ашық қалса, жаман, зұлым күш қонып, асты дуалап кетеді, оны жеген адам кеселге ұшырап, ұшынып, дерт жабысуы мүмкін деп сенген.
Шындығында, ата-бабамыздың қайсыбір ырым-тыйымы болмасын, бекер шықпаған. Астарына үңілер жан болса, әрбірінде үлкен тәрбиелік мән жатыр.
Жинақтаған: К.Сапар
Сурет:дереккөз