Ғаламтор желісі арқылы діни мағлұмат алуға болатынына сөз жоқ, келісемін. Бірақ қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігіне сүзгі жасарлықтай діни біліміміз болуы керек. Өкінішке орай, «мен білмеймін» деп айта алмаймыз. Соқыр сенімге еріп, «мен білемін» деп, ақыр соңында жардан жығылып, отбасылар ойрандалып, шаңырақтар ортасына түсіп жатыр. Неге? Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» деген екен.
«Мен білем» деп адасқанша, сәл күмәніміз болса, мешіт имамдарынан сұрағанымыз абзал. Біздер заң жөнінде білмейтінімізді заңгерден сұрауға арланбаймыз, физиктен сұраймыз, медицинаға байланысты сұрағымызды дәрігерге қоямыз, жауабына қанағаттанбасақ, облыс және одан әріге ұзай береміз. Ал діни сұраққа келгенде бәріміз білгішпіз. Шетімізден пәтуа беруге әзір тұрамыз. Ислам ғалымдары пәтуа берген сахабаларды пәтуаны көп бергендер, орташа бергендер, ал өмірінде бірекі пәтуа ғана бергендерді өте аз пәтуа берген деп үшке бөлген екен. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уассаллам) қасына еріп жүріп, хадистерін ең көп жеткізгендерден екі сахабаны мысалға алайық.
Пайғамбарымыздың аузынан шыққан сөзді жаттап жүрген Әбу Һурайра орташа, қасына еріп жүріп, хадистерді жазып алған Абдулла ибн Амр ибн Асс (Алла оларға разы болсын) бірекі пәтуа бергендер қатарында екен. Ал олардың қасында біз кімбіз? Пәтуа беру – Алланың атынан қол қою. Оның жауабы үлкен.
Теріс ағымдар ғаламтор желісіне бір ғана қызық сөзді жазып қоюы мүмкін. Сіз оған бір сұрақ қоюыңыз немесе бір пікір жазуыңыз мүмкін. Алғашқы сөз дінге қатысты болмауы да мүмкін. Негізінен теріс ағымдарды ұстанушылар әбден сенімге кіріп алғанша секем алатындай бөтен сөз жазбайды. Бірақ хат жазыса келе ол бейтаныс адам сіздің сауалдарыңызға жауап берер ұстазыңызға айналып кетеді. Тіпті саудасаттық туралы сөйлесіп жүрген адамыңыз да уақыт өте діни ұстазыңызға айналып кетуі мүмкін. Теріс ағымдардың сайттарын тізіп жаза бергенше, сізге жеткілікті болатын сайтты ғана ұсынайын.
Біздің Қазақстан Діни басқармасының muftyat.kz сайты бар. Осы сайттың жоғарғы тұсында «Әріптестер» дегенді бассаңыз, еліміздің бүкіл облыстық мешіттерінің сайттарын таба аласыз. Міне, осы жерден сіз бен бізге қажетті бүкіл мағлұмат табылады. Олардың ішінде muslim.kz, azan. kz секілді тама ша сайттар бар. Біздің облыстық мешіттің сайты oralislam деп аталады. Ғаламторға мүлдем кірме демейміз, кірейік. Заман ағымынан қалыс қалмайық. Бірақ ғаламторға телміреміз деп, тентіреп кетпейік!
Жоғарыда айтқан сайттарға немесе басқа сайттарға имамдардан сұрап барып кірсек, дұрыс болар еді. Ата-аналар арасында «Адаспау үшін баламызды діннен қашық ұстасақ болды» деген қате түсінік бар. Соның салдарынан мешіт жамағаты мен халықтың арасы алшақтап кетті.
Дін деген – өмір, өмір деген – дін екені ықылым заманнан бері атабабамыз ұстанған жолдан белгілі. Одан қашып құтыла алмаймыз. «Жаңақалада неге теріс ағымды ұстанушылар көп?» деген сұраққа мен: «Осы кезге дейін дәстүрлі исламға елден де, шетелден де демеу болған жоқ. Ал теріс ағымдарға шетелден қолдау болғандықтан ғана көбейіп отыр» деп жауап берер едім. Ал дұрыс жолдағы намазхандарымыз қиындықтан басқа ештеңе көрмей отыр. Біз атабабамыз ұстанған Ханафи мәзҺабына ел болып басымдық берсек қана діни теріс ағымдарға төтеп бере аламыз. құдайға шүкір, соңғы жылдары дәстүрлі ислам жолын ұстанған жастарымыз еселеп көбеюде. Бұл теріс ағымдарға қарсы көрсетер үлкен сес. «Көп қорқытады, терең батырады» деген. Ме шітке жұма намазына қатысып, имамның уағызын тыңдап, қолдан келгенше қолұшымызды берейік, ағайын!
Мешітті қолдау, имамға ұю арқылы ұл-қыздарымызды адасудан қорғай аламыз.
Мұратбек қажы ЖАХАТОВ, Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы.