Үтір тәрізді дерт те халықты әбігерге салды

Адам баласы жаратылғалы неше түрлі жұқпалы аурудан зардап шеккенін әке-шешелеріміз жыр қылып айтып отыратыны есімде.

Біздің жігіттік шағымызда да, елімізде тырысқақ ауруы таралды. Сол індеттің кесірінен дәл қазіргідей қала карантинге жабылып, қатынас қиындаған болатын. Тырысқақ - жер бетінде обадан кейінгі қатерлі аурулардың бірі екенін сол кезде естіп-білдік.

Ғалымдар мен тәжірибелі дәрігерлердің айтуынша, бұл індеттің ошағы Үндістан елі көрінеді. Тұрмыстық жағдайлары төмен, үйме-жүйме жаман үйлерде күнелтіп жүрген халық арасында үтір тәрізді микроб тез таралады екен.

Тырысқақпен ауырған адамның іші бүріп ауырып, адамды тырыстырып тастайды. Тарихи деректерден оқып көрсем, 1817-1926 жылдар арасында жер шарының халқы осы аурумен 6 рет ауырған. Ең соңғысы 1970 жылдары болып, біздің ауданымызға да салқынын тигізді. Дегенмен, дәл қазіргідей қатаң тыйым болған емес. Сол карантиннің кезінде менің үйлену тойым болды. Менімен қатар ұзатылу тойы болған құрбы қыздың болашақ жары Гурьев қаласында тұратын. Сол жігітті тойы болатынына қарамастан посттан өткізбей қалған көрінеді. Амалы құрыған күйеу жігіт Жайықтың бойын жағалап, қалыңдығына жаяу жеткен болатын.

Осы оқиға есімде қалып қойыпты. Кейін 2006 жылдары құс тұмауы деген пәле шықты. Мен ол кезде ветеринария саласында жұмыс жасаймын. Осы індеттің кезінде құс фабрикаларындағы ауру жұқтырған құстардан өртеп, құтылған жайымыз бар. Өз көзіммен көрген індеттің үшіншісі, осы Қытайдан таралған коронавирус. Бұл індеттің беті қатты болып тұр. Жұқтырған адамдар саны күн санап өсіп келеді. Әйтсе де жақсылықтан үміт үзбеген халықтың ұрпағы ретінде, бұл дертті де жеңетінімізге, көп ұзамай қалыпты тіршілігімізге оралатынымызға сенімім мол.

Қобылан СИСЕНОВ,

ауыл ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT