Түйесі ауырғанның иесі де ауырады

Оба (чума) – түйенің өте қауіпті, жіті түрде өршитін жұқпалы індет.

Ауруға шалдыққан түйенің өкпесі қабынады және түрлі органдар мен ұлпаларға қан құйылады. Қоздырғышы бактерияның пестис тобына жататын – версиниа пастерелла. Оба адамға да өте қауіпті. Обамен 300-ден астам түрлі кеміргіштер ауырып, жайылым шөбін ластайды. Әсіресе, осы аурумен ауыратын бүрге және кене шаққанда мал кеселге шалдығады. Бүргелерде оба ауруының қоздырғышы 1 жыл бойы өсіп-жетіліп, сақталады. Обадан жазылған мал осы ауруға қарсы тұру қабілетін 6 айға дейін сақтайды. Табиғи жағдайда індеттің жасырын өршу кезеңі 3 – 10 күнге созылады. Ауру жіті, жітілеу және созылмалы түрде өтеді. Түйенің бүрге шаққан жері 2 – 3 күннен соң ісініп, дене қызуы 41,50С-қа дейін көтеріліп, жүні жығылып, ас-судан қалып, қасындағыларға ере алмай қалады. Күйіс қайтармайды. Буаз інгендер іш тастайды. Өкпе зақымдалса тыныс алуы жиілейді, жөтеледі, мұрнынан сұйықтық ағады. Жүректің соғу ырғағы бұзылып, тамыр соғуы жиілейді. Ауру түйенің іші өтіп, тез арықтайды. Аурудың жіті түрінде түйе 2 – 3 күнде өледі. Ал созылмалы түрінде малдың жағдайы жақсарып, бірте-бірте жазылып кетеді. Жазылған түйелерде берік иммунитет пайда болады. Ауру эпизоотологиясы мен эпидемиологиясы сыртқы белгілері және сойғанда ішкі ағзалардағы өзгерістер ескеріліп, бактериологиялық зерттеудің негізінде анықталады. Аурудың алдын алу үшін санитарлық-гигиеналық шараларын жүзеге асырып, кеміргіштерге қарсы күрес жүргізеді. Ауру шыққан пунктке шектеу қойылып, барлық түйелер тірі вакцинамен егіледі. Обамен ауырған және сол аурудан күдігі бар мал дереу оқшауланады немесе сойып тасталады. Өлген малдың өлексесін терісін сыпырмай өртеп жіберу керек. Қора-жай мен аулалар тазартылып, лизолдың немесе күйдіргіш натридың 5%-дық ерітіндісімен, хлорлы әктің 20%-дық ерітіндісімен, формальдегидтің 1%-дық ерітіндісімен залалсыздандырылады. Түйелер аптасына кемінде бір рет кенеге қарсы егіледі. Оба ауруы тараған аймақта түйе сүтін тек қайнатып қана ішуге болады.

Обамен ауырған түйеден сақтану шаралары

-Ауру түйені сау түйелерден жеке ұстау керек.

-Ауру түйені дереу мал дәрігеріне көрсету керек. Міндетті түрде ауру малды оба ауруына қарсы жұмыс жүргізіп жүрген адам дәрігерлеріне де көрсету керек.

-Мал дәрігерінің рұқсатынсыз ауру түйені союға болмайды.

-Обадан өлген түйені сою үшін мал дәрігерімен қатар міндетті түрде оба ауруына қарсы күресетін адам дәрігерінің де рұқсаты болуы керек.

-Обамен ауырған немесе өлген түйемен араласқан түйелерге жедел обаға қарсы вакцина ектіру керек.

-Обадан өлген түйенің еті, жүн терісін жағып, өртеп жіберулері тиіс.

-Обамен ауырған түйені күткен адамдар белгілі мерзімге дейін дәрігерлердің бақылауына алынады.

Б.СҮЙЕУОВ,

обаға қарсы күрес бөлімшесінің дәрігері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT