Бұл туралы бүгінгі брифинг барысында Денсаулық сақтау басқармасының Қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту және мемлекеттік бағдарламаларды мониторингілеу бөлімінің басшысы Ерлан Меңдіғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Атырауға 1 ақпаннан бастап вакцинаның 207 мың алғашқы және 158 мың екінші компоненті жеткізілді. Облыста 59 екпе нысаны болса, соның 10-ы – жылжымалы. Бүгінде 168 мың атыраулық екпенің бірінші, ал, 122 мыңы екінші компонентімен қамтылды. Екпе алуға жататын тұрғындар үлесі өңір халқының 59 пайызын құрайды» деді спикер.
Жалпы, соңғы аптада ауру жұқтыру көрсеткіші 14,7 пайызға өсіп отыр.
«Кеше, 17 тамыз күні қосымша 10 мың доза «Спутник» вакцинасының екінші компоненті мен 10 мың доза «Vero Cell» вакцинасы әкелінді. Облыс әкімдігімен қазір қала мен аудан деңгейінде екпе алу рейтингі шығарылып, бағалау жүргізілуде. Облыста 3500 тұрғын вакцинамен қамтылса, соңғы он күндікте күн сайын 1500 атыраулық екпе алып отыр» деп толықтырды бөлім басшысы.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ