«Рfіzer» вакцинасы – жүз пайыз зерттелген өнім

ҚАЗІР АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА КОРОНАВИРУС ІНДЕТІ ТӨМЕНДЕДІ.

БІРАҚ «АУРУ ТОЛЫҚ ЖОЙЫЛДЫ» ДЕП АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛУҒА МҮЛДЕМ БОЛМАЙДЫ. БҮГІНДЕ БҰЛ ІНДЕТ ТҰМАУМЕН АРАЛАСЫП ЖАТЫР. КӨП АДАМ «ТҰМАУРАТЫП ЖҮРМІН» ДЕП ЕСЕПТЕП, ДӘРІГЕРГЕ КӨРІНУГЕ ОНША АСЫҚПАЙДЫ. СӨЙТІП, АУРУЫН ОДАН САЙЫН АСҚЫНДЫРЫП АЛЫП ЖАТАДЫ. АТЫРАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ МОДУЛЬДІК АУРУХАНАНЫҢ 20 ТӨСЕКТІК ОРНЫ ӘЛІ САҚТАЛЫП ТҰР. АЛ НАУҚАСТАНҒАН АДАМДАР БІРДЕН СОНДА ТҮСЕДІ.

Қазіргі уақытта балалар арасында сырқаттанушылық басым. Сондықтан балаларымызды қауіпті індеттен сақтап, вакцина салдыртуға асығайық дегім келеді. Жүкті әйелдерде коронавирус өте ауыр түрде өтетінін білеміз. Сондықтан олар өз өмірі үшін, құрсағындағы сәбиі үшін «Pfizer»екпесін алуы тиіс. Өткен жылы қаншама жас ана құрсағындағы сәбиімен, кейбірі босанған соң көз жұмды. Вакцинаның бес түрі бар. «Рfіzer» вакцинасын 74-тен аса мемлекетке қолдануға рұқсат берілген. Елімізде «Рfіzer» 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге, лактация кезеңіндегі әйелдерге салу басталды. Жалпы Қазақстанда 12-18 жас аралығындағы 2 млн бала аталмыш екпені қабылдайды деп күтілуде. Коронавирус жұқтырған жасөспірімдер ересектердей ауыр сатыдан өтуі мүмкін. Басқа аурулары да асқынуы ғажап емес. Бұл вакцина бірінші кезекте балаларға(1-11 жас) емес, жасөспірімдерге(12-18 жас) салынуы қажет. Өйткені, оларға вирус жұқса, ересектер секілді ауырады. Ал балалар туғаннан дарыған иммунитеті мықты, сондықтан оларға вирус жұқса да иммунитеті тез төтеп береді. Алайда вирус мутацияланып асқынса, қауіп артады. Коронавирус оларға ауыр зардап тигізуі мүмкін. Атаанасының рұқсатымен вакцина алғаны дұрыс. Жүкті әйелдерде жатырдағы бала өсіп жатқасын анасында ентігу пайда болады, өкпесі кішірейеді. Бұл коронавирус пен тұмаудың асқынуына жеткізеді. Жүктіліктің 16-37 апта аралығында вакцина алғаны құпталады. Мұндайда әйелге ғана емес, іштегі балаға зиян тиеді. Бір жасқа дейінгі балалар үшін кез келген инфекция қауіпті. Оған алдымен вирус жұқтыратын анасы, сол үшін анасы вирусқа қарсы вакцина алуы маңызды. Вакцина ана сүтіне енбейді. Керісінше ол әйелдің ағзасында антидене түзіп, балаға беріледі. Бала емізіп жүрген аналар вакцинаны босанғанына 42 күн өткенде ғана алғаны дұрыс.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 –ға қарсы Pfizer вакцинасын халықтың барлық тобына созылмалы ауруы бар адамдарға қауіпсіз, тиімді екенін хабарлады. ДДСҰ әуелі вирус жұқтыруы қаупі жоғары медициналық, санитар қызметкерлерге, егде жастағы адамдарға егуге кеңес берді. Бұл вакцина бала емізіп жүрген аналар үшін тиімді. ДДСҰ вакцина алу үшін баланы емізуді тоқтатпауға кеңес беріп отыр. Бұл вакцинаның кері, жанама әсері бар ма? Жалпы екпе салған жердің ауырсынуы, қызу, 2-4 күн әлсіздік болуы мүмкін. Әйелдерге жүктіліктің алғашқы аптасында, босанғаннан кейін 42 күн өтпестен вакцина алуына болмайды. Сондай-ақ созылмалы ауруы өршуі, аллергиясы болса, вакцина алмағаны дұрыс. Қант диабеті, гипертензия сияқты созылмалы дерті болса, дәрігердің бақылауымен алғаны жөн. Pfizer вакцинасын әлемнің 142 елінде қолдануға рұқсат етілген, вакцинаны ДДСҰ ұсынған. Вакцинаның қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық консультативтік комитет оның сапасы мен қауіпсіздігін мұқият зерттеген. Pfizer-дің SARS-CoV2-нің инфекциясына қатысты тиімділігі – 95 пайыз. Бұл екпе COVID-19-дың алдын алуға, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға, ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға арналған. Әлем елдері бұл вакцинаны алу үшін ұзынсонар кезекте тұр. Қазақстанның күштілігі сонда, «Рfіzer»-ді 70 пайыз суықта сақтап, тасымалдап,азаматтардың денсаулығы үшін елімізге жеткізіп отыр. Бұл вакцинаны салдырудан қорқудың қажеті жоқ. Социалистік блокта болған елдерде вакциналау төмен. Себебі неде? Өйткені, халық үкіметке сенбейді, одан да алып-қашпа сөздерге көбірек мән береді. Өзім Спутник-V вакцинасын алдым. Ал ревакцинацияның мерзімі әлі жеткен жоқ. Келер жылы алуды жоспарлап отырмын. Отбасымда әйелім, екі қыз, екі ұлым, екі келінім бар, бәрі де вакцина алды.

Жуырда Алматы қаласында С.Асфендияров атындағы медицина университетінде оқитын қызым Шакизада Pfizer вакцинасын салдырды. Шынын айту керек, вакцина дерттен 100 пайыз қорғамайды. Бірақ екпе алмағандарға қарағанда 90-99 пайыз вакцина салдырғандар бұл індеттің жеңіл түрімен ғана ауыратынын айта кетсем деймін. Екпе алсам да мен осы жылдың маусым айында қатты ауырып тұрдым. Өзім үш-төрт күн ауырған кезде бес келідей салмақ тастаппын. Бір жағынан маған алған вакцинаның да көп көмегі тиді деп ойлаймын. Өткен жылы індетке қарсы дайындық шаралары өз деңгейінде жүргізілмеді. Халық арасында түсінік жұмыстары дұрыс ұйымдастырылған жоқ. Қажетті дәрі-дәрмек қоймаларда жатқанмен, емдеу хаттамасына әлемдік, тіпті пандемия ерте басталған көрші Ресей тәжірибесіне сай уақытылы толықтырулар мен өзгертулер енгізілмеді. Жаттығу жұмыстары тек қағаз жүзінде ғана жүрді. Әлеуметтік желілерде теріс, кереғар пікірлер көптеп айтылып, соның әсерімен халықтың карантиндік шараларға деген көзқарасы өзгерді. Көпшілік көңіліне үрей мен қорқыныш ұялады. Дәрумен тапшылығы әсіресе, Д дәрумені жетіспеушілігі орын алды. Мұның өзі иммундық жүйені төмендетті. Науқастарды емдеу хаттамасы дұрыс толтырылмады, дәрі-дәрмек, медициналық құралжабдықтар, оттегі тыныс алу аппараттары, сырқатты күтіп-баптайтын дәрігерлер мен медбикелер жетіспеді. Тағы бір айтарым, алғашқы дәрігерлік көмек пен жедел жәрдем көмегі деңгейін де сапалы сұрыптау керек. Вирус жұқтырған адаммен алғашқы кездескен дәрігер оның болжамды жұқтыру орнын, жас ерекшелігін, қосымша сырқаттарымен дәрігерлік көмекке жүгіну мерзімі мен жағдайын, ПТР, КТ т.б. зерттеу нәтижелерін сараптай отырып, медициналық болжам жасай білуі қажет. Бұл өте маңызды. Әр толқынның ұзақтығы 72-75 тәулікті құрайды, вирус жаңа қауіпті штамдары пайда болған сайын өзгеріп отыруы мүмкін. Біз пандемияның ІІІ толқынын өткерудеміз. Әр толқынның басталу, шарықтау, бәсеңдеу кезеңі болады. Мұны өткен пандемия байқатты. Көпшілік арасында әлі де болса, күмәнді ойларын көрсетіп жүргендер бар.

Коронавирус –адамзатты қырып салу емес, бір ағзада көбейіп, екіншісіне жұғып, осылайша «ұрпағын» жалғастыруды көздейтін індет. Дәрігер ретінде айтарым, екпе алудың толық қауіпсіз, оны алу арқылы адам тек өзін ғана емес, қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін ұмытпаған дұрыс. Вакцина алған адамның аурудың ауыр түрінен сақтанатынын, ауруханада жөтел қысқанда кеудеңізді керіп, терең тыныстай алмаған сәтіңізден қиын нәрсе болмайтынын еске салғым келеді. Індеттен сақтанып жүріңіздер, ауырмаңыздар, ағайын!

 

Марат ШУАҚБАЕВ,

облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың балалар бөлімі меңгерушісі,

фтизиопедиатр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521