Екпеге неге енжар қараймыз?
Соңғы жылдары әлеуметтік желі арқылы инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық екпеден кейін балалардың жағдайлары нашарлап кеткені туралы ақпараттардың жиі тарауы ата-аналардың жүрегіне қорқыныш ұялатып, екпе салдырудан бас тартуына әкеліп соғуда. Алайда, денсаулық сақтау қызметкерлері, жұқпалы аурулардан қорғану үшін қолданылатын екпенің зияны жоқ екенін айтады. Мамандардың айтуынша, екпе салдырмаудың белең алуы тұтас ұлттың болашағына қауіп төндіреді. Олай болса, ел неге екпеден үркеді? Көптің көкейіндегі осы және өзге де сұрақтарға аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гүлшат Ажигалиева жауап береді.
- Аудандағы жалпы эпидемиологиялық ахуал туралы айтып өтсеңіз?
- Махамбет ауданы бойынша 2019 жыл қорытындысымен эпидемиологиялық ахуал тұрақты болды. Сары ауру, сіреспе, көкжөтел, қызамық, ротавирус жұқпасы және оба, құтырма, сібір жарасы, бруцеллез сияқты аса қауіпті жұқпалы аурулар, ұйымдасқан ұжымдарда тамақтан улану, топтық өткір ішек аурулар жағдайы тіркелген жоқ. Алайда қызылша ауруының 62 жағдайы тіркеліп, 100 халыққа шаққанда көрсеткіш 178,2 болды, облыстық көрсеткіш 120,9. Ауырғандардың 14-і, яғни 22,5% қызылша ауруына қарсы тиісті екпелерін алмағандар. Туберкулез ауруы өткен жылмен салыстырғанда 23,8 % артып отыр. 2018 жылы 1 бала және 1 жасөспірім туберкулез ауруымен ауырса, 2019 жылы 2 бала және 2 жасөспірім осы дертпен аурушылығы тіркелді. 2020 жылдың қаңтар айында бір жасқа дейінгі баланың көкжөтел ауруы тіркеліп отыр.
- Балалар мен ересектерді екпемен қамту жұмыстары қалай жүргізілуде?
-Ауданда мақсатты топтағы балаларды және ересектерді жұқпалы ауруларға қарсы егу жоспарға сәйкес жүргізілуде. Дегенменен де діни көзқарастарына байланысты және дәлелсіз себептермен екпеден бас тартушылар бар. Олар баланы жұқпалы аурулардан қорғаудан айырып қана қоймай, басқа балаларды да қауіпке ұшыратады. Осылайша қоғамда инфекциялық аурулардың таралуына жағдай туғызып, балалар өлімінің ұлғаюына және жалпы денсаулықтың төмендеуіне соқтыруы мүмкін. Бұған қоса емдеу алдын алу ұйымдарында екпе жұмысына тұрақты жауапты маманның болмауы екпе жұмысының жүйелі жүргізілуіне кері әсерін тигізіп отырған жайы бар. Ақтоғай, Сарытоғай, Алмалы, Жалғансай дәрігерлік емханалары өздерінде жоқ болғандықтан тыс жерден келіп егетін мамандарға тәуелді.
- Екпені не үшін салады? Екпені салдырмаса не болады?
-Екпе егу-адамзатты жұқпалы аурулардан қорғау және алдын алу үшін жүргізіледі. Көптеген ата-аналар балаларына «вакцина салдыру керек пе, әлде оның қажеті жоқ па?» деген таңдауды бастарынан өткізеді. Бір жағынан баланы жұқпалы аурулардан қорғау ниеті болса, екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желідегі жаңсақ пікірлерден кейін туындаған – екпе егуден кейін болатын өтпелі жағымсыз әсерлерден қорқу. Әр ата-ана өздері бала кезінде жұқпаларға қарсы вакцина алған, қазіргі таңда соның арқасында олар көптеген жұқпалы аурулардан қорғалған. Екпе алу немесе алмау әркімнің өз шешімі, бірақ екпеден бас тарту кезінде жақсылап ойланып, жұқпалы ауруларды жұқтыру және аурудың асқыну қауіпін ескеру қажет. Ескеретін тағы бір жайт, тұрғындарды екпе егумен толық көлемде қамтымау - жылдар бойы тұрғындар арасында жұқпаға сезімтал адамдардың көбеюіне әкеліп соқтырады, соның салдарынан жұқпалы аурулар бойынша аурушаңдық деңгейінің күрт өсуі туындайды. Екпелер – медицина ғылымының сөзсіз жетістігі, соның арқасында көптеген адамдардың өмірін құтқаруға болады. Иммунопрофилактика халықтың эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге қабілетті және балалардың жұқпалы аурушыңдығын төмендетудiң ең тиiмдi тәсілдерінің бiрi болып табылады, бұл көп жылдық тәжiрибемен дәлелденген. Имунитетті арттыру, яғни екпе жасау қауіпті аурулардың алдын алудың бірден-бір шарты. Бұл бүгінгі күндері тәжірибеге енген тәсіл емес. Мұны ертеректе сонау 18 ғасырда пайдаланған. Қазір осы екпенің арқасында балалар арасындағы бұрын қауіпті ауру болып есептелетін қызылша, сүзек сияқты аурулардың әсері азайған.
- Еліміздегі балаларға салынып жүрген екпелер қайдан әкелінеді?
-Қазақстан Республикасында инфекциялық ауруларға қарсы бір ғана вакцина шығарылады. Ол – обаға қарсы вакцина. Ал басқа вакциналар Франция, Бельгия, Үндістан, Ресей, Корея және Жапониядан әкелінеді.
- Шетелде өндірілген вакциналар қандай да бір тексеруден өте ме?
-ҚРДСМ ДДСҰ сертификтталған вакциналарды сатып алады. Профилактикалық егулер жүргізу үшін ҚР Денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген медициналық иммундық-биологиялық препараттар пайдаланылады. Мемлекеттік тіркеу кезінде вакцинаға көп кезеңдік зертханалық тексеру жүргізіледі. Шетелден сатып алынған вакциналардың әрбір партиясы дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығында арнайы тексеріледі. Вакцинаның қауіпсіздігі расталған кезде ғана республиканың медицина ұйымдарына таратылады. Емдеу алдын алу ұйымдарында профилактикалық егуді жоғары немесе орта медициналық білімі бар, егуді жүргізу техникасы ережелеріне, вакцинадан кейінгі реакциялар мен асқынулар дамыған жағдайда кезек күттірмейтін көмек тәсілдеріне оқытылған, егулерді жүргізуге рұқсаты бар адамдар жүргізеді.
- Вакцинаның құрамында не бар?
-Вакцинаның құрамына әлсіздендірілген немесе өлтірілген микроағзалар немесе олардың ауру шақыруға қауқары жоқ тіршілік әрекетінің өнімдері кіреді. Вакцинаны ағзаға еккенде, иммундық жүйенің жұмыс механизмі іске қосылады. Ол кезде дәрмектің құрамына енетін микроағзаларға қарсы денелер шығарыла бастайды. Алдын алу екпелерінің ұлттық күнтізбесі белгілі бір инфекцияны жұқтыру қаупі анағұрлым жоғары болған мезгілдерге шақталып құрастырылған.
- Неліктен екпелер нәресте кезде маңызды?
- Дүниеге келгеннен соң бір күн ішінде салынған БЦЖ вакцинасы баланы туберкулездік менингит және көптеген оқшаулары бар милиарлық туберкулез секілді аурулардан сақтап қала алады. Бұл дерттерді емдеу өте ұзақ уақытты қажет етеді және жанама әсерлерге ие. Бұл вакцинаны ересек адамға ексе, ол ондай күшті әсер бермейді. Сонымен қатар В гепатитіне қарсы вакцина да баланың дүниеге келгеннен бірінші күні салынса, бұл дерттен аман алып қалады. Бүгінгі таңда алдын алу екпелерінің ұлттық күнтізбесіне полиомиелит, көкжөтел, сіреспе, қызылша және басқа да дерттерден сақтайтын вакциналар кіреді. Екпеден бас тарту баланың осы аурулардың бірін жұқтыруына алып келеді. Статистикаға сүйенетін болсақ, полиомиелитті жұқтыру кезінде 200 оқиғаның бірінде аяқтың сал ауруына әкеп соғуы мүмкін. Полиомиелиттің салдарынан аяғы тартылып қалғандардың 5-10%-ы біртіндеп тыныс алу жолдары бұлшық еттерінің тартылуынан көз жұмады. Полиомиелит су, ауа-тамшылар арқылы, сондай-ақ жұқтырған адамның тіршілік өнімдерінен жұғуы мүмкін. Көкжөтел жұқтырған балаларда өкпе қабынуы дамып, энцефалопатия (бас миының зақымдануы), тырыспа пайда болады. Көк жөтелдің асқынуы қайғылы оқиғаға әкеп соғуы мүмкін. Бұл дерттен қайтыс болу оқиғалары көбінесе бала бір жасқа толғанша болады.
- Ел аумағында екпенің кері әсерінен сәбилер шетінеген немесе сал болып қалған деректер тіркелген бе?
-Республика бойынша вакцинациялаумен қамту деңгейін, сондай-ақ вакцинадан кейінгі кезеңде тіркелетін реакцияларды мониторингілеу жүргізіліп отырады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, республикада вакцинациялаудан кейін көз жұмған балалар туралы мәлімет тіркелмеген. Вакцина енгізілгеннен кейін қолданушылар денсаулығына шағымдана алады. Шағым түскен әрбір жағдай арнайы комиссиямен тексеріледі, денсаулық күйінің ауытқу себептері анықталады.
- Екпеден кейін қандай асқынулар болуы мүмкін?
- Профилактикалық екпеден кейін жергілікті және жалпы реакциялар дамуы мүмкін. Дифтерияға қарсы егуден кейін 38°С-ге дейін дене қызуының көтерілуі, ал қызылшаға мен паротитке қарсы егулерден кейін екпе енгізілген орынның қызаруы, реакциялар болуы мүмкін. Ал полиомиелитке қарсы егуден іс жүзінде реакциялар жоқ, қызамыққа қарсы екпеден кейін қызару, бөртпе, лимфотүйіндердің үлкеюі мүмкін. Вакцинаны енгізгеннен кейінгі пайда болатын реакцияларды инфекциялардан кейін дамитын асқынулармен салыстыру мүмкін емес. Дифтериямен науқастанғаннан кейінгі өлім-жітім 30%, жүректің зақымдануы 60% жетеді, сіреспемен науқастанғандардың 25-70% -ы қайтыс болады. Полиомиелитпен ауырған адамдардың 100% да өмір бойына сал болып қалады.
- Асқыну болмау үшін алдын ала анализ тапсыру керек пе?
- Бір миллион адамға жасалған вакцинаның ішінде тек біреуі аллергиялық реакция береді. Әлемнің көптеген елдерінде вакцинацияға аллергиялық анализдер жасалмайды. Ал балада екпеден кейін аллергия басталса, дәрігер дереу қажетті ем береді. Профилактикалық егулерді жүргізу алдында егілетін адамның медициналық құжатына профилактикалық егуді жүргізуге рұқсатты ресімдей отырып, егілетін адамды міндетті түрде дәрігер, ал ол болмаған кезде фельдшер тексеріп қарауды жүргізеді. Сондай-ақ медицина қызметкері вакцина ампуласының (сауыттың) бүтіндігін, жарамдылық мерзімін, таңбалануын, вакцинаның ерітіндіге және қоса берілген нұсқаулыққа сәйкестігін мұқият тексереді. Профилактикалық егулер жүргізу алдында егілетін адамды медициналық зерттеп, қарау ол денсаулығының жай-күйінің нашарлауына шағымданған жағдайда немесе аурудың объективті симптомдары бар болған кезде жүргізіледі. Егілген адамдар вакцинациялаудан кейінгі реакциялар мен асқынулар пайда болған жағдайда шаралар қабылдау үшін өздері профилактикалық егулер алған медициналық ұйымда 30 минут бойы бақылауда болады.
- Балаларына екпе салдырудан бас тартып жатқан ата-аналар бар ма? Болса қай ауылда көбірек?
-Жүргізілген түсінік жұмыстарына қарамастан балаларына екпе салдырудан бас тартып отырған ата-аналар соңғы үш жылда Махамбет ауылы, Алмалы, Береке ауылдарында жиі кездесетін болса, Таңдай, Бейбарыс, Жалғансай ауылдарында да бар. Алға,Ортақшыл, Ақтоғай, Сарытоғай, Талдыкөл, Ақжайық ауылдарында 1-3 жағдайдан орын алып отыр.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Б.Сүйеуова