«Қант диабеті XXI ғасырдың қауіпті дерті»

14 – Қараша Бүкіл әлемдік Қант диабеті дертімен күрес күні.

Қант диабеті (Саусамыр) - қазіргі таңда дүние жүзі бойынша жыл сайын миллионнан аса адам көз жұматын және де ол ауыруға кез келген адам ұшырауы мүмкін аса қауіпті ғасыр дерті болып отыр.

Қант диабетімен ауыратындар саны өсу үстінде: бүгінде Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынща әлемде қант диабетіне - 422 миллион адам ұшыраған - бұл осындан 40 жыл бұрынғы саннан төрт есеге көп екен. Қазақстан Республикасында Ұлттық қант диабеті регистрінің мәліметінше, жыл басында еліміз бойынша қант диабеті деген диагнозбен есепте тұрғандар саны 309 мыңға жетіп жығылған. Оның 18 мыңы бірінші типтегі диабетпен, 291 мыңы екінші типпен ауырады. Екінші типтегі диабетке шалдыққандардың 65 пайызы – әйелдер. Сусамырға шалдыққан отандастарымыздың 6 мыңға жуығы катарактадан зардап шексе, 3 мыңы инфаркт алған. Бір мың адамның аяғы немесе қолы кесілген. Қазақстанда қант диабеті тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан пациенттерге 48 түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин де бар. Бүкіл әлемдік қант диабетімен күрес күні қарсаңында біз «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы Атырау облысының бас шаттан тыс эндокринологі, Атырау облыстық № 2 – ші ауруханасының эндикринолог – дәрігері, эндикринология бойынша Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің тәуелсіз сарапшысы, «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі», Ұлттық медицина Ассоциациясы «Алтын дәрігер» белгісінің иегері Анна Васильевна Чичибабинамен сұхбаттасқанды жөн санадық.

- Анна Васильевна, қант диабетінің дамуына ықпал ететін себептер мен факторлар туралы айтыңызшы?

-Қант диабеті – бұл эндокриндік ауру, ұйқы безі бөлетін гормон – инсуллиннің мүлдем бөлінбей қалуынан не болмаса жеткіліксіз түрде бөлінуінен қандағы қант деңгейінің көтерілуі. Сусамыр дерті организмдегі барлық зат алмасу үдерістерінің бұзылуына әкеледі, қан тамырларын, жүйке жүйесін және ағза мүшелерін зақымдайды. Бұл дерттің нақты пайда болу себептері белгісіз болып қалып отыр. Диабет біздің ағзамыз қандағы секердің (глюкоза) деңгейін реттей алмайтын кезде пайда болады. Қант диабетінің дамуына ықпал ететін факторлар: тұқымқуалаушы биімділік, қалыпты салмақты арттыру (семіру), артық май құрамы бар тағамдарды көп пайдалану, жиі жүйкелік стрестер, инфекциялық ауырулар, жүрек-қан тамырлары ауырулары.

- Анна Васильевна, Атырау облысындағы Қант диабеті дертімен ауыратындар статистикасына тоқталсаңыз.

-Иа, күні бүгінде Атырау облысында бұл дертке шалдыққандар саны көп болып отыр. Нақты статистикалық есепке жүгінсек, 2019 жылдың соңғы 6 айы ішінде Атырау қаласы мен облысы бойынша қант диабетімен барлығы – 9215 адам тіркеуде тұр. Атырау қаласында – 5997 адам тіркеуде. Осы дерттің салдарынан биылдың өзінде көз жұмғандар саны – 118 адам. Тіркеуде тұрғандар ішінде сәбилер саны - 94 бала, жасөспірімдер саны – 24 жеткіншек. Инсулин қажет етуші типтегілер саны – 1947 адам. Қазіргі таңдағы нақты деректер осындай.

- Анна Васильевна, қант диабетінің неше түрі бар және бұл дерттің алдын алу жолдары қандай?

-Диабет инсулиннің асқазан асты безінен жеткілікті мөлшерде бөлінбеуі салдарынан басталады. Бұл дерт негізгі екі түрге бөлінеді. Инсулинге тәуелді диабет (қант диабеті 1- ші түрі) негізінен балалар мен жас адамдарда дамиды; Инсулинге тәуелді емес диабет (қант диабеті 2- ші түрі) әдетте 40-тан асқан, артық салмағы бар адамдарда дамиды. Бұл аса көп таралған аурудың түрі (80-85% жағдайда кездеседі); 1 – ші түрдегі қант диабетінде, ұйқы безі жұмысының бұзылуына байланысты инсулиннің абсолюттік жетімсіздігінен болады. 2 –ші түрдегі қант диабетінде инсулиннің қатысты жетімсіздігі байқалады. Ұйқы безінің тіндері бұл кезде инсулинді (кейде тіпті артық мөлшерде) жеткілікті бөледі. Диабет белгілерін байқаған жағдайда эндокринолог-дәрігерге қаралу қажет. Ең алдымен қандағы қант мөлшерін анықтау үшін анализ тапсырасыз (қанды аш қарынға тапсырады). Диабетті үнемі диетаның, жаттығулар мен дәрі-дәрмектер көмегімен емдеуге, сол арқылы оның асқынуына жол бермеуге болады. Диабетпен өмір сүруге болады. Бірақ ол тәртіп пен өзін-өзі бақылауды талап етеді. Барлықтарыңызға зор денсаулық тілеймін.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы

Байланыс телефондары: : 8/7122/ 956 936, 8/7122/ 956 931.

Бірыңғай 

байланыс нөмірі – 1406.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT