Pfizer вирусологы жүкті әйелдер мен балалар екпесі туралы айтты

Коронавирусқа қарсы екпеге байланысты сұрақтар әлі де толастаған жоқ.

Кейінгі 3 айдың өзінде COVID-19 індетінің бірнеше жаңа штамы табылды. Вакцинацияға салғырт қарап, сенімсіздік танытып жүргендер де аз емес. Tengrinews.kz тілшісі америкалық вирусолог, Pfizer фармацевтика компаниясының вакциналар ғылыми тобының директоры Кент Хантермен сұхбаттасып, коронавирусқа қарсы екпе жайында сұрады.

Кент Хантер АҚШ-тың Батыс Виргиния штатындағы Моргантаун қаласында туған. Биыл фармацевтика саласында жүргеніне 35 жыл толады. Ал Pfizer-де 2000 жылдан бері түрлі қызметті атқарып келеді. Кейіпкеріміз 2014 жылы биофармакологияда Нобель сыйлығымен тең бағаланатын Prix Galien премиясын жеңіп алған команданың ғылыми жетекшісі ретінде танымал.  

Оның айтуынша, BioNTech пен Pfizer компанияларының бірлескен өнімі коронавирусты біржола жояды.

"Пандемияны ауыздықтай алатын вакцина бар болса, ол - Pfizer, өйткені біздің екпенің құрамында тірі вирустар жоқ. SARS-CoV-2 вирусының маңызды генетикалық кодтарынан ғана тұратын Pfizer иммунды жүйеге дер кезінде сигнал береді және ағзаның зат алмасу процесіне кедергі жасамайды. Жақын аралықта Pfizer 2 жылға созылған коронавирусқа қарсы соғыстың соңғы нүктесін қоюы мүмкін", - деп сөзін бастады ол.

"ДДСҰ біздің вакцинаны бірінші мойындап, ерекше статуспен айшықтады. Содан кейін әлемнің түкпір-түкпірінен тапсырыс берген мемлекеттер қатары арта берді. Бұл бізге артылған сенімді білдірсе керек. Қазір біздің қызметкерлер күн сайынғы ауысыммен жұмыс істеп жатыр", - дейді Хантер.

Pfizer вакцинасының ерекшелігі

Хантер Pfizer екпесінің өзге вакциналардан артықшылығын атады.

"Клиникалық сараптамалар Pfizer екпесінің 12 жастан асқан адамдарға аса тиімді екенін көрсеткен еді. Екі компонентті толық алған адамдарда коронавирус жұқтыру қаупі вакциналанбағандарға қарағанда 97 пайызға төмен болады. Сондай-ақ, екпе 65 жастан асқан адамдарға да, созылмалы ауруы барларға да бірдей тиімді әсер етті. Әзірше мұндай нәтижеге ешқандай зертхана қол жеткізген жоқ", - дейді америкалық вирусолог.

Оның айтуынша, тіпті, мақтаулы Pfizer-дің өзі де 100 пайызға кепілдік бере алмайды.  

"Десе де, ешқандай вакцина толықтай тиімді емес, сондықтан вакцинациядан кейін коронавирус жұқтырып ауырмаймын деген түсініктен арылу қажет. Вакциналанған адам да вирусты басқаларға тарата алады. Осы тұста адамдардың өз денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарауы маңызды", - деді ол.     

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521