Атырау облысында туберкулезден өлім көрсеткіші 2014 жылмен салыстырғанда 2018 жылы 54,8 пайызға азайған, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл туралы ӨКҚ өткен брифингте Атырау облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департамент басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиев мәлімдеді. Туберкулез ауруын болдырмау мақсатында жыл сайын республика бойынша 370 мыңнан астам нәресте, 230 мыңнан астам 6-7 жастағы балалар вакцинацияланады екен. Соның нәтижесінде, облыс бойынша туберкулезбен сырқаттану және өлім-жітім көрсеткіші соңғы 20 жылда бірнеше есеге төмендеген.
- Елімізде БЦЖ вакцинасының уақытша тоқтатылуына орай, бүгінгі таңда туберкулездің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Бұған дейін туберкулезге қарсы вакцинаны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Japan BCG Laboratory» (Жапония) өндіруші-зауытынан сатып алған болатын. Жапондықтардың вакцинаны 35 елден қайтарып алуына байланысты, қазіргі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «SERUM institute of INDIA» (Үндістан) өндірісінің БЦЖ вакцинасын сатып алу және жеткізу үшін келіссөздер жүргізуде, - дейді Амантай Жұмағалиев.
Атырау облысының Өңірлік
коммуникациялар қызметі
Сурет: дереккөз