Ертеңгі жексенбі - медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.
Бар саналы ғұмырын медицина саласымен байланыстырып, аудан халқының өмірі мен денсаулығын сақтау жолында өз үлесін қосып жүрген ақ халаттыларға деген құрметіміз қашанда жоғары. Жалпы, ауданымыздың бүгінгі медицина саласы жайлы сөз қозғасақ, күрмеуі қиын көп мәселемен бетпе-бет келіп отырғанымыз жасырын емес. Ол қандай мәселелер және оны шешу жолдары жайлы білгіңіз келсе, Махамбет аудандық ауруханасы директорының уақытша міндетін атқарушы Алмагүл Гайдарқызы Бекесова былай дейді.
- Алмагүл Гайдарқызы, бүгінгі таңда маман тапшылығын жою бағытында нақты қандай шаралар атқарылуда?
- Қазіргі таңда арнайы мамандандырылған дәрігерлерді дайындау үшін қайта даярлау курстары тек 2014 жылға дейін медициналық оқу орындарын бітірген дәрігерлерге ғана қолжетімді, ал жас мамандар тек негізгі 4 бағыт бойынша терапия, педиатрия, жалпы тәжірбиелік дәрігер және хирургия саласы бойынша тағайындалады. Бұл мамандықтардың ішінде арнайы мамандандырылған (көз дәрігері, ЛОР, анестезиолог – реаниматолог, невролог, дерматовенеролог және т.б.) дәрігерлер жоқ. Сол себепті қазіргі таңда арнайы мамандандырылған дәрігерлерге сұраныста көп. Бүгінгі күнде қажет мамандармен қамтамасыз етілу үшін enbek.kz порталы арқылы сұраныс береміз. Сұраныс тек жоғарыда көрсетілген 4 мамандыққа беріледі, ал арнайы дайындалған мамандарды еңбек өтілімі 6 жылдан жоғары кез - келген дәрігерді арнайы дайындық курсынан (4-6 айлық) өткізу арқылы немесе жаңа келген жас мамандарды 3 – 4 жылдық резидентура курсы арқылы дайындау қажет. Сол себепті біздерге арнайы мамандандырылған дәрігерлерді табу қиынға соғып отыр.
- Мамандардың біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстарыңыз жалғасып жатыр ма? Соңғы жылдары олардың жалақыларын уақтылы беру және арттыру, тұрғын үймен қамту сынды материалдық жағдайларына қаншалықты көңіл бөлініп келеді?
- Әр маман мекеме жанынан 5 жыл сайын жоспарлы міндетті түрде біліктілігін арттыру курстарынан, сонымен қатар қажеттілікке байланысты арнайы дайындық курстарынан өткізіледі және санаттылығын жоғарылатады. Биылғы жылға дейін санаттылық деңгейі облыс бойынша өте төмен деңгейде болды. Ағымдағы жылда жоғары, бірінші және екінші санаттылық дәрігерлер арасында да, медбикелер арасында да өте жақсы көтерілді, былтырғы жылмен салыстырғанда 40-45% жоғарылады. Медициналық қызметкерлер жалақысы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап лауазымдарына, санаттылығына байланысты коэффиценттік өсіммен өсті. Ағымдағы жылда әлемді әлекке салып, уысында ұстап отырған коронавирусты инфекциямен күрескен медициналық қызметкерлерге қосымша жәрдемақы төленді. Мекемемізде 7 қызметтік үй бар, оның ішінде 5 үйге дәрігерлер орналастырылды. Әкімшілік балансындағы тағы бір үйді өз балансымызға алуға жұмыстанып жатырмыз. Жалпы бұл қызметтік үйлерді жас мамандарға беруге алып жатырмыз. Биылғы жылы 4 жас маман келеді деп күтілуде. Барлығында қызметтік үймен қамтамасыз етеміз деп отырмыз. Сонымен қатар мамандарға қайтарымсыз 4 000 000 теңге қаражат беріледі.
- Жергілікті тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі деуге болады. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде орындалып жүр ме?
- Дәрі-дәрмектерге сұраныс учаскелік дәрігерлерде диспансерлік есепте тұрған науқастарға байланысты жасалады. Дәрі - дәрмектер халыққа арнайы рецептпен беріліп жатыр. Ескере кететін жағдай, бір дәрілік зат әртүрлі фирмадан әрқалай атаумен шығады, сондықтан сапасы да, бағасы да әртүрлі, бірақ ауруға әсер ететін негізгі заты бір. Сол себепті сұранысқа салынған дәрілер негізгі әсер ететін дәрілік зат құрамына байланысты келеді. Қазіргі таңда күндізгі және тәуліктік стационар, қабылдау бөлімшелері бойынша дәрілік зат қорында жетіспеушілік мәселелері туындап отырғаны рас. Бұл бір күннің ішінде шешілетін мәселе емес, бірақ, оңтайландыруға жұмыстанып жатырмыз.
- Емханаларда тегін көрсетілетін қызмет түрлері мен қоса ақылы қызмет түрлері де көбейді. Соларды ажыратып, атап өтсеңіз?
- Біз шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық мекемеміз, сол себепті заң шеңберінде белгілі бір нормативті – құқықтық актілерге сүйене отырып ақылы көмек көрсетуге құқымыз бар. Тегін медициналық көмек көлеміне кіретін медициналық қызмет түрлері өте көп, оның бәрін тізбектеп айту мүмкін емес. Тегін көмектің тізіміне кірмейтін қызметтер түрлері бар, медициналық тексеру 086/е нысанды медициналық құжат, қару-жарақ ұстауға рұқсат беретін 108/е құжат, санитарлық тексеруден өту қызметтері, сонымен қатар кейбір стоматологиялық қызметтер мен кез келген медициналық көмек түрлері, яғни дәрігердің жолдамасынсыз пациент өзі үшін тексеруден өткісі келетін қызмет түрлері ақылы түрде жүргізіледі.
- Денсаулығы мүшкіл, қарттар мен мүгедектерді қала орталығындағы ақылы емдеу мекемелеріне жібермей-ақ, емхананы медициналық құрылғылармен толықтай қамтуға не кедергі?
- Емханалық деңгейде қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті, бірақ тозығы жеткендер мен істен шығып бірақ толықтай жойылуға жылы жетпей тұрған құралдар бар. Бүгінгі күнде эксперттік класстық УДЗ аппаратына, КТГ аппаратына, СМАД, холтер деген жүрек-қан тамыр жүйесінің қызметін анықтауға қолданылатын аппараттарға сұраныс беріп отырмыз.
- Әңгімемізді ауылдардағы медициналық емдеу мекемелеріне бұрсақ.
- Ауылдық елді мекендердегі емдеу мекемелерінің жағдайы мәз емес, дәрігерлермен қамтамасыз етілуі де, ғимараттарының жай-күйі де. Олардың ішінде 1970-1980 жылдары салынған тозығы жеткен ғимараттар да бар. Кейбір елді мекендерде мекеме ғимараттары санитарлы - эпидемиологиялық талаптарға сай келмейді, кейбірінде ғимараттар тіптен жоқ. Халық санының шоғырлауына байланысты елді мекендерде медициналық ұйым медициналық пункт, фельдшерлік акушерлік пункт, дәрігерлік учаскелер болып бөлінеді. Медициналық көмектің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін, ғимараттар мен қызметкерлермен қамтамасыз етілуі қажет. Жоғарыда айтқандай, бұл мәселелер бір күннің болмаса бір айдың ішінде бітетін шаруа емес, дегенмен де жұмыстанып жатқанымызды қайталап айтқым келеді. Бір қуантарлығы, биылғы жылы аудан бойынша 4 мекеме ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіледі, құжаттары дайын. Талдыкөл ауылына жаңа ғимарат құрылысы 2021 жылға жоспарланып отыр. Қайсыбір ғимаратты алып қарасақ та ағымдық жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Оның ішінде су, кәріз, жылу жүйелерін қалыпқа келтіру жұмыстары бар.
- Дәрігерге қаралуға барған тұрғындар тарапынан кейбір медицина қызметкерлерінің халықпен сөйлесу этикасының төмендігіне көңілі толмай, реніштер туындап жатады. Кәсіби этиканы бұзғаны үшін жауапкершілік дәрежесі қалай анықталады?
- Этикалық кодекс - қазіргі заманның талабы ма екен немесе қызметкерлер тарапынан өрескелдік болмасын деген шектеу – талап па екен, соңғы уақыттарда көтеріліп жүрген мәселе. Таразыға салып талқылап келгенде нақты шешімін шығарып, жауапкершілікке тарту қиынға соғады. Айтайын дегенім, этикалық кодекс ол белгілі қызметке, болмаса қызметкерге қатысты емес, әрбір адам бойында болу керек әдептілік, мәдениеттілік деп ойлаймын. Әркімнің сөйлеу мәнері мен айтылған сөзді қабылдауы әртүрлі, сондықтан да этикалық кодекс нормаларының сақталмауы бір жақты тек медицина қызметкерлері тарапынан кетіп жатыр деп айта алмаймын.
- Әңгімеңізге, рахмет!
Сұхбаттасқан: Б.САПАРОВА