Махамбет ауданында жыл басынан бері коронавирустық инфекция жұқтырғандардың 204 жағдайы тіркелді

Covid-19 инфекциясын эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша Махамбет ауданы – «қызыл» аймақта.

Ауданда эпидемиологиялық ахуалдың қаншалықты екенін білу мақсатында аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлшат Ажигалиеваны сөзге тартқан болатынбыз.

- Ауданда эпидемиологиялық ахуал күрделі. Жыл басынан бері коронавирустық инфекцияның 204 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Ауырғандардың 13% аурухана жағдайында емделсе, көбі жеңіл және орташа ағымда өтуде. Бұл халықтың осы инфекцияға қарсы вакцина алуымен байланысты.

Коронавирусты жұқтырғандардың арасында осы инфекцияға қарсы вакцина алғандардың болуын, вакцинаны алғанына көп уақыттың өтуі және олардың организмінде антиденелердің аздығымен түсіндіруге болады. Тек коронавирустың ревакцинациясы «Омикрон» штамына антиденелер жасауға мүмкіндік береді.

Егер сіз бірнеше айлар бұрын толық вакцинациядан өткен болсаңыз, онда сіздің денеңізде қажетті антиденелер жоқ немесе жеткіліксіз мөлшерде. Адам вакцина салдырса, оның ағзасы вирустармен күресуге дайын болады. Тиісінше, ауруды жұқтырмауға немесе жеңіл өткеруге мүмкіндігі бар. Қазір коронавирусқа қарсы вакцинациядан өткен барлық адамдарға шұғыл түрде ревакцинация жасау керек. Бұл антиденелер деңгейін бірнеше есе арттыруға және «Омикрон» штамынан қорғауға мүмкіндік береді.

Коронавирустың қай штамы болса да, алдын алу мен сақтанудың басты қаруы – вакцина алу. «Осы вакцинаны қайта-қайта айта бересіздер» деуі мүмкін, бүкіл медицина ұжымы оны қайталаудан еш шаршамайды. Өйткені аурудың алдын алудың жолы – ұжымдық иммунитет қалыптастыру, ол үшін вакцина алу керек. Вакцина алғандардың да ауырып жатқаны рас. Яғни, о баста айтылғандай, вакцина аурудан 100 пайыз қорғай алмайды. Дегенмен, вакцина алғандар саны артпай, ұжымдық иммунитет қалыптаспай, жаңа штамдар тарала береді. Сол үшін де вирустың алдын алудың басты жолы – тек қана екпе алу. Барлық сақтану жолдары бір – оқшаулану мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау арқылы вирустың таралуын тоқтата аламыз. «Омикрон» жұқтырғандар арасында жеңіл өткенімен, оның қауіпті вирус екенін ұмытпауымыз керек. Әсіресе вакцина алмағандар үшін. Коронавирустың жұғуы 14 күннің ішінде білінсе, «омикрон» штамының жұққаны небәрі екі күннің ішінде белгілі болады. Демек, басқа штамдарға қарағанда тез жұғады. «Омикрон» штамы тез жұғатындықтан, қолды сабынмен жуу, маска режимін сақтау да аса маңызды – дейді Гүлшат Бақтыбайқызы.

 

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT