Қызылшамен ауырғандарды оқшаулауға қатысты маман кеңес берді

Сурет: piхabay.com
Қызылшадан сақтанған жағдайда аурудың алдын алуға болады. Ол үшін ауырған баланы басқа балалардан бөлек ұстау керек, деп хабарлайды atr.kz тілшісі Атырау қалалық №7 емхананың Жанұя денсаулық орталығының меңгерушісі Эльмира Мерешоваға сілтеме жасап. 
 
Эльмира Мерешованың айтуынша, қызылшамен ауырып жатқан баласы бар үйге басқа балалардың келуіне болмайды. Қызылшамен ауырған үйдің балалары, науқаспен байланыста болғандықтан мектепке, дүкенге басқа да қоғамдық орындарға 10 күнге дейін бармауы қажет.
 
«Аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты өзім де медицина маманы және ата-ана ретінде балаларымның денсауығы үшін жоспарлы күнтізбеге сәйкес, 1 жас 3 айлықтағы және 4 жастағы балама екпе салдырдым. Өйткені аурудың өршуін тоқтатудың бірден бір көзі – вакцина екенін жақсы білемін. Тұрғындар екпеге қатысты әлеуметтік желілерде таралған жалған ақпараттарға сеніп қалмай, шынайы ақпарат алуы қажет. Сондықтан, екпе туралы сауалдарды сырттан емес, медицина қызметкерлерінен және Egu.kz сайтынан білуге болады», дейді Эльмира Мерешова.
 
Айта кетейік, қызылшаға қарсы екпе профилактикалық егу күнтізбесінің қатарына кіреді. Күнтізбеге байланысты алғашқы екпені 12 айлық яғни, 1 жасында, ал вакцинаны қайта енгізу (ревакцинация) 6 жасында, мектеп алдында жүзеге асырылады. Ал қазіргі уақытта жаппай иммундау жұмыстарына сәйкес, 6 ай мен 10 ай 29 күн аралығында және 2, 3, 4 жастағы балаларға қызылшаға қарсы екпе салынуда.
 
Нұргүл Насыр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT