Қызметкерлер мен жұмыс берушілердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлем жасаған кезде ескеретін жағдайлар

«Халықтың экономикалық белсенді бөлігі - МӘМС үшін төлем   жасайды және оның айтарлықтай үлесін жұмыс берушілер мен қызметкерлер құрайды.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмыс істейтін азаматтардың сақтандыру мәртебесін ала алмауы бойынша  жиі қойылатын сұрақтар мен жағдайларды талқылады» - деп тоқталды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Газизов.  

Жалдамалы қызметкерлер мен жұмыс берушілер МӘМС төлемдері бойынша нені білу керек?

Қызметкер үшін төлемнің екі түрі түседі:  

  • аударымдар – жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді. 2023 жылы оның мөлшері қызметкер жалақысының 3 пайызын құрайды. Аударымдардың ең жоғары мөлшері 10 ЕТЖ-ның 3%-нан аспауы керек (3%*10*70000=21000 теңге);
  • жарналар – жұмыс беруші қызметкердің жалақысынан 2% ұстайды. Бұл ретте аударымдардың ең жоғары мөлшері 10 ЕТЖ-ның          2%-нан аспауы тиіс (2%*10*70000=14000 теңге).  

Айта кету керек, жұмыс беруші қызметкерді МӘМС-ға төленетін жарналар мен аударымдар туралы хабардар етуге міндетті.

Төлемді банктің кез келген бөлімшесі арқылы келесі шотқа төлеуге болады:

KZ92009MEDS368609103

БСН 160440007161

БСК GCVPKZ2A

Төлем тағайындау коды – 121 (аударымдар), 122 (жарналар). 

Жұмысқа жақында орналасса, қалай төлем жасайды?

Сұрақ: Мен 2022 жылдың қыркүйегінде жұмысқа тұрдым. Оған дейін ресми түрде екі жыл жұмыс істемедім. Жұмыс беруші мен үшін МӘМС аударымдары мен жарналарын үзбей төлейді. Жақында емханаға барсам, мәртебең «сақтандырылмаған» деді. Мен үшін төлемдер жүргізіліп жатса, неге мәртебем жоқ? Оны қалай алуға болады?

Жауап: Сіз екі жыл жұмыс істемедім дедіңіз, яғни осы кезде МӘМС-ға жарна төлемеген сияқтысыз. Заң бойынша, «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі өткен немесе алдағы 12 ай үшін төлем жасалған кезде беріледі.

Қазір сіз жұмыс істейсіз және ай сайын түсімдер болғандықтан, алдағы бір жылға төлем жасай алмайсыз. Сіздің жағдайда өткізіп алған кезеңдерге жарна төлеу керек,  бірақ ол соңғы 12 айдан аспауы тиіс. Дербес төлеуші ретінде, яғни 2022 жылғы сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз айлары үшін жеке-жеке 3000 теңгеден (2022 жылғы жарна мөлшері) төлем жасау қажет. Әрі қарай, жұмыс беруші аударған төлемдер көрсетіледі. Өткізіп алған кезеңдер үшін төлем жасаған соң, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төлемдерді өңдегеннен кейін сізге мәртебе 2-3 күн ішінде беріледі.

Мүгедектігі бар қызметкерден жарналар ұсталына ма?

Сұрақ: Біз шағын жеке фирмамыз. Аяғында кемістігі бар ресми мүгедектігі бар программистті жұмысқа қабылдадық. Біз ол үшін аударымдарды төлеп, жалақысынан МӘМС жарнасын ұстауымыз керек пе? 

Жауап: Мүгедектігі бар адамдар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді, себебі олар халықтың 15 жеңілдік санатына кіреді. Демек, жұмыс беруші олар үшін аударымдарды төлемейді және жарналарды ұстамайды.

Сонымен қатар, жұмыс беруші қызметкерлердің келесі санаттары үшін МӘМС төлемдерін аудармайды:   

  • Балалар
  • Зейнетақы жарналарын алушылар
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар

- Мүгедектігі бар адамдар

- Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын адамдар

- Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға, баланы (балаларды) үш жасқа толғанға дейін күтуге байланысты демалыстағы адамдар.  

Екі жұмыс орнынан жарналар қалай есептеледі?

Сұрақ: Егер азамат екі жерде жұмыс жасаса, онда МӘМС жарналарын екі ұйымның бухгалтері де ұстауы керек пе? Бірақ біз жұмыскердің басқа жердегі  жалақы мөлшерін білмейміз, сондықтан жарналар мен аударымдар мөлшері шектен асып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда не істеу керек?

Жауап: Дұрыс, МӘМС-ке қызметкер үшін аударымдар (жұмыс берушінің қаражаты есебінен) әрбір жұмыс орнынан жүргізілуі тиіс. Бірақ әр жұмыс орнынан төленетін сома айына 21 000 теңгеден (10 ЕТЖ-дан 3%) аспауы тиіс. Қызметкердің жалақысынан ұсталатын жарналарға келер болсақ, қанша жұмыста істесе де, жалпы сомасы 14 000 теңгеден аспауы қажет (10 еселенген ЕТЖ-дан 2%).

Қызметкер сізге басқа жұмыс орнынан жалақы туралы анықтама әкеліп беруі керек. Мысалы, егер ол бірінші ұйымнан 450 000 теңге, ал сізде 350 000 теңге алатын болса, онда сіз тек 250 000 теңгеден жарна есептейсіз (700 000 – 450 000 = 250 000). Егер жалпы табыс 700 000 теңгеден аз болса, онда әрбір ұйымдағы жалақының толық мөлшерінен есептеледі.

Ұзақ демалыста болған кезде «сақтандырылған» мәртебесін қалай жоғалтпауға болады?

Сұрақ: Ресми түрде жұмысқа орналасқанмын. 56 күнге ұзақ демалысқа шықтым. Бухгалтер барлық аударымдарды бір рет төлейді, ал келесі ай үшін менде көрсеткіш бос болады. МӘМС аясында сақтандырылған болып қалу үшін не істеу керек?

Жауап: Сіздің жұмыс берушіңіз МӘМС төлемдерін дұрыс бөлуі қажет. Егер демалыс бір айдан асатын болса, МӘМС үшін төлемдерді кезеңдерге бөлу қажет.

Мысалы, жұмыскер сәуір мен мамыр айларында демалыста болса, бухгалтер төлемдерді екі кезеңге бөлуі керек: жарналардың бір бөлігін наурыз айына және бір бөлігін сәуірге төлеуі тиіс. Аударымдар да дәл осылай жүргізілуі керек.

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521