Инсульт – қауіпті ауру

Соңғы жылдары елімізде ми қан тамырларының аурулары көбейіп келеді.

Соның бірі инсульт.Ең өкініштісі бұрын бұл дертке орта жастан асқан адамдар шалдығатын болса, бүгінде жастар мен жасөспірімдер де тажалдың тырнағынан қашып құтыла алмауда. Инсульттің жасарып бара жатқанының себебі неде? Оның алдын-алу үшін не істеу керек? Ауданымызда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бұл сауалдарға аудандық ауруханының невропотолог дәрігері Жанна Рахметова жауап береді.

-  Жанна Камалқызы невропотолог маман ретінде инсульт ауруының салдарына тоқталып өтсеңіз.

-  Көптеген жылдар бойы аурудың нәтижелері өте жағымсыз болып келеді - шамамен 40 % науқастар аурудың бірінші жылында өледі, 80% - ға жуық инсульт алғандар мәңгілікке мүгедек болып қалады. Инсульт алған науқастар ақырында үйреншікті өмірге орала алмайды, еңбекке жарамсыз болып немесе ұзақ уақытқа төсек тартып қалады. Ауру отбасының әлеуметтік - экономикалық жағдайын түбегейлі өзгертеді, инсульт ел экономикасына елеулі ықпал жасайды. Инсульт - ми қан айналымының бұзылысы салдарынан кенеттен болатын қан тамырлық апат. Инсульт туындаған жағдайда айналасындағылардың жылдам реакциясы аса маңызды, өйткені әрбір жоғалған минут науқастың кейінгі өмірін анықтайды. Мүмкіндігінше ертерек ауруды анықтап, алғашқы көмек көрсету үшін, әсіресе, инсульттің алғашқы белгілерін білу аса маңызды.

- Инсульттің негізгі белгілері қалай байқалады?

- Кенеттен бұлшық етте әлсіздіктің пайда болуы немесе дененің бір жартысының ұйып қалуы (беті, қолы, аяғы). Сөйлеудің қиындауы, көру қабілетінің нашарлауы, заттардың екіге бөлініп көрінуі, тепе-теңдіктің жоғалуы, соның салдарынан науқас жүре алмай қалады (көбінесе жүрек айнуымен немесе естен танумен бірге үйлесіп келеді). Күтпеген жерден, айқын себебі болмаса да, бастың қатты ауруы байқалады. Бас миының зақымданған кезінде бірнеше сағаттардан кейін қайтымсыз өзгерістер басталады. 4,5 сағаттық терапевтік терезе бар. Бұл - ми жасушаларының едәуір бөлігінің жансызданумен байланысты инсульттің маңызды зардаптарының дамуының алдын алуға болатын мерзім. Егер осы уақыт аралығында науқасқа білікті медициналық көмек көрсетіп үлгерсе, салыстырмалы түрде ол қалыпты өмірге тез орала алады. Сондықтан инсульт белгілері неғұрлым ерте анықталса және алғашқы шаралары қолданылса, соғұрлым мүгедектікпен немесе өліммен аяқталатын сәттерді болдырмауға мүмкіндік зор. Инсульт шуғыл көмек көрсетілуге тиіс күйге жатады, сондықтан ешқандай жағдайда кешігуге болмайды, науқасты мамандандырылған Инсульт орталығына жатқызу үшін бірден «Жедел жәрдем» күймесін шақыру қажет.

-   Жедел жәрдем келгенге дейін, науқастың жанындағы адам қандай алғашқы көмек көрсете алады?

Біріншіден егер науқас есін біліп жатса, қобалжу мен қорқыныш инсульт белгілерін күшейте түспес үшін оны тыныштандыру қажет. Мысалы, валериан, глицин тұнбаларын қабылдауға болады. Екіншіден есін білетін науқасқа басы жоғарылатып, денесінің жатқан немесе қисайып жатқан қалпы көрсетіледі. Егер есінен танып жатса, басы бір қырына қарай бұрылған болуы тиіс, өйткені инсульт кезінде кенеттен құсуы мүмкін. Сырқаттың тілінің артқа ығыспауын тексеріңіз, қажет болған жағдайда сырқат тұншығып кетпеу үшін тілін сыртқа шығарып қою керек. Үшіншіден барлық қысып тұрған киім бөлшектерін – жейденің жағасын, шалбардың белбеуін босатыңыз. Таза ауаның кіруін қамтамасыз ету үшін желкөзді ашыңыз. Төртіншіден жоғары қан қысымы (гипертония) бар науқастарға қысымын өлшеп, қажет болған жағдайда бұрын дәрігер тағайындаған, қан қысымын төмендететін дәрі - дәрмек берген жөн. Науқасқа жедел - жәрдем келгенше тамыр кеңейткіш дәрілерді беруге, су ішкізуге немесе тамақтандыруға болмайды.

-   Инсультті емдеудің негізгі бағыттары қандай? Бұл дерттен құлан-таза айығуға бола ма?

-   Дәрігер бас миындағы қан айналым бұзылысының сипатына байланысты, арнайы емдеу әдісін, сонымен бірге қосымша жалпы терапиялық және профилактикалық шараларды таңдайды. Профилактикалық – бұл инсульттің мүмкін болатын асқынуларының алдын алу үшін қолданылатын процедуралар мен медикаментозды емдеу әдісі.

Қалпына келу кезеңі, инсультті емдеудегі терапиялық және хирургиялық шаралардан маңыздырақ.Оның басты мақсаты – неврологиялық белгілерді тұрақтандыру және оның біртіндеп болатын регресі. Бұл бас миы жасушаларының өзіндік «қайта даярлау көмегімен» қол жеткізілінеді – яғни, сақталған тін аймақтары, қан айналымының бұзылысы нәтижесінде зардап шеккен бөлімдердің қызметін өзі атқарады Бұдан бөлек, оңалту электростимуляция массаж сеансын және емдік жаттығуларды орындаумен құралады. Олар сіресулердің, тромбоздардың және басқа да болуы мүмкін зардаптардың даму мүмкіндігін азайтады, қозғалыс қызметін қалпына келтіреді.

Инсульт алғаннан кейінгі оңалту ерте мерзімде басталады – яғни, қозғалыс режимінің кеңеюі мен интенсивті қызметінің аяқталу барысында. Дәрігер шешімді науқастың жалпы жағдайына байланысты қабылдайды. Оның ұзақтығы жеке анықталады – яғни, бірнеше айдан бірнеше жылға дейін болады. Кеңінен қолданылатын қосымша емдеу әдістеріне балшықпен емдеу, физиотерапия, рефлексотерапия жатады. Бұл шаралардың арнайы шипажай- мекемелерде жүргізілгені абзал.

- Аудан бойынша инсульт алушылар санын салыстырмалы түрде атап өтсеңіз? Біздің махамбет ауданын алатын болсақ инсульт ауруы соңғы жылдары көбейіп тұр. Салыстырмалы түрде алсақ:

 

2014ж  

  2015ж 

2016ж                              

2017ж     

2018ж

Инсульт алғандар

42

43

52

73

80

Соның ішінде қызмет жасындағылар саны

 

 

23

24

36

Өлім көрсеткіші:

 

6

4

10

18

18

Соның ішінде қызмет жасындағылар саны

3

2

4

9

7

Тірі қалғандар саны: 

 

36

39

40

55

62

Мүгедектікке қалғандар:

 

10

7

11

15

15

 Аудан бойынша Алмалы мен Махамбет, Бейбарыс пен Сарайшық және Зауралдың қөрсеткіші өсіп тұр. Бұның бәрі аурудың алдын алмағандықтан. Қан қысымын қадағаламай, дәрі дәрмекті уақытылы ішпегендіктен, және дәрігерге дер кезінде қаралмағандықтан болады. Әр адам өз денсаулығы үшін өзі жауапты.

-  Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Б.СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT