Ерте жастан жүктіліктің, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің 9-11 сынып қыздары қатысуымен «Болашаққа қамқорлық» дөңгелек үстелі өтті.
Шараны ашқан мектептің педагог-психологі Нұрсұлу Тауова елімізде болып жатқан келеңсіз оқиғалардың алдын алу, жасөспірім қыздар арасында жиі кездесетін тым ерте бастан жүктіліктің денсаулыққа қаншалықты зиян екенін түсіндіру, жалпы қыз тәрбиесіне көңіл бөлуге ақыл-кеңес беру мақсатын көздегенін айтты. Маңызды шараға Сарайшық ауылдық емханасының бас дәрігері С.Габдуллина, жасөспірім инспекторы Қ.Шонышев, мектеп медбикесі А.Қайыржанова қатысты.
Ауылдық емхана бас дәрігері С.Габдуллина қыздарға ерте жастан жүктіліктің нәтижесі қайда апарып соқтыратынын, тым ерте кезден жүктіліктің салдары, физиологиялық тұрғыдан жас ағза оған әлі дайын еместігін, әлеуметтік тұрғыдан бей-берекет жыныстық қатынасқа түсетін жас қыздың алдында күтіп тұрған қиындықтарды мысал келтіре баяндады. Қаламаған жүктіліктің алдын алу, жыныстық мінез-құлық, адамгершілік төңірегінде бейнероликтер көрсетілді. Кездесуде қыздар мамандарға сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды. Мектеп инспекторы Қуаныш Шонышев жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, зорлық-зомбылық тақырыбында әңгіме өрбітті. Осындай жағдайда қалай әрекет ету жайын да сөз етті. Шара барысында мамандарға қойылған сауалдар көп болды. Бірнеше оқушы қыз шарадан соң қалып, жеке сұрақтарына жауап алды.
А.ТЕКЕБАЙ.