Елімізде медициналық қызметтер тарифі көтерілмек

 Елімізде медициналық қызметтердің тарифі қайта қаралады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын медициналық қызметтерге тарифтерді қалыптастыру жұмысының жоспарын бекітеді. Оған сәйкес, тегін медициналық көмектің кепілденген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған қолданыстағы тарифтер қайта қаралады», - деп атап өтеді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Ведомствоның дерегінше, медициналық және өзге де қызметкерлердің жалақысын көтеру үшін 2022 жылы медициналық қызметтердің барлық тарифі орташа есеппен 8,5 пайызға, ал биыл 10,4 пайызға көтерілді. Жалпы қолданыстағы тарифте коммуналдық қызметтердің, азық-түліктің, дәрілік заттармен шығыс материалдарының жыл сайынғы қымбаттауы ескерілмейді. Сондықтан да Үкімет 2022 жылдың 24 қарашасында қабылдаған 2026 жылға дейінгі Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасында медициналық қызметтің өзіндік құнына әсер ететін макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты тарифтерді жыл сайын индексациялау көзделген.

«Осыған орай министрлік 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру аясында 2023-2027 жылдары жоғарыда аталған тарифтерді индексациялау үшін 477,4 млрд теңге (2024 жылға – 131,9 млрд, 2025 жылға – 128,9 млрд, 2026 жылға – 186,6 млрд) сомасындағы қосымша шығыстарға өтінім берді. тегін медициналық көмектің кепілденген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілетін медициналық қызметтерге тарифтің артуы лимиттелген бюджет жағдайында қосымша жүктемеге әкеледі. Осыған орай, қосымша қаражат бөлу республикалық бюджеттік комиссияның шешіміне сәйкес мақұлдануы қажет», - деп атап өтеді министрліктен.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT