Күнтізбелік жоспарға сәйкес екпе алмаған балалар мектепке дейінгі мекемеге жіберілмейді.Алайда денсаулық жағдайына байланысты вакциналауға тыйым салынғандарға мұндай тәртіп қолданылмайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі комитетінің төрағасы, бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
Мұндай норма Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқан Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс жобасында қарастырылған.
"Расында күнтізбелік жоспарға сәйкес вакциналаудан өтпеген медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ балалар мектепке дейінгі мекемелерге жіберілмейді. Неге мұндай қадамға бардық?Себебі, бізде медициналық қарсы көрсетілімдері бойынша вакцина егілмеген адамдар тобы бар. Оларды қалай қорғаймыз?Бұл жерде ұжымдық иммунитет туралы айтып отырмыз. Халқымыздың 95% -ына, әсіресе балаларға екпе жүргізсек онда медициналық қарсы көрсетілімдері бойынша екпе алмайтын балалар тобын қорғаймыз. Туа біткен иммун тапшылығы бар балаларды ұмытпауымыз керек", - деді ол.
Оның сөзінше ата-ана баласын балабақшаға беру үшін педиатрға барып, денсаулық паспортын алады. Құжатта балаға қажетті екпелердің жүргізілгені туралы қорытынды болуы тиіс.
"Мұндай қорытынды болмаса мектепке дейінгі мекеменің басшысы баланы қабылдауға құқығы жоқ. Мекеме басшысы талапты бұзса тексеру барысында бұл фактіні анықтаймыз. Ең алдымен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ата-аналар жоспарланған вакциналаудан өтпеген баланы балабақшаға алмау ережесін қабылдамаса ұйғарым шығарылып, ол ұйғарымды орындамағаны үшін іс сотқа жіберіледі", - деді бас санитарлық дәрігер.
Бекшин вакциналаудан бұрын медицина қызметкерлері адамның физикалық жағдайын тексеріп, температурасын өлшейтінін, тек сау адамға екпе жүргізілетінін атап өтті.
Назерке АБИБУЛЛА
Сурет:дереккөз