2021 жылы Мемлекет басшысы денсаулық сақтау министрлігіне елдегі медициналық жабдықтарға түгендеу жүргізуді тапсырды. Ведомство алғаш рет ауқымды түгендеу жүргізді. Нәтижелерді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев мәлімдеді.
«Оның қорытындысы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының жарақтандырылу деңгейі 83%, медициналық техниканың тозуы 49% құрайды. Түгендеу шеңберінде медициналық техниканы басқарудың ақпараттық жүйесі түрлендірілген. Нәтижесінде медициналық ұйымдарды медициналық жабдықтармен жабдықтау бойынша интерактивті карта жасалды. Бұл ретте, интерактивті картадан біз еліміздің барлық ұйымдарындағы әрбір медициналық жабдықты, тозу бойынша ақпаратты көріп отырамыз, өңірлер бойынша, аудан деңгейіне дейін, алғашқы медициналық-санитариялық көмек тұрғысынан жарақтандырудың ағымдағы жай-күйіне тұрақты мониторингті жүзеге асырамыз», - деді ведомство өкілі.