Ауданымызда Халықаралық нашақорлықпен және заңсыз есірткілер айналысымен күрес күніне орайластырылған «Жақсы әдеттер марафоны» ұлттық бағдарламасы бойынша «Біз нашақорлыққа қарсымыз!» тақырыбындағы өңірлік іс-шаралардың бірлескен жоспарын іске асыру аясында кең көлемді «Денсаулық фестивалі – 2019» акциясы болып өтті.
Атаулы шараны ашу үшін сөз алған Атырау облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Сыралиева Аида Әділбекқызы бұл акцияның негізгі мақсаты жалпы салауатты өмір салтын насихаттау және әртүрлі аурулардың алдын алу екендігін атап өтті. Сонымен қатар ірі көлемді денсаулық шаралары мен акцияларды аудандарда бөліп-бөліп түрлі тақырыптар бойынша өткізуді жоспарлап отырмыз деді.
Биылғы жылғы акция осы Махамбет ауданында басталғалы отыр. Келесі кезекте сөз алған Махамбет аудандық орталық ауруханасының нарколог дәрігері Көшмағамбетов Болат Наурызұлы жалпы нашақорлықтың біздің елімізде ең өзекті мәселелердің бірі екендігін, сол дерттен жастарды қорғап, нашақорлық зардабынан аулақ болуларын ескертті.
Акция барысында Атырау облысы полиция департаментінің кинология қызметінің полицейлерінің және арнайы жасақ қызметкерлерінің көрінісі, аудандық орталық аурухана қызметкерлерінің дайындаған флешмобы, аудан жастарының концерттік бағдарламасы көрермен назарына ұсынылды.
Қ.Меңдіғалиева, Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің
журналистика мамандығының 3 курс студенті