Махамбет аудандық ауруханасында «Өзіңізді және жақындарыңызды коронавирустан қорғау үшін нені білу керек?» тақырыбында акция ұйымдастырылды.
Шараға аудандық аурухана ұжымы, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау басқармасының өкілдері, аудандық ішкі саясат бөлімі басшылығы мен ауыл тұрғындары қатысты. Негізгі мақсат – «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» қағидатын негізге ала отырып, коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын түсіндіру.
Пайдалы жиын тікелей эфир арқылы да көрсетілді. Аурухананың травматолог-дәрігері Болат Тлеуназаров коронавирустың алдын алу және болдырмау бойынша баяндама оқыды. Баяндамаларында коронавирус инфекциясының таралу жолдары, симптомдары, жұқтырып алуға күмән болған жағдайда іс-әрекет алгоритмі, алдын алу, өзіндік қорғану әдістері туралы көрнекі құралдармен толық мағлұмат берді. Оның айтуынша, қандай да бір ауру белгілері анықталған жағдайда өз бетімен үй жағдайында әрекет етпей, дәрігер көмегіне жүгінген жөн.
- Covid-19 инфекциясының алғашқы толқыны басталған кезде халық арасында түсінік жұмыстары баяу жүргізілгені белгілі. Бүгінгі шараның да мақсаты сол, аурудың алдын алу және одан қорғану жолдары, инфекция жұқтырғандарды қалай емдеу турасында ақпарат беру. Жалпы ауданда қазіргі күні эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соған қарамастан аурудың алдын алу үшін халыққа ескертпе, түсінік жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу маңызды,- дейді Б.Бахытұлы.
Мамандардың мәлімдеуінше, коронавирустан қорғанудың ең дұрыс жолы - жеке бас гигиенасын сақтап, қол мен бетті таза ұстау. Қолды әр жарты сағат сайын 20 секунд көлемінде жуып, антисептик сұйықтығын қолданған дұрыс. Зерттеуші ғалымдар COVID-19 вирусы қатты заттың бетінде бірнеше күн тіршілік ете алады екен. Смарттфон гаджеттердің бетіне көп бактериялар жиналады. Сондықтан, телефон экранын сағат сайын майлықпен тазалап тұру керек.
«Қорғаныш маскаларын, антисептиктерді, әлеуметтік қашықтықты ұстану сияқты қарапайым ережелерді сақтау қажет. Ал, коронавирустың ең тиімді профилактикасы – салауатты өмір салтын ұстану. Тұрғындардан сенімді дереккөздерде берілген ақпараттарға құлақ асып, айтылғандарды бұлжытпай орындауды сұраймыз. Барлық атқарылып жатқан іс-шаралар әрбір азаматтың денсаулығын сақтау мен олардың өмірін сақтауға бағытталған»,- дейді аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіспсіздігін бақылау басқармасының басшысы Г.Ажигалиева.
Аурудың белгілерін байқаған жағдайда 103 нөміріне хабарласуға немесе қосымша ақпаратты 1406 байланыс орталығы арқылы білуге болады. Әлемдік деңгейде қауіп төндіріп отырған коронавирус жайлы ақпараттандыру мақсатында өткізілген шараға қатысушыларға антисептик, бетперде мен жадынамалар салынған жинақтама табысталды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ