Ағымдағы жылдың 15 қыркүйек пен 15 қараша айы аралығында Атырау облысының тұрғындары өз қалауларымен жергілікті емханаларға тіркеле алады. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды,- деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
«Дәрігерлер тұрғындарға жергілікті емхана бойынша тіркелуге кеңес береді. Өйткені, үйге жақын орналасқан емхананың дәрігері сырқаттанған науқастың үйіне барып, алғашқы ем-шара көрсете алады. Бұл механизмнің пандемия жағдайында маңызы зор. Ал, үйден алыс емханаға тіркелген тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету қарастырылмаған. Емханаға тіркелген тұрғындар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры шеңберінде жаңа жылдан бастап медициналық қызметті пайдалана алады» деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек.
Сәбит Құралбектің айтуынша, азаматтарды емдеу ұйымдарына тіркеу олардың сұранысы бойынша «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Тіркеу кезеңінде оған дейін тіркелген ұйымынан автоматты түрде шығады. Емхана өзгерткісі келмейтін тұрғындар бұрын тіркелген емдеу орнында автоматты түрде қалады.