Қазақстанда 15 - қыркүйектен бастап Қазақстанда бастапқы медициналық санитарлық көмек (БМСК) ұйымындарын еркін таңдау науқаны басталды. Ол екі айдың көлемінде 2021 жылғы 15-қарашаға дейін жалғасады.
Қазіргі уақытта қызмет алып жатқан медициналық ұйым жұмысы қанағаттырмаған жағдайда, емхананы еркін таңдау арқылы тіркелуі үшін аталмыш акция тұрғындар үшін жыл сайын өткізіледі, ал нарық қатысушылары, оның ішінде жаңадан қосылған ұйымдар келесі жылы халыққа қызмет көрсету мақсатында тапсырыс алады.
Айта кетейік, бүгінде Атырау облысының емханаларына 660 992 адам тіркелген. Оның ішінде 1 725 шетелдік, 10 оралман, 360 157 ауыл тұрғыны бар.
«Тіркеу науқаны және емхананы еркін таңдау мүмкіндігі қазақстандықтар үшін консультациялық-диагностикалық қызметтерге, ауруханаға жатып емделуге, кез келген жоспарлы медициналық қызметтердің көрсетілуіне және көптеген басқа да медициналық жолдамаларды қоса алғанда, денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмек алуға құқық береді» - деп тоқталды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизов.
БМСК ұйымына жүгінген уақытта азаматтың өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы қажет және сол жерде бас дәрігердің атына өтініш жазуы тиіс. Бекітілуші еgov.kz. порталы арқылы тіркелген кезде авторизациядан өтіп, электрондық өтінімді толтыру қажет. Қызмет көрсетудің нәтижесі өтініш берушінің Жеке кабинетіне жіберіледі. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына тоқталатын болсақ, онда тіркеу рәсімін өзіне-өзі қызмет көрсету пунктінде "Connection Points" арқылы электрондық форматта жүзеге асыруға болады.
Азаматтардың кейбір жекелеген санаттары тікелей емханаға бекітіле алады. Ол үшін еркін нысандағы өтініш пен жеке басты куәландыратын құжатты қоса беру қажет. Аталмыш санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, бала кезінен мүгедек жандарға заң бойынша тағайындалған қорғаншылар немесе қамқоршылар, сондай-ақ патронат тәрбиешілер; жазасын колонияларда (өтеу орны бойынша) өтеп жүрген сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, бекітуді сенімхат бойынша ресімдейтін адамдар жатады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Атырау облысы бойынша филиалы еліміз бойынша амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарға еркін тіркелу науқаны басталуына орай, ең көп таралған сұрақтарға жауап дайындаған болатын:
Тіркелуге қабылданған өтініш қанша уақыт ішінде қаралады?
Азамат электрондық үкімет порталы арқылы бекітуге өтінім берген кезде бекіту немесе бекітуден дәлелді бас тарту 1 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Неліктен үйге жақын емханаға тіркелу маңызды болып саналады?
Біріншіден, бұл үйіңіз бен емхананың ортасында 15-20 минуттық жая жүруге болатындай қашықтықтағы медициналық көмекке қолжеткізу.
Екіншіден, үйде көмек алу, соның ішінде қажет болған жағдайда дәрігерді немесе мобильді бригаданы шақыру мүмкіндігі болып табылады. Барлық емханалар аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі.
Мен бір уақытта бірнеше емханаға тіркеле аламын ба?
Сіздің тек бір емханаға тіркелу мүмкіндігіңіз бар, өйткені бекіту сіздің ЖСН жеке нөміріңіз бойынша жасалады. Ал, сізді бұрынғы емханадан босату автоматты түрде жүзеге асырылады.
Егер мен тіркеу науқаны кезінде өтініш бермеген болсам не болады?
Бұндай жағдайда сіз бұрын өзіңізге қызмет көрсетілген емханада тіркелген болып қаласыз.
Аталған науқан кезінде мен басқа емханаға тіркелуге өтініш бердім, ол жерде медициналық көмекті қай уақыттан бастап алуға болады?
Келесі жылдың 1- қаңтарынан бастап аласыз. Ағымдағы жылдың соңына дейін сіз өзіңізге бұрын қызмет көрсетілген емханада медициналық көмек алуды жалғастыратын боласыз.
Қандай жағдайларда мені емхана тіркеуден бас тартуы мүмкін?
• Жалған ақпарат ұсынған уақытта;
• Пациенттің нақты тұру мекені емхананың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде орналасқандығы анықталған кезде;
• Бекітілген халық саны жалпы практика дәрігеріне 1,7 мың адамнан, учаскелік педиатрға 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 баладан асқан кезде;
• Тіркелген тұлғаның заңды өкілдігін растайтын құжат болмаған кезде.