28 жылдан бері жедел жәрдемде қызметте жүрген Кенжебай Адыров өз саласын мақтан етеді

Ет пен сүйектен жаралған соң сырқаттанбай тұрмайтының белгілі. Мұндайда емхана жақын болса бағыңның жанғаны, керісінше қақпаңнан қашықтау болса әлсіреген ағзаңды әуреге салуың әбден мүмкін. Ш ы б ы н жанын шырқыратқан сырқаттың есіне ең бірінші жедел жәрдем түсіп, телефоннан «103» нөмірін тереді...

Сол жедел жәрдем көлігін тізгіндегендердің бірі Кенжебай Адыровтың еңбек өтіліне – 28 жыл. Сегізінші сыныпты аяқтаған ол Сарайшықтаға техникалық училищеге оқуға түседі. Кейін Ресей жерінде Отан алдындағы әскери борышын өтеп келіп, бірден еңбекке араласады. Алғашқыда аудан орталығындағы жол жөндеу мекемесінде қызмет етеді. 1994 жылдан бастап аудандық аурухананың жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі қызметіне орналасады. Содан бері қызығынан қиындығы мол, асқан жауапкершілікті талап ететін жұмыста табан аудармастан еңбек етіп келеді.

– Медицина саласына өзіндік үлесімді қосып келе жатқаныма қуанамын. Қай қызметтің оңайы жоғы рас. Алайда біздер тікелей халықпен жұмыс жасайтындықтан күн демей, түн демей, дамыл таппаймыз. 24 сағат жұмыс істеп, екі тәулік тынығамыз. Жұмыс кестеміз нақты қойылғанмен де, кейде шұғыл шақыртулар келген мезгілде демалысқа қарамай жұмысқа шығуға тура келеді. Сол уақытта көлігің де, өзің де сақадай-сай тұру керексің. Науқасты облыстық ауруханаға жедел жеткізуде түрлі қиындықтарға тап келіп жүрдік. Бұрын көлікпен жүргендердің арасында жол бермейтіндер көп кездесетін, ал қазір мұндай жағдайлар сирек. Халықтың көзі ашылып, мәдениеті көтеріліп келе жатқан секілді. Өмір мен өлімнің арасында жатқан науқастардың жол бойында демі үзіліп кететіндері болады. Өзімнің жұмыс тәжірибемде мұндай жағдайлар 2-3 мәрте орын алды,- дейді қабылдау бөлімінің жеделжәрдем көлігі жүргізушісі К.Сағынбайұлы.

Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде медицина қызметкерлері түгелдей жұмылдырылғаны белгілі. Оның ішінде қызуы көтеріліп, екі өкпесі қысылған адамдардың жанынан табылып, алғашқы көмек көрсетуге ұмтылуда да, қалаға шұғыл жеткізуде де жедел жәрдем қызметкерлерінің рөлі жоғары болды.

– Екі жыл қатарынан дүниені дүр сілкіндірген пандемия кезінде біздер, медицина қызметкерлері тоқтаусыз қызмет еттік десем, артық айтқандығым емес. Қан майданға қарусыз кіргендей болдық. Індет кезінде жедел жәрдем қызметкерлері қосымша қорғаныш құралымен қамтамасыз етілді. Өйткені науқасқа бірінші болып жететін де біздер болдық. Аптап ыстықта басыңнан аяғыңа дейін тұмшаланып жүру қиынның қиыны болды. Көлікке де дезинфекция жұмыстарын жүргізді. Сол уақытта медицина қызметкерлеріне қосымша үстемеақы төленген-ді. Бүгінгі күні жалақымыз аз да болса өсті,-дейді Кенжебай аға. Жедел жәрдем жүргізушісінің басты міндеті – алғашқы медициналық қызмет көрсететінмамандарды дер кезінде науқасқа жеткізу. Бригада көлікке отырысымен дабылқаққышын қосып сырқаттанған адамға аттанады. Осынау сары жолақты көліктің тізгінін тартып жүрген Кенжебай Сағынбайұлы жұмысы өзіне ұнайтынын, оның үстіне адамға көмек көрсеткенді жаны қалайтынын айтады. Келер аптада, яғни 9 тамыз күні 54 жасқа толатын ағамызды жұрт жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі ретінде ғана емес, мәдениет саласына үлес қосушы азамат ретінде де таниды.

– Өнерге жақындығым әкемнен де, нағашыларымнан да дарыған деуге болады. Мектеп кезінде сахнаға шықпағанмен де, кейін думанды жерде ән айта бастадым. Бойыңда, қаныңда бар нәрсе түбінде шықпай қоймайды екен. Екі жастың тойында домбырамен беташар айтатыным да бар. Бірақ қазір жастардың эстрадалық бағытқа көшуімен мен де бұл жұмысымды доғара бастадым,- дейді ағамыз.

Орталық алаңда өтетін әз-Наурыз мейрамында «Қыдыр атаның» рөлінде, Жаңа жыл мерекесінде «Аяз атаның» рөлінде шығу да Кенжебай ағаға жүктелген. Ауданда өтетін барлық мәдени шаралардың басы-қасынан табылып, өнерімен елге көтеріңкі көңілсыйлап жүрген ағамыздың патриоттық әндерді, соның ішінде Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнін орындауына халық жоғары баға берген. Жедел жәрдем көлігімен дертіне шипа іздеген жанға асығатын, рухани байлық іздеген адамға өнерін «сыйға» беретін Кенжебай ағамыз осындай.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT