Модульді жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдаған Тілеулиева Маржан жансақтау бөліміндегі қызметкерлерге ерекше алғыс білдірді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
№2 Атырау облыстық ауруханасының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, науқас 3 ай бойы инфекциялық стационарда ем қабылдаған. Оның ішінде 2 ай 10 күн жансақтау бөлімінде жатқан.
- Жансақтау бөліміне түскен кезде жағдайы ауыр дәрежеде деп бағаланды. Тынысы тарылып, демікпесі күшейіп кетті. Келген күннен бастап Маржанды оттегі аппаратына қосып қойдық. 2 ай бойы тиісті ем-домын жасап, нәтижесінде жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырып, бүгін ауруханадан шығуға дайындалып жатыр, - деді резидент-реаниматолог Дархан Жақсылық.
Атыраулықтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырған Тілеулиева Маржан бір өлімнен аман қалғанын ашық айтты.
- 18 шілде күні ауыр хәлде ауруханаға түстім. Дем жетпей, басым айналып қатты ауырдым. 2 айдан аса жансақтау бөлімінде жаттым. Бір өлімнен аман қалдым. Қазір жағдайым жақсарды. КВИ бөлімінің басшысы Орысбаева Ж.К. бастаған, емдеуші дәрігерлерге Шайқықызы А, Гайнеденов М.А, Сапарова А. және Хаирова С.И, аурухана ұжымына алғысыз шексіз, - деді ол.