Өркениетке бет алған егеменді еліміздің ендігі болашағы ұрпақ тәрбиесі деген ұлы міндетпен ұштасып жатыр.
Қазіргі уақытта қоғамның дамуына байланысты оқушыларға білім беру, оларды тәрбиелеу және дамыту міндеттері барған сайын күрделеніп бара жатыр.
Елін сыйлап, туған жерін қадірлеген әрбір адам баласының бойындағы Отанына деген сүйіспеншіліктің мектеп қабырғасынан бастау алатындығы бесенеден белгілі.
Әскери -патриоттық тәрбие - жас өренді Отанды қорғауға ұдайы әзір болуға моралдық және бітім жағынан даярлау болып табылады. Өскелең ұрпақтың идеялық сенімі мен өз Отаны үшін күреске әзірлеу бір-бірімен тығыз байланысты.
Махамбет ауданы бойынша 17 орта мектептің барлығында да Алғашқы әскери дайындық пәні жоспарлы түрде өткізіледі. Барлық мектепте де «Айбын» әскери-патриоттық клубы құрылып, жұмыс жасауда. Жастар арасында патриоттық тәрбие беру мақсатында әскери бағыттағы шаралар өткізіліп тұрады. Аудан бойынша төрт мектепке «Жас сарбаз» сыныбын ашу туралы ұсыныс жолданған болатын, соның ішінде күні бүгінге Береке орта мектебінде «Жас сарбаз» сыныбы ашылған. Алғашқы әскери дайындық оқытушы ұйымдастырушысы Айгүл Оразқызы, сынып жетекшісі Гүлгүл Бижанқызы.
2019 жылғы 31 қазанда Атырау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қолдауымен Атырау облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен облыстық бірінші Жалынды «Жас сарбаз» форумы өткізілді. Оған облыс бойынша 11 команда қатысты. Атырау қаласы бойынша Махамбет Өтемісов атындағы орта мектеп 1 орын иеленсе, 2 орынды Береке орта мектебі, 3 орынды Индер ауданының Шоқан Уалиханов атындағы орта мектеп иеленді. Махамбет ауданынын Береке орта мектебінен жарысқа 12 оқушы қатысты, команда қоян-қолтық ұрыстан 1 орын, белтемірге тартылудан Сәлімгерей Бекнұр 1 орын, жас интелектуалдан Жаңабай Нұртас 3 орын, вальстен Қалес Аяулым 2 орын, АК автоматын толық емес бөлшектеп, жинаудан 2 оқушы Сайын Нұрхан, Қалес Аяулым 3 орын, «Менің отбасымдағы ерлік үлгісі» бейнеролик түсіруден Халауитдин Әбілқайыр 1 орын, «Мен және менің сарбаз достарым» бейнероликтен 2 орын, жалпы командалық 2 орын, барлық команда мүшелері сертификат және төсбелгімен марапатталды.
ҚР Қарулы Күштерінің, әскери қызметтің беделін арттыруда Махамбет ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің де өз кезегінде қосқан үлестері аз емес. Жастарды тәрбиелеу мақсатында аудандағы мектеп жастарымен тығыз байланыста болып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп тұрады.
А.Әшімова,
Махамбет ауданының қорғаныс
істері жөніндегі бөлімінің қызметкері