Білім саласы жыл сайын жаңарып келеді. Заман ағымына сай ұстаздардан да зор жауапкершілік, тың идеяларды қажет етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың сапалы білім алуы үшін бірқатар тапсырмалар беруде. Соның бірі – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы.
«Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз», – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баланың жан-жақты білім алуы үшін бірінші кезекте білім мекемелерін жаңартуды тапсырды. Екіншіден, мектептен білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан сәтте түлектерге демеу болар есепшот ашуды тапсыруы да – халықтың көкейінде жүрген ойлар еді.
Мемлекет тапсырмасы негізінде бұл жобалар біртіндеп жүзеге асуда. Келер жылдың қаңтарынан бастап, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына түсе бастайды. Міне, баланың алаңсыз білім мен тәрбие алуы үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалып отыр. Сол мүмкіндіктерді алға ілгерілетіп алып кететін жаңашыл ұстаздар болмақ. Атырау облыстық Білім басқармасының Әдістемелік орталығында бұл бағытта көптеген жұмыстар жасалынуда.
Сондықтан, елдегі болып жатқан саяси реформалар мен өзгерістер біздің ұстаздар қауымының әркез назарында. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлесе табысты жұмыс жасай алсақ қана білім мен ғылым саласы дамиды.
Әлемге көз тігіп қарасақ, ойластырылмай жүзеге асқан саяси реформалардан егемендігі мен тұтастығына зор залалын тигізіп отырған қаншама мемлекеттер бар. Әлемнің арғы-бергі тарихында өз аумағының ауқымды бөлігінен айырылған, астаң-кестеңі шығып, берекесіздікке ұшыраған елдер туралы мысал жетіп артылады. Сол себепті, Мемлекет басшысының халыққа артып отырған сеніміне селкеу түсірмей, аса даналықпен қысқа мерзімде жүзеге асырған реформаларын қолдай отырып, оның жүзеге асуына бірге атсалысайық дегім келеді.
Оңғарәлиева Аниса Имашқызы,
Атырау облыстық
Білім басқармасының
Әдістемелік орталық директоры