Облыс әкімі «Шаңырақ» балалар ауылының тәрбиеленушілерін Балаларды қорғау күнімен құттықтады

Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Талғайран ықшамауданындағы отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылына барып, тәрбиеленушілерді Балаларды қорғау күнімен құттықтады.

 Алдымен аймақ басшысы ауылдың тұрмыстық жағдайымен танысты. Мұнда облыс әкімі жаттығу және спорт залдарын аралап, балалармен және тәрбиешілермен сөйлесті. Әңгіме барысында олардың тілектерін тыңдап, жазғы демалыс уақытындағы жоспарларын сұрады. 

Серік Шәпкенов балаларды оқу жылының сәтті аяқталуымен және жаздың бірінші күнімен, көптен күткен демалыстың басталуымен құттықтады.

- Бүгін сіздерді мерекемен құттықтау үшін арнайы келдім. Баршаңызға зор денсаулық, оқуда табыс тілеймін. Болашақта еліміздің лайықты азаматтары болуларыңызға тілектеспін. Ауылыңыздың әр үйі жылылыққа, жайлылыққа, берекеге толы болсын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балаларға ерекше көңіл бөледі. Өйткені сіздер – біздің болашағымыз. Есейіп, ер жетіп, еліміздің өркендеуіне үлес қосасыздар. Сабақты жақсы оқып, болашаққа батыл жоспар жасаңыздар. Біз сіздерді әрқашан қолдаймыз және көмектесеміз, барлық жағдай жасаймыз, - деді Серік Шәпкенов.

Облыс әкімі балаларға сыйлықтар ретінде арнайы сертификаттар табыстады. Ол арқылы балалар өздеріне ұнаған кітаптар немесе ойын жиынтықтарын таңдай алады.

Өңір басшысы жаңа оқу жылы басталғанға дейін балалар ауылының тәрбиеленушілеріне мектепке баратын жаңа автобус берілетінін атап өтті. Өз кезегінде балалар  қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынды. 

Бүгінде отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 59 бала (4 жастан 17 жасқа дейін)  тәрбиеленіп жүр. Оларға арнайы коттедж түріндегі сегіз екіқабатты үй салынып, оның әр қайсысында жеті-сегіз баладан тұрады. 

Атырау қаласының маңында, Жайық өзенінің жағасында орналасқан Балалар ауылы 2021 жылы пайдалануға берілді. Тәрбиеленушілер қажетті барлық затпен толық қамтамасыз етілген. Мұнда педагогтерден бөлек, медицина қызметкері, логопед, психолог және дене шынықтыру тәрбиешісі жұмыс істейді. Ауылда спорт, жаттығу және акт залдары да бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT