Нұрилла – ҰБТ-дан ең жоғары балл иегері

Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орнында тегін білім алуға жасалған алғашқы қадам әрі түлек бағындырар белестің бірі. 11 жыл бойы тәлім берген ұстаз шәкіртінің бұл сыннан сүрінбей өтуін, үкілеген үміт артқан ата-ана перзентінің сенімнен шығуын тілейді.

Бiлiм берудi дамыту тұжырымдасын жүзеге асыру мақсатында 2004 жылы бiлiм сапасын көтерудiң басты құралы есебiнде ұлттық бірыңғай тестiлеу енгiзiлгенi белгiлi.  ҰБТ - ның мақсаты – мектептi бiтiрушi түлектерінің оқу үлгерімін объективті бағалау.

– 11 жыл бойы бойға жинаған білімнің нәтижесі көрінер шақ – түлек, ұстаз, ата-ана үшін де маңызды әрі қобалжуға толы кезең. Биыл аудан бойынша 288 түлек мектеппен қоштасты. ҰБТ-ның соңғы мүмкіндігі бойынша 245 түлек қатысып, орта балл шығармашылықты қосқанда 60,1, шығармашылықсыз 66,2 көрсетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 баллға жоғары. Жалпы оқушылар ҰБТ-да жинаған жоғары балл – 118, ең төменгі – 21 балл. Тестілеуден жиналған әрбір жоғары ұпай – бүгінгі еңбектің ғана емес, жылдар бойғы қажымай-талмай, үздіксіз жасаған елеулі еңбектің нәтижесі,- дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева.

Саналы бiлiм беру тiкелей оқыту сапасын арттыруға байланысты болғандықтан, мұғалiмнiң кәсiби деңгейiн, бiлiктiлiгiн арттыруды басты назарда ұстау қажет. Өйткенi, бiлiмдi ұрпақ – бiлiмдi ұстаздардан, бiлiктi маманнан өнеге алады. Ал шәкірттің тестілеуден сүрінбей өтуі мен мектеп қабырғасындағы әрбір жетістігі – ұстаздың кәсіби біліктілігі мен шеберлігінің жемісі. Осындай ұстаз мерейін асырып, ұлттық бірыңғай тестілеуден аудан бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген оқушы – Нұрилла Қашаубаева. Ол – Есенбай Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері.  

Мемлекеттік ҰБТ-да 118 балл, ал ақылы тестілеуде 123 балл жинаған Нұрилла өзінің маңдай терімен, мектептегі ұстаздарының, «Достық» білім беру орталығында алған білімінің нәтижесінде жоғары жетістікке жетіп отыр. Оның ішінде таңдау пәні ретінде биология мен химияға тыңғылықты дайындалыпты. Күн-түн демей оқуға ден қойған оқушы мақсатына жетіп, ата-анасы мен ұстаздарының үмітін ақтады.

– Ата-анама қалайда «Алтын белгі» иегері атанып, мектепті үздік бітіремін деп уәде бергенмін. Сол сөзімде тұрып, ҰБТ-дан жоғары балл жинап, өзіме артқан сенімді ақтадым деп есептеймін. Маған әрдайым қолдау көрсетіп, білім алуыма, спортпен шұғылдануыма бар жағдайды жасаған ата-анама рахмет айтқым келеді,- дейді Н.Қашаубаева.

Дәрігер болуды армандап, сол арманына сенімді түрде нық қадам басқан оқушының Астана медицина университетіне гранттық негізде оқуға түссем деген тілегі бар. Біліммен қатар, спортты да қатар алып жүрген оқушы каратэ-до кекушинкайдан халықаралық  турнирдің  күміс жүлдегері, ел чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, Батыс Қазақстан аумақтық чемпионатының жеңімпазы, облыстық жарыстарда сан мәрте жеңімпаз атанды. 2021 жылы Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, алтын медальға ие болды. Жастайынан спортты серік еткен ол 11-сыныпта да уақытының тығыздығына қарамастан жаттығулардан қалмай, жарыстарға да қатысып үлгеріп жүрді. Нұрилла өз сөзінде бұл ісіне түсіністік танытып, әрдайым қолдау білдірген жаттықтырушысы Айгерім Айшуақоваға алғысын жеткізді.

Әрине, жоғары нәтижеге жету үшін кез келген талапкерге уақыт пен еңбекқорлық, ізденіс керек. Бүгінгі жас – елдің ертеңгі мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сол себепті олардың білімді, бәсекеге қабілетті болуы ел дамуындағы аса маңызды фактор. Осы тұрғыдан келгенде түлектердің мемлекетке қажетті мамандықтарды игеріп, дамуға, өркендеуге үлес қосқаны маңызды. Мемлекет басшысының қойып отырған талабы да осы.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT