Махамбеттік оқушылар республикалық конкурстың жүлдегері атанды

Қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деп атап көрсеткеніндей, егемен елдің келешегі кемел білім мен ұлағатты тәрбиеге байланысты. Ауданның ғана емес, облыстың мәртебесін асқақтатып жүрген дарынды оқушылардың еңбегі ақталып, жуырда арнайы марапатқа ие болды.

Өткен оқу жылында республикалық пән олимпиадалары мен конкурстарда жүлдегер болған оқушыларды облыстық Білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Садуахасова марапаттап, қаржылай сертификаттар табыстады. Марапаттау шарасына Махамбет ауданынан Дильназ Шонаева мен Бекарыс Нұрғалиұлы қатысты. Қос оқушы да республикалық конкурстардың  жүлдегері атанған-ды.

Дильназ Шонаева – Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің 10-сынып оқушысы. Ол математика пәнінің мұғалімі Фариза Жұмабаеваның жетекшілігімен республикалық ғылыми жобалар конкурсында І орын иеленді. Ал Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Бекарыс Нұрғалиұлы шығармашыл оқушылар арасындағы «Ақберен» өнер байқауының республикалық кезеңінде ІІ орынға ие болды. Жетекшісі – музыка пәнінің мұғалімі Эльмира Хисметуллина.

Оқушылар Салтанат сарайында облыс әкімі С.Шәпкеновтің қатысуымен өткен «Дарынды балалар – еліміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыратын ұлт болашағы» атты дарынды оқушылардың форумына қатынасып, ерекше әсермен оралды.

Аудандық білімі бөлімі ұжымын үлкен жетістікпен құттықтаймыз. Республикалық додаларда аудан, облыс намысын асқақтатар дарынды да қабілетті шәкірттеріңіз көп болсын!

Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521