Мектептерде соңғы қоңырау салтанаты 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде соғылды.
Мереке күні аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев іргелі білім ордасы Есенбай Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде өткен «Құлақтан үнің кетпестей сыңғырла соңғы қоңырау!» атты салтанатты шараға қатысты.
ҚР Мемлекеттік Туы көтеріліп, Әнұран орындалғаннан кейін алғаш болып сөз сөйлеген мектеп директоры Гүлзада Неталиева білім ошағының жетістіктері мен білім беру саласына үлес қосқан ұстаздардың еңбегіне ерекше тоқталып өтті. Оқу жылын үздік аяқтаған оқушыларға мақтау қағазын тапсырды. Сонымен қатар аудан намысын түрлі білім, спорт, мәдени сайыстарда қорғап жүрген оқушыларға алғыс хаттар, бокстан халықаралық, республикалық турнирлердің жүлдегері Еламан Рахметолла атындағы шәкіртақы табысталды. Шара барысында аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, мектеп бітіруші түлектерге және мектеп табалдырығын жаңадан аттаған жас жеткіншектерге сәттілік тіледі.
– Өмірде өлшенбейтін іс – балаға берген білімің, мейірімің, қамқор пейілің. Ол – болашақ, болашақтың бүр жарған сабағына құйған білім нәрің мәңгілік. Осынау мәңгілік борышты ауырсынбай, аянбай, өзімнің адамгершілік парызым, қала берді қамқорлығым деп түсінген ұстаздарға мың алғыс. Соңғы қоңырау салтанаты – қызығы мен қиыншылығы мол, әр оқу жылы қайталанбай тарихқа толы мектептің мерекесі. 1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келген мерекемен оқушыларды құттықтаймын. Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарың Отанның ортан қолдай азаматы болуға жетелеуін тілеймін. Бағындырар белестеріңіз көп болсын. Тек биіктен көріне беріңіздер,- деді аудан әкімі.
Жүректері лүпіл қаққан, қимыстық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласқан, өмір жолының алғашқы қадамында тұрған мектеп бітіруші түлектердің де тілегі тыңдалды. Құшағы гүлге толған түлектердің көңілі толқып тұрды. Өйткені бұл жеткіншектерді енді мектеп партасы күтпейді, керісінше үлкен өмір жолына қадам басқалы тұр. Арман арқалаған жастар енді әр қиырға аттанбақ.
Биыл ауданда 288 оқушы мектепті тәмамдайды. Оның ішінде 5 «Алтын белгі» иегері болса, 16 түлек – «Үздік аттестатқа» ие болып отыр. Соңғы қоңырау салтанаты мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласып, қоңырау соғу рәсімімен және мектеп түлектерінің вальсімен аяқталды.
Айта кетейік, дәстүр бойынша оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, биылдан бастап 31 мамырда аяқталады. Қазақстанда оқу жылының ұзақтығы – 36 апта. Жылдың соңғы оқу күні, яғни 31 мамырда еліміздің мектептерінде оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған сыныптан тыс сағаттар өткізілді. Каникул бұрынғыдай сақталады, яғни оқу күндерінің саны көбеймейді, ал каникул кезеңі азаймайды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ