Жаны жайсаң, жүрегі кең жан еді...
«Біз оны қашанда өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға ретінде жақсы танитынбыз. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық қасиеттер бойында тұнып тұрған абзал жан ретінде қадір тұтатынбыз. Осы кезге дейін талай жоғары басқару органдарында жауапты қызметтер атқарып, қатарының алды болған, тұрмыстық мұқтажы қат-қабат тіршілікте жұмысы мен міндетін бәрінен биік қоя білген, пейілі кең, жаны жомарт, қамқор да талапшыл басшымызды бүгінде сағынышпен еске аламыз». Иа, саналы ғұмырының бақандай 40 жылын О.Шонаев атындағы орта мектебіне, басшылық қызметіне арнап, аталмыш білім ордасының көркеюіне, саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосқан Рая Кәренқызы туралы әдемі естеліктер мен жылы лебіздер жетерлік. «Көзі тірі болса мерейлі 65-жасын арамызда қарсы алар еді» деп сағынышпен еске алған әріптестері аяулы ұстаз жайлы, бір үзік ойларымен бөлісті.
Қарапайымдылық пен кішіпейілділіктің айнасы еді
Ғалымжан Исламұлы, Информатика пәні мұғалімі:
- Әрбір адам дүниеге келгенде бір жарық жұлдызы жана келетіні белгілі. Осы еңбек еткен жылдарымда көптеген әріптес аға-апайлармен, бауырлармен жұмыс істедім және соны мақтан етемін. Қаншама үлгі-өнеге, тәжірибені қоржыныма жинадым, үйрендім. Бірақ, мен осы мектепке келгенде құшақ жая қарсылаған Рая апайдың орны ерекше. Ол кісінің өзіне тән әдемі үнінен, мәнерлі сөзінен, әрбір ұжым мүшесіне деген қамқорлықтың, дана ойдың ыстық лебі есіп тұратын. Әр оқушының жан дүниесін жазбай танитын Рая апай, жанындағы біздерді де (Алфарит ағай, Ермекқали, Бекежан, Қамбар) еш уақытта назардан тыс қалдырған емес. Биік атақ, даңқ иесі болмаса да қарапайымдылық пен кішіпейілділіктің айнасы еді. Өмірдегі ұстанымын да : «Дүниеде өшпейтін, өлмейтін байлық-білім» деп үнемі айтып отыратын. Осы ұстанымы, салған сара жолы көзін көрген ұстаздар қауымына шамшырақтай сәуле шашары сөзсіз.
Кәсібін, мектебін, шәкіртерін шексіз сүйді
Толқын Қарасқызы , О.Шонаев атындағы орта мектебінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Ұстаз сөзін жаза бастағанда ойыма еріксіз Рая Каренқызы түседі, бүкіл ғұмырын бала оқытып, тәрбилеуге арнаған ұстаздардың ұстазы. Ұстаздық жолындағы сиқырлы әлемде оқушылардың жүрегіне жол тауып, өмірге деген құштарлықтарын арттырған жан. «Қолыңнан келсе кеудеңе шырақ жандыр»- деген ұстаныммен талай шәкіртті қанаттандырып жылы ұясынан ұшырды. Қаншасына үлкен өмірге жолдама беріп, жаз шыға шығарып салып жатса, «аузын ашып-көзін жұмған» нағыз сары балапандарды күзде қайта қабылдап, бауырына басатын-ды. Ол - өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін өзінше шексіз сүйген жан. Қазіргі оқу бағдарламасына енгізіліп жатқан оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін сол кездерде-ақ қарамағындағы ұстаздарға жете түсіндіріп, сабағына қалай қолдану керектігіне дейін айтып отыратын.
Аяулы ұстаздың күлкісін сағындық
Бейбітші Аманғалиева, бастауыш пәнінің мұғалімі:
- Ол кісі айтарын бүкпесіз ашық айтып салатын ақкөңіл жан еді. Рая Каренқызының асыл қасиеттерінің тағы бірі - ағайын-тумаға, достарына,әріптестеріне қолұшын беріп көмектесу болатын. Ол кемшілікке кешіріммен қарап, жабыққаның жанынан табылатын. Биыл тірі болса, Рая Каренқызы 65-ке толар еді. Сол аяулы ұстазымыздың бетіне жымия күліп тұрып, жылы да мейірімді жүрекпен ұрысып айтқан сөздерін сағындық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме халқымыз. Өз заманында ұстаздықпен бірге Рая Каренқызы Кеңес, кәсіподақ және де басқа сайлау органдарына мүшелік етіп, 2002-2005 жылдары аудандық «Халық бірлігі» партиясының төрайымы, 2005-2008 жылдары аудандық «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің мүшесі қызметтерін қоса атқарды. Ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына өзіндік үлесін қосқан үшін еңбегі бағаланып, облыстық, аудандық білім беру басқармаларының грамоталарымен марапатталып, 2007 және 2011 жылдары Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің «Алғыс хаттарының» иегері атанды.
Тарихта Томиристен бастау алған, ел басқарып, жер қорғаған әйел басшылар барын жақсы білеміз. Осы бір қайсар да өжет мінез, бірбеткей болмыс, көзсіз батырлық, батылдық қазақ қыздарына қанмен берілген болса керек-ті. Бір үйдің ғана емес, бір ұлттың болашағына айналар ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанат қақтырған киелі қара шаңырақ О.Шонаев атындағы орта мектепте Рая Кәренқызы сынды қазақтың қайсар әйелінің өшпейтін ізі мен қолтаңбасы қалды.
О.Шонаев атындағы орта мектеп ұжымы