Кейінгі екі жылда отандық ғалымдар қандай жаңалық ойлап тапты

Ғылым және жоғары білім министрлігі кейінгі екі жылда қазақстандық ғалымдар ойлап тапқан жаңалықтармен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Редакцияның ресми сауалына жауап берген ведомство соңғы жылдары ғылыми кадрлар аса перспективалы деп бағалаған бірқатар жобаны іске асырған. Нақты тоқталсақ:

1. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы 2 вакцинаны (белсенділігі жойылған және суббірлікті) жасауы неғұрлым маңызды ғылыми жетістіктердің бірі саналады. Дүниежүзілік денсаулық ұйымының Қазақстандағы кеңсесіне QazVac вакцинасын тіркеу туралы өтініш берілді.

2. ҚР Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының ғалымдары болатты оттегіден тазарту, түрлендіру және қоспалау үшін кондицияланбаған көміртегі шикізатын пайдалануға негізделген ферросиликоалюминий және «Қазақстандық» қорытпасын алу технологиясын әзірледі. Қорытпаның тәжірибелік партиялары Германияда, Ресейде және Түркияда өнеркәсіптік сынақтан сәтті өтті. Халықаралық және еуропалық патенттер алынды.

3. Машина жасау саласында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде қысқы уақытта жолдар мен тротуарларды қар мен мұздан тазартуға жабдықтар кешені әзірленіп, жол-қызмет көрсету ұйымының пайдалануына енгізілді. Мұзжарғыштардың сериялық өндірісі үшін технология әзірленіп, цех жобаланды.

4. Энергетика саласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары конструкциялық материалдарда, баламалы энергетикада, нано және микроэлектроникада қолдануға әлеуеті бар наноқұрылымды композиттік материалдардың радиациялық және коррозиялық төзімділігі туралы зерттеулер жүргізді.

5. Д.В. Сокольский атындағы отын, катализ және электрохимия институты өнеркәсіп орындары мен автокөлік құралдарының уытты газ шығарындыларының каталитикалық бейтараптандырғыштарын әзірледі. Отандық каталитикалық бейтараптандырғыштарды өндіретін меншікті цех іске қосылды.

6. Назарбаев Университетінің жанындағы аккумуляторлар институты су литий-ионды аккумулятор жобасын сәтті іске асырды. Жобаның нәтижесі бойынша АҚШ патенті алынды.

7. Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласында А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары мемлекеттік тілді ұлттық латын графикасының әліпбиіне көшіруге арналған жаңартылған нормативтік сөздіктер мен академиялық басылымдар сериясын әзірледі.

8. Ақпараттық технологиялар саласында эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты от жағу камераларындағы технологиялық процестерді оңтайландыру және атмосфераға зиянды шығарындыларды барынша азайту мақсатында жылу-масса өткізу процестерін модельдеу бойынша есептеу эксперименттерін жүргізу үшін жаңа ақпараттық технологиялар әзірледі.

9. Металлургия және байыту институты күкіртті қышқыл шламынан тазартылған және элементтік селенді, жерде сирек кездесетін металдарды алу технологияларын әзірледі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT