Елтай Қуандық: «Арманым - IT саласымен байланысты»

Ақпараттық технологиялардың дамуы күнделікті өмірде үлкен маңызға ие. Елдің бір бұрышындағы оқиға смартфонның көмегімен лезде таралып, бүкіл республика бір сәтте ақпаратқа қол жеткізе алады. Сондықтан ел дамуында ақпараттық технологиялардың дамуы аса маңызды. Осы тұрғыда жастардың, әсіресе мектеп оқушыларының белсенділігі жоғары.

 О.Шонаев атындағы Махамбет орта мектебінде 9-сыныпқа дейін білім алған Елтай Қуандық кейін қаладағы «Зияткер» мамандандырылған мектеп лицей-интернатына оқуға қабылданады. Онымен қоса ол Shyraq Education қайырымдылық қоры арқылы «веб-дизайн» сабағына қатысып, білімін жетілдіреді.

– Ата-анам «Зияткер» мектеп-лицейіне қабылдау болып жатқанын айтып,  тапсырып көруімді қалады. Тестілеуден өтіп, оқуға қабылданғанымды естігенде қуаныштарында шек болмады. Менімен қатар Арсен Хасен, Дархан Өтебай, Әнел Сиран сынды махамбеттік оқушылар да оқуға түсті. Бұл салаға келуімнің өзі оңай шешім болған жоқ. IT саласының маманы атанғанға дейін алдымда түрлі таңдау тұрды. Футболшы немесе сәулетші болғым келді. «Зияткер» мектебіне қабылданғаннан кейін оқушылармен жұмыс жасаған ұнайтынын іштей сездім. Жалпы қандайма шешім қабылдауда оның ортасы әсер етеді. Содан мұғалімдікті таңдадым,- дейді кейіпкеріміз.

Осыдан екі жыл бұрын қолданысқа берілген «Зияткер» мамандандырылған мектеп лицей-интернаты ауылдық жердегі дарынды оқушыларды іріктеп, олардың ғылыммен айналысуына, өз жобаларын қорғауына мүмкіндік сыйлауды көздейді. Елтай да өзге балалар секілді ауылдан арманын арқалап, оқуға келді.

– Жалпы менің «Зияткер» мектеп-лицейіне оқуға түскенге дейін IT саласы жөнінде білетінім аз болды. Тіпті мүлдем қызығушылық болмады. Кейін бұл мамандықтың өзі бірнеше салаға бөлінетіндігін білдім. Соның ішінде дизайн саласына қатты қызықтым. Дизайнды Shyraq Education қоры өткізген сабақтардан үйрендім. Оған дейін тек қана презентация әрлеуді білетін едім. Ал осы сабақтардан кейін мен тек қана презентация ғана емес, сайттардың, логотиптердің дизайнын жасауды үйрендім,- дейді Елтай.

Shyraq Education қорының басты мақсаты – Қазақстан жастарының, әсіресе, ауыл және елді мекендегі мектеп оқушыларының ой-өрісін кеңейту жəне потенциалын дамыту. Сонымен қоса ауыл мен қала оқушыларының білім деңгейін теңестіру.

– Біздің лицейде Shyraq Education қоры сабақ өткізді. Сабаққа қатысу үшін ешқандай талаптар қойылмайды, жай ғана шабыт қажет. Сол күннен бастап менің IT-ға, соның ішінде дизайн саласына қызығушылығым оянды десем болады. Жалпы ауыл мен қала оқушыларының арасында айырмашылық көп емес. Ауылда да IT маманы болғысы келетіндер бар. Оларға тек сол салада жұмыс істегісі келетін орта мен мектептерде құрал-жабдықтар болса болғаны,- дейді Е.Қуандық.

Ақпараттық технология саласы – әлемдік экономикадағы ең перспективалы саланың бірі. Компьютерлік бағдарламалар мен арнайы сайттардың дизайнын жасау қазіргі заманның сұраныс күшіне айналып отыр.

– Мен қазіргі уақытта дизайнды Figma  қосымшасымен істеймін. Өйткені ол бағдарламада дизайн жасауға арналған көптеген функциялар бар. Тапсырыстар тек қана мектеп қабырғасында ғана емес, басқа да бизнес саласындағы орталықтардан түсіп жатыр. Енді үйреніп келе жатқаннан кейін әзірге үлкен жобалардың деңгейіне жете қоймадық. Бірақ алдағы уақытта ол деңгейге де жетемін деген ойдамын. Болашаққа қойған мақсат өте көп. Бағдарламау тілін, дизайнды да үйрету жоспарда бар. IT ғана емес, одан да басқа шығармашылық жұмыстар жетерлік,- дейді Елтай.

Қазіргі уақытта Елтайдан веб-дизайнды үйренген оқушылар түрлі тапсырыс алып, қаражат табуға кірісіп те кеткен.  Әрине, бұл 10-сынып оқушысы үшін – үлкен жетістік.

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», - деп Абай атамыз бекер айтпаған. Ертеңгі келер күннің бүгінгіден гөрі нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән. Олай болса, білім беруді ізгілендіру, ақпараттандыру – бүгінгі заман талабы.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT