Жоғары білім берудің барлық деңгейлері бойынша 2022-2023 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлу тізімі жарияланды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, гранттардың басым бөлігі инженерлік, өңдеу, құрылыс салаларына бөлінген, олардың саны 17 794-ті құрайды.
«Ал педагогикалық ғылымдарға – 10 810 грант, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына – 9 103 грант, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағытына 6 288 грант тиесілі. Сондай-ақ, техникалық бағыттарға ерекше назар аударылып, мемлекеттік тапсырыстың үлесі 60%-ға дейін ұлғайды. Бакалавриатқа 2022-2023 оқу жылында 73 мыңға жуық грант бөлінді», - деп жазды ведомство.
Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін квоталар саны артқан. Көп балалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы талапкерлер грант алу үшін көбірек мүмкіндіктерге ие болады.
«Биыл алғаш рет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру грантының жаңа түрі анықталды:
«Халықтың тығыз орналасқан және батыс өңірлерінің жастарының жетекші жоғары оқуорындарында оқуға арналған мақсатты білім беру гранты» - Атырау және Маңғыстау облыстарының 10 мың талапкеріне жоғары оқу орындарында білім алу үшін мақсатты гранттар алуға мүмкіндік береді. Мақсатты «Атырау-Маңғыстау» грантына конкурсқа ағымдағы жылдың мектеп түлектері қатыса алады. Бұл ретте олар бір уақытта жалпы конкурсқа, оның ішінде «Серпін» байқауына қатыса алмайды», - деп түсіндірді министрліктен.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың мәліметінше, білім гранттары, оның ішінде «Атырау-Маңғыстау» мақсатты грант санының артуына байланысты бүгін тізім жарияланған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60% техникалық мамандықтарға бөлінді. Талапкерлер берілген ақпарат негізінде дұрыс таңдау жасайды деп сенемін», – деді ол.
Магистратураға түсуге 13 мыңнан астам, докторантураға түсуге 1800-ден астам грант бөлінген. 2022-2023 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлудің толық тізімі Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында мынау сілтемелер бойынша жарияланған: