Білікті басшы, білімді ұстаз, аяулы ана Айгүл Бердешқызының белестері

Халқымызда «әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөз бар. Әйелдің жүгі мен жауапкершілігін, шыдамдылығы мен еңбекқорлығын, оның осы қасиеттері үшін берілетін дәрежесі мен марапаты қасиетті Құран Кәрімде жазылған. Зымырап жатқан уақыттың 24 сағатында жұмысқа да барып, үйдің тірлігін де жасап, ағайын- туыспен де араласып, балалары мен жарының бабын тауып, қосымша кәсібіне де үлгеріп жүретін оларды сонда да нәзік жанды деп атайды.

Әйел адамның болмысы әуелден жан-жақты боп жаратылған. Отбасында әр әйел өзі аспаз, өзі тігінші, өзі тазалықшы , өзі пси­холог, өзі педагог, өзі дизайнер. Бұл оларға арнайы оқусыз, ди­пломсыз тәрбие деген түпқазықтан дарыған қабілет. Сондай бір ел сүйсініп, құрметтеп, үлгі тұтатын отбасының отанасы, аяулы жар, ардақты ана, білікті ұстаз, беделді басшы, іскер ма­ман Айгүл Бердешқызын білмейтін жан кемде-кем. Ұстаздық оған қанмен берілді, ал басшылық қабілет ұзақ жылғы тәжірибе мен ой сүзгісінен өткен парасаттылықтың жемісі. Махамбетте туып, махамбеттік екенін қай кезде де мақтанышпен айтып жүретін өз тілін, жерін шексіз сүйетін, әлемді, адамды танудан жалықпайтын Айгүл Бердешқызының өмір белесіне бірге шолу жасайық.

1963 жылы 6 шілдеде Махамбет ауданында 4 қыздың бірі болып қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Әкесі Сұлтанғалиев Бердеш пен анасы Каженова Зылиха апай өз заманының тала­бына сай еңбек етіп, өмір сүрген жандар. Бердеш Сұлтанғалиев Ақжайық ауылының тумасы. Қызыл үй орта мектебін, кейін Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығы бойынша бітіріп, білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен. Мұғалімдіктен меңгеруші, райком, мәдениет бөлімінің басшысы сынды лауазымды қызметтерге дейін көтерілген. Ол кісінің сабырлы, аса ұқыпты, жұмысқа мығым, достыққа адал адам болғанын өз замандастары жақсы біледі. Әкеден де, анадан да ерте қалған ол жастай қосылған жары Зылихамен де бірде-бір рет ренжісіп, ашу білдірмеген, «4 қызым, 4 дөңгелегім» деп әрқайсысын бір төбе көріп отыратын бала мінезді адам болған екен. Зылиха апай да ұзақ жыл бала тәрбиелеу саласында қызмет еткен, халықтың баласына «ақ мама» атанған, ақкөңіл, мейірімді жан.

Осы бір отбасындағы жылулық, жанұя бақыты, ата-ана тәрбиесі мен өнегесі, Айгүл Бердешқызы мен бауырларына өмірлік азық, ұстаным болып қалғандай.

1980 жылы мектеп бітірген өрімдей бойжеткен алғашында ме­дицина саласына мойын бұрып, Ақтөбе медицина универстиетіне оқуға тапсырады. Бірақ, оның бұл жолда бағы жанбай, бір жыл бойы аудандық кітапханада еңбек етеді. 1981 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті атанып, О.Шонаев атындағы Махамбет орта мектебінен еңбек жолын бастаған. Осы аралықта ол өзінің өмірлік серігін жолықтырып, ата- анасының батасымен тұрмыс құрады. Отбасылық өмірінің алғашқы жылдарында жас жұбайлар Батыс Қазақстан облы­сында жұмыс жасап, кейіннен туған жерге оралады. 1989-2003 жылдар аралығында қара шаңырақ О.Шонаев орта мектебіне қайта келіп, сол жерде биология пәнінің мұғалімі бола жүріп үлкен жетістіктерге жетіп, көптеген жүлдегер оқушыларды дай­ындайды. Әсіресе, аталмыш пәннен талай облыстық олимпиада­дан орын алған Павлова.Л, Захарова.Т, Сапенов.А, (Мұхсанов Әли), Букина.Н, Канцева.Л сынды оқушыларын бүгінде ұстаз жүрегі ерекше тебіреніп, еске алды. Олардың біразы кейіннен биология пәнін таңдап, болашақ мамандықтарын да осы сала­мен байланыстырғаны ұстаз еңбегінің еш кетпегені деп білеміз.

2002 жыл Айгүл Бердешқызы үшін өте сәтті жыл болып, аудандық, облыстық «Жыл мұғалімі» сайыстарында Гран-при иегері атанып, республикадан жүлделі үшінші орынмен ора­лады. Осылайша күллі республика ұстаздары алдында Атырау облысының, ауыл мұғалімдерінің мәртебесін көтеріп келген еді. 2003 жылы педагогтің еңбектері еленіп, сол уақыттағы Білім және ғылым министрі Шәмши Беркінбаеваның шақыртуымен барып, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында облы­стан ұсынылған 8 түрлі мамандық иелерінің ішінде ұстаздар қауымы атынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды.

«Мұғалімдік салада өзімді дәлелдеп, жетер шыңыма жетіп, көріп-түйдім» деген Айгүл Бердешқызы арнайы шақыртумен 2003 жылдың желтоқсанында аудандық ішкі саясат бөліміне басшылық қызметке қадам басады. Содан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат бөлімдерінде біраз жылдар абыройлы еңбек етіп, 2015 жылы конкурсқа қатысу арқылы өзі қанат қаққан қасиетті қара шаңырақ, білім ордасы О.Шонаев атындағы орта мектептің директорлық лауазымына сайла­нады. Басшылық еткен 2015-2019 жылдар аралығында мек­теп өмірінде үлкен өзгерістер мен жаңалықтар болып жатты. Қырық жыл жөндеу көрмеген мектеп, толықтай күрделі жөндеуден өтіп, жаңа рең, жаңы тыныс алды. Балалар білім ор­дасы болғандықтан Айгүл Бердешқызының мұрындық болуы­мен, аудан әкімдігінің қолдауымен мектеп ауласы жаңартылып, жол салынып, оқушыларға қолайлы жағдай жасалды. Сол кездегі ел басқарған ағаларға ұстаз ретінде әлі күнге «Алғысын айтып, ризашылығымды білдіріп отырамын»,-дейді кейіпкеріміздің өзі. Өзі басшылық еткен жылдарда мектеп қана жаңарып қоймай, мұғалімдердің жетістігі жыл санап толысып отырғанын мақтанышпен айтады. Оның ішінде Толқын Ибрашева, тәлімгер Айдана Сүлеймен, Нұрайна Тлеубергенова, Лұқпанова Ляззат т.б көптеген білікті мамандар өз қабілеттерін «Жыл мұғалімі» сынды белді сайыстарда республика, облыс дәрежесінде дәлелдеген. Осылай жеңісті күндермен, жарқын сәттермен есте қалған мек­теп ұжымымен біржола қоштасып, 2019 жылы аудан әкімінің арнайы ұсынысымен аудандық білім бөлімінің басшылық қызметіне тағайындалады. Бүкіләлемде өршіп тұрған «Covid-19» пандемиясының қарсаңына тап болған Айгүл Бердешқызы ол кезде біраз қиындықтар болғанын жасырмады.

370aaa52-785b-4ba0-a534-d61e7a2d27ea

-Осы бір қиын-қыстау уақытта басшылық қызметке келе сала мектептердегі онлайн оқу жүйесіне ауыстық. Осы ретте компьютер жабдықтарының жетіспеушілігін ауыл азамат­тары, ел ағалары, қайырымды кәсіпкерлердің, аудандық бөлім басшыларының көмегімен шештік. Шалғай ауылдарда, қырда тұратын, интернет желісі жоқ жерлерге мектеп директорлары жеке көлігімен барып, тапсырмаларды тасып, оқушыны сабақ процесінен тысқары қалдырмау үшін жағдай жасады. Осы уақыт аралығында барлық ұстаздар қауымы да елмен бірдей қиналып, елмен бірдей еңбек етті. Соның арқасында пандемия аралығында Махамбет ауданының білім сапасы түспей, Алланың қалауымен, абыроймен міндетімізді атқарып шықтық,-деп еске алды.

Кейіннен ол кісінің басшылық қызметтегі қабілетін, жауапкершілігін байқап, ескеріп, тәжірибелі, білікті маманды облыстық Білім беру басқармасына бөлім басшысы лауазымына шақыртады. Жолдасы да, балалары да жұмыс бабымен тыста жүрген соң үйдегі анасын уайымдап, бұл ұсынысты отбасымен ұзақ ақылдасып барып, бір шешімге келеді. Сөйтіп, конкурстан сәтті өтіп 2021 жылы мамыр айынан бастап Атырау облыстық Білім беру басқармасының жалпы білім беруді дамыту бөлімінің басшысы қызметіне Сұлтанғалиева Айгүл Бердешқызы сайла­нады. Жаңашылдықты жақсы көретін апайымыз бүгінде әуелгі миссиясынан алыстамай-ақ, түрлі білім беру ұйымдарымен етене байланыс жасап отыратын жұмысын жалғастыруда.

Кейіпкеріміздің бар өмірі біреулерге қызметте өткендей көрінетін болар. Бірақ, Айгүл Бердешқызы балаларының өзі айтқандай «бәріне үлгеретін, уақыт табатын супер мама». Жолдасы құқық қорғау саласынан зейнетке шыққан майор болса да, әлі күнге басқа салада еңбек етіп жүрген ел сыйлай­тын азамат. Ал, балалары Әсел, Алмажай, Әділет ата-анасының мақтаныштары. Үлкен қыздары Әсел Алматы жоғары оқу орнын тәмамдап, кейін Американың Хьюстон қаласындағы Ағылшын тілдері институтына өз күшімен түсіп, 5 тілді жетік меңгерген маман болып оралады. Еліміздің бас қаласында, шетелдік фирма­ларда еңбек етіп, болашақ жары Хусейн Карабаг есімді азамат­пен танысып, тұрмыс құрды. Бүгінде Әсел Англияға жолдасының жұмысымен қоныс аударып, Арден есімді тәп-тәтті ұл баланы тәрбиелеп отыр. Одан кейінгі Е.Ағелеуов атындағы Махам­бет орта мектебін «Алтын белгімен» бітірген қызы Алмажай да ҚБТУ-ды инженер-технолог мамандығы бойынша аяқтап, елордалық жігітке тұрмысқа шыққан, екі баланың анасы атанып отыр. Отбасының атұстары Әділет те кішкентайынан оқуға зерек болып, Атырау қаласындағы дарынды балаларға арналған мек­теп-интернатында білім алып, СДУ-ды үздік аяқтаған. Бүгінде ол да отбасын құрған және еліміздің құрылыс саласында белді орыны бар BI GROUP компаниясында басшылық қызметте еңбек етіп жүр. Ата-ананың бойындағы тәлім-тәрбие, еңбекқорлық пен адалдық, білімге, ғылымға деген құштарлық балаларына дарып, бұл отбасында бақ пен береке орнаған. Олардың әр жетістігіне ана жүрегі қуанып, әке көңілі ризашылық білдіріп отырады. Өмір жолында мансап пен міндетті, қызмет пен отбасыны қатар алып жүріп, бірде құлап, бірде сүрінсе де қарапайым, байсалды қалпынан таймайтын, қайсар, ақылды, дана әйел, танысқан әрбір жанның жүрегіне жылы шуақ төгетін Айгүл Бердешқызының өмір белестері осындай.

Айнұр САТАЕВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT