Бақтығали Әлдешовтың туғанына – 90 жыл

Махамбет ауданының Жайық бойына қоныстанған 11 ауылда тарихы сан жылға кеткен Фурманов атындағы (қазіргі – Есбол) орта мектебінде есімдері жүздеген шәкірттердің жүрегінде сақталған ұлағатты ұстаздар абыройлы еңбек етті.

Олардың қатарында Жабу Дөкесов, Сембі Берғалиев, Ермұрат Ержанов, Мырзахмет Қостаев, Орынғали Жанасов, Алдияр Шыниязовтармен үзеңгілес әріптес болған Бақтығали Әлдешевтің есімі де биік тұрады. Б.Әлдешов – 1933 жылдың 15 ақпан күні Махамбет ауданының Есбол ауылында дүниеге келген. Әкесі Өміралиев Әлдеш сол кездегі колхоздың төрағасы, ал анасы Тотима үлкен шаңырақтың отанасы еді. Бала күнінен білімге ынтазар өлең, ертегі, жұмбақтар мен батырлар жырын жатқа соғатын құймақұлақ шәкірт, кешкі астан кейін бас қосқан үлкендер әңгімесіне зейін қойып, зердесіне сақтап өсті. Орта мектепті бітірген соң алдымен 1952-1954 жылдары Гурьев педагогикалық институтын, Кеңестік армияда үш жыл қызмет атқарып, елге оралғасын 1958-1962 жылдары Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі дипломын алады.

Алғашқы еңбек жолы өзі білім алған Фурманов атындағы орта мектебінде басталып, кейін 1970 жылдан табан аудармастан 28 жыл Махамбет аудандық білім бөлімінде әдіскер болып, үзбестен еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады. Осы жылдар аралығында білікті ұстаз-әдіскер аудан мектептеріндегі көптеген мұғалімдердің озат тәжірибелерін зерттеп, республиканың мерзімді баспасөз беттерінде, оның ішінде «Бастауыш мектеп», «Қазақстан мұғалімі» журналдарында жариялап отырды. Жылт еткен жақсылықты байқағыш, әріптестерімен шешіле сөйлеп, турашылдықты жанына жалау етті. Ол туралы әріптесі, шәкірті Қызылүй орта мектебінің директоры болған Әміржан Құлмашев былай деп жазады:

«Жарамсақтық пен екіжүзділікке жаны қас еді. Әзіл-қалжың, әжуа-оспақтың майталманы болған Бәкең инспекторлық тексеруге келгенде талай-талай ғибратты әңгіме-дүкеніне қанықтыратын. Мұғалімдерге қатаң талап қоятын. Дегенмен үйрете білетін, дауыс көтермей, ар-намысқа тимей, өте ізетті, орнықты жеріне жете ұғындыра, сендіре тәрбиелей, жұмыс жүргізетін».

«Жүйріктің жаны кірер терлегенде» дегендей, қызуға түсіп кеткенде тақта алдына шығып кетіп, жас ұстаздарға сабақ беру үрдісінің қыр-сырын үйретіп, баулып бағатын. Құрғақ әкімдік пен озбырлықтан, өктемдіктен бойын аулақ ұстады, әріптестерінің ақылгөй тәлімгері, берік қорғаны болды.

«Суретші ең әуелі сурет сала білуі, композитор симфониялық шығарма жаза білуі қажет болса, ал ұстаз өз білімділігін, шеберлігін, мәдениетін көрсете білуі тиіс», – деп жазады Бақтығали Әлдешұлы бір мақаласында.

Иә, шындығында да «Ұстаз» барлық жағынан да әдемі болып көрінуі тиіс, киім киісімен де, сөйлеу мәнерімен де, ақыл парасатымен де өзгелерден көш ілгері жоғары тұрып, көп оқыған, ойлы адам болуы керек. Ұстазәдіскер еңбегі жалықпай күндіз-түні ізденуді, методикалық шеберлікті үнемі жетілдіруді, озат тәжірибені зерттеуді, көпшілікке тарата білуді, терең білімділікті қажет еді. Міне, осы тұрғыдан келгенде Бақтығали Әлдешұлының мерейі үстем болды. Қаламынан туындаған зерттеу мақалаларда тәжірибелі ұстаздардың шеберліктері паш етілді. 1985 жылы 17 желтоқсан күні «Қазақстан мектебі» журналында жарық көрген «Өз ісінің шебері» атты мақаласында Махамбет мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Қалы Досанованың ұстаздық шеберлігі кеңінен жазылыпты. Автор мұғалімнің сабақ беру тәсілдерін талдай отырып, шәкірттерін отаншылдыққа, адамгершілікке, ұлтшылдыққа, ұнамды әдет-ғұрыптарға тәрбиелеуге назар аударғанын атап өтеді. Мұғалімнің оныншы сыныпта өткен «Ілияс Жансүгіровтың өмірі, қоғамдық және шығармашылық қызметі» сабағында жазушының көзқарасын қалыптасу заңдылықтарымен байланысты таныстыру арқылы ақынның рухани, азаматтық бейнесін, шығармашылық портретін әдебиеттегі орнын айқындайды. Сабақта қолданылған көрнекі және көмекші құралдарды орынды пайдалғандығына баса назар аударады. Мұғалімнің шәкіртпен арадағы байланыстың мықты орнағандығын, сабақты түсіндірген сәтте сыныптағы барлық оқушыны талдауға қатыстырғандығын көрсетіпті.

Әдіскер Б.Әлдешовтың 1988 жылы 12 тамызда аудандық «Малды өңір» (қазіргі – «Жайық шұғыласы») газетінде жарияланған «Ұстаз жолы – өнеге» атты мақаласында Алмалы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Хидан Жалмурзиннің озат тәжірибесін насихаттайды.

«Ол өзінің ұстаздық шеберлігін балаларға арнай отырып, жас шәкірттерінің ана тіліне деген құштарлығын ұштай түсуде. Ұстаздық қызметтің жемісін мәуелеген, тәрбие өркені көктеген, шәкірттері есейіп, ұлағатты азамат болса, оның орны тіпті де ерекше. Оның көп жылғы педагогикалық еңбегі де ескерусіз қалған жоқ», – деп жазған автор, озат ұстаздың қол жеткен табыстарын мақтан етеді.

Бақтығали Әлдешұлы туралы Махамбет ауданының халық ағарту ісіне зор үлес қосқан, Еңбек Қызыл ту орденді, Қазақ ССР-нің еңбегі сіңірген мұғалім Дүйсенғали Төленов 1993 жылы 26 қазан күні жазған «Әдіскер Әлдешов» атты мақаласында былай деп жазады:

«Бақтығали тек соңғы 5-6 жылдың ішінде Б.Жолмұқанова, М.Казиева, Т.Елеуова, С.Оспанова, М.Қалмұратова, А.Жұмақанова, М.Бисеновалардың озат тәжірибелерін мектептерге таратты, насихаттады, олар туралы басылымдармен сөйледі. Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім Бәну Хисамеденова апайының тәжірибесін әлі күнге дәріптеп келеді. Адамды ренжіту оңай, күлдіру қиын дейді әдіскер. Ол мектепке келгенде әрқашанда өзін сыпайы, салмақты, ілтипатты, кішіпейіл ұстайды. Басқа кейбіреулердей әкімшілік өктемдік істемейді, шама келсе, жақсылығын көріп, кемшілігін көрсету парызы».

Әрине, ұстаздың ұстазы болу оңай шаруа емес! Осы мақаланы жазар алдында мен ағайымның жеке мұрағатында сақталған көптеген еңбектерімен таныстым, олардың барлығын жинақтаса бір кітапқа жүк болары анық. Солардың арасында КРСО Халық мұғалімі Құсиын Айтқалиев, озат ұстаздар Рая Мұқамбетқалиева, Сақыш Оспанова, Насиха Ермұханова, Хамила Айжарықова, Алма Жұмаханова және тағы басқалардың есімдері бар. Бақтығали Әлдешұлының ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасының «Халық ағарту ісінің үздігі», «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгілерімен, «Ардагер ұстаз» медалімен және әлденеше рет республикалық, облыстық, аудандық мадақтау грамоталарымен марапатталды. Ұзақ жылдар үзбестен білім саласы бойынша баспасөзге мазмұнды мақалалар жазып, белсенді тілші атанды. Оның қаламынан туындаған терең ойлы, тәлімді шығармалар жас ұрпақ өмірі, тәрбиесі, ұстаздар өнегесі, мұғалімдердің әдістемелік тәжірибесіне арналды.Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының республикалық, облыстық ұйымының мүшелігіне сайланды.

«Әке өліп, ұлы қалса – өзі қалғаны, қызы қалса – көзі қалғаны» дегендей, Бақтығали ағайымыз 1964 жылы қосылған өмірлік жары Нағима Есенғалиқызымен жеті перзентті дүниеге әкелді. Олардың барлығында адалдыққа, мейірімділікке тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Балалары да әке жолын қуған ұстаздар. Тұңғышы Мильят, ұзақ жылдар Атырау қалалық білім бөлімінде әдіскер болып қызмет атқарды, бүгінде – «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау қалалық комитеті» филиалының орынбасары. Ұлмекен, Баян – балабақша әдіскері, тәрбиешісі болса, Фарида – Махамбет ауданындағы Есенбай Ағалеуов атындағы орта мектепте, Сәнім – Атырау қаласындағы № 34 көпсалалы мектеп-гимна- зияда, үлкен ұлы Аян – облыстық көмекші мектепинтернатында мұғалім, ал кенже ұлы Асқар – Махамбет аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқаруда.

«Түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» деген осы емес пе?! Өмірі – өнеге, рухани байлыққа толы – ұлағатты ұстаз болып есімізде қалған Бақтығали Әлдешұлының алдында Фурманов (қазіргі – Есбол) атындағы орта мектепте білім алған шәкірттерінің бірі ретінде осы мақаланы ағайымыздың 90 жылдық торқалы тойы қарсаңында жазуды өзіме мақсат тұттым. «Жақсы адамда өлген күн болмайды, қайтқан күн ғана болады» дегендей, барлық ғұмырын ұстаздыққа сарп еткен ұстазымыздың ұлағатты бейнесі жүрегімізде осылай сақталды.

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ-нің төрағасы,

тарих ғылымдарының кандидаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT