«Бір жастағы бала кемінде 10-15 сөзді, екі жастағы бала 300-дей сөзді анық айтып, ал үш жастан асқасын еркін сөйлесе алатын жағдайда болуы қажет» . Осы кеңесті жиі естіп жүрсіз бе? Себебі, қазір қоғамда сөйлеу тілі немесе ойлау қабілеті кешеуілдеген балалар өте көп. Ойын жеткізе алмайтын, тұтығатын, жасы екі-үштен асса да, анық дыбыстай алмайтын, физиологиялық және психологиялық ауытқулары бар балалардың көбеюі ата-аналармен қатар дәрігерлерді де қатты алаңдатып отыр. Ерекше қажеттілігі бар балалардың қатарынан бөлініп қалмауы үшін, мемлекет мектептерде инклюзивті білім беру жүйесін де іске қосты. Сұраныстың жоғары болуына сай балабақша мен білім беру ұйымдарында арнайы логопед-дефектолог мамандар жұмыс жасап жатыр. Бірақ, тіл мүкістігі мен тежелуі балаларда жылдан жылға артып келетін секілді.
Бала тілінің кеш шығуының себептері мен оларды түзетудің жолдарын инклюзивті білім беруде 8 жылдық тәжірибесі бар логопед-дефектолог маман, “Soile balaqai” логопедиялық түзету орталығының басшысы Тәжбентай Әсия Сайлаубайқызынан сұрап көрдік. Бүгінде жүздеген ерекше баланы, оның ішінде ЗРР, ЗПР диагноздарымен қабылдап, уақытылы ем жүргізіп отырған орталық басшысымен сұхбаттасып, ата-аналарға қажетті кеңестерін түртіп алдық.
Қайырлы күн, Әсия. Ең алдымен осы салаға қалай келдіңіз? Қайда білім алдыңыз? Логопед-дефектолог мамандығы қазір неге сұранысқа ие болып отыр?
- Мен осы Махамбет ауылында дүниеге келдім. Осы жерде мектебімді бітіріп, 2014 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің “дефектология” мамандығына ақылы бөлімге оқуға түстім. Бастапқыда логопед боламын деген ойым болмаған да. Сол уақыттарда сұранысқа ие мамандық дегенді естіп, таңдау жасадым. 2 курсты аяқтаған кезде сабақ үлгеріміме қарап, Президенттік грантқа ие болдым. Қиын диагноздағы балаларды көріп, бұл саланы тастап жібергім келген уақыттар да болған. Қаншама энергия, күш, төзім керек. Көріп тұрып көмектесе алмасам жылағым келетін сәттер де болды. Бірде отырып ойландым. “Әсия, бастадың ба, соңына дейін апар. Қорықпа, ол балалардан. Олар да қоғам мүшесі. Балапандардың тілін түзету арқылы сен үшін бірінші Аллаһ тағаланың сауабы болады. Ата-аналардың алғысын алып, үміт оттарын сөндірмейсің, көмектесесің» -деп өзімді жігерлендіріп алып әрі қарай оқуымды сәтті аяқтап шықтым.
Ең алғашқы жұмыс тәжірибең? Ерекше балалармен жұмыстың ерекшелігі неде?
- Бастапқыда бұл салаға жұмысты өз ауылымнан табамын деп ойламадым. Жекеменшік балабақшада айына 20000 теңгеге логопед болып бастадым. Әлбетте, тәжірибе жинап көру үшін. Дипломым қолыма тиген соң Махамбет ауданындағы облыстық №2 зерде бұзылысы бар балаларға арналған мектеп-интернатына қызметке орналастым. 4 жыл бойы осы ұжымда дефектолог-логопед маманы болып, ерекше балалармен жұмыс жасадым. Сол кездегі басшымыз Гульнар Халешқызы, Үміт Үмбетқызы, Ақкүміс Нәсіпқызы жас маман болсам да алға сүйреп, жетекшілік етіп, түрлі семинар-курстарға қатыстырып, мүмкіндік бергені үшін әлі күнге алғысым шексіз. Арнаулы мектеп-интернаттағы білікті логопед мамандардың бірі Светлана Тулегеновна да бар білгенімен бөлісіп, логопедияның қыр-сырын меңгертті. Солай бұл мектеп-интернатта көп тәжірибе жинақтадым. Олигофренопедагог, логопед-дефектолог,психолог, басқа да пән мұғалімдерімен бірге мектепішілік,облыстық, республикалық шараларға қатысып, жобалар қорғадық,балалардан нәтиже шығарып, ата-аналардан алғыс алып бірге қуандық. Бұл біздің интернатта тәрбиеленіп жатқан балалармен ортақ жеңісіміз еді.
«Soile balaqai”орталығын ашудағы басты мақсатың? Бүгінгі нәтиже қандай?
- Осыдан 2 жыл бұрын өзім таңдаған ер азаматқа тұрмысқа шығып, жұмыс орным аяқ асты өзгерді. “Зерде” жекеменшік оқу орталығында логопед маман боп қызмет етіп жүріп,көптеген оқушылардың диагнозын жойып, ата-аналармен де бірігіп қарқынды жұмыс жасадық. Кейін ойлана келіп, ай сайын менің жеке сабағыма шеретте тұратын балаларды неге өзімнің орталығымда қабылдамасқа? Сөйтіп қаладағы халық көп шоғырланған аудандардың бірінен «Soile balaqai” логопедиялық түзету орталығын аштым. Бүгінде бала санының көптігіне байланысты, екінші бөлімшесін ашуға тура келді. Бұл ретте менің жұмысыма, қоғамға тигізетін пайдама көңіл бөліп, қолдау білдірген жолдасым мен отбасым әрине. Қазір орталықта 10 логопед-дефектолог маман қызмет етуде. Әртүрлі диагноздармен келген балаларға жеке логопедиялық сабақтар өткізіледі. Оның ішінде дислалия, дисфония, дизартрия, дислексия-дисграфия, диспраксия,ПДТ(ЗПР),ЗРР,ЗПРР,ОНР,тұтықпа,алалият.б диагноз түрлерімен түзету жұмыстары жүргізіледі.
Бала тілінің кеш шығуына әсер ететін негізгі факторлар бар ма?
Қазіргі таңда бала тілінің кеш шығуына көптеген факторлар әсер етуде. Ең алдымен:
-жүктілік кезде ана көңіл-күйінің дұрыс болмауы(9ай бойы немесе босанғаннан соң стрессте жүруі), түрлі инфекциялық аурулармен ауырып,шектен тыс дәрі-дәрмек қабылдауы;
-балаға уақытында жеткілікті көңіл бөлінбеу(қарым-қатынастың жоқтығы,ашылып сөйлеспеу);
-ерте жастан баланы үй жағдайында дамытпау, 1жасынан няняға немесе балабақшаға беру;
-телефон,гаджеттерге тәуелділік,баланың цифрлық аутизмге шалдыққанын байқамай қалу;
-үйде үш тілде сөйлесу;
-баланы шектен тыс еркелету;
-әкесі не атасы кеш сөйледі деп баланың сөйлеуін күтіп,уақыт жоғалтып алу;
Міне осы жоғарда аталған ең негізгі себептер десе болады. Ал одан бөлек қаншама жанама белгілері де бар. Балалардың қазір түрлі диагноздарға ұшырауына , анасының бойына біткен кезден даму кезеңінде күтінбеуі де себеп. Нәресте туылғаннан кейін оның ең бірінші логопеді - анасы! Баланы зерттеп,анықтап айлық кезінен бастап бойынан тежелу көрсеңіз бірден мамандарға дабыл қағу қажет.
ЗПР, ЗРР – дегеніміз не? Неге осы диагноз қазір қоғамда көбейіп кетті?
Жалпы көптеген ата-аналар осы диагноздарды ажырата алмай жатады. Түсіндіріп өтсем:
ЗПР (задержка психического развития) - Бұл баладағы психикалық дамудың кешеулідеуі.
Зейіні, логикалық есте сақтауы, ойлауы, кеңістікті бағдарлауы төмен болып келеді, өз қатарластарынан артта қалушылық байқалады. Мектеп жасындағы бұл балалардың бәрінде кездесетін белгі – үлгерімнің төмендігі. Бұл балалардың оқу үлгерімі 1-сыныптан бастап көріне бастайды. Бірақ, анық белгілері 2-3 сыныптарда пайда болады.
▪️ ЗРР (задержка речевого развития) - СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ КЕШЕУІЛДЕУІ. Ойлау, есте сақтау қабілеті жеткілікті, бірақ сөйлеу тілінде кездесетін қиындықтар болады, өз қатарынан кеш дамуы байқалады. Көбінесе 3-4 жаста сөздік қорының аз болуынан, өз ойын толық жеткізе алмауымен сипатталады.
▪️ ЗПРР (задержка психического и речевого развития) – психиканың және сөйлеу тілінің қоса дамымауы. Аталған екі диагнозды біріктіргенде балада қандай қиындықтар болатыны айтпаса да белгілі.
Дәл осы белгілерді өз балаңыздан көрген жағдайда тез арада невропатолог, логопед, дефектолог, психолог мамандардан көмек сұрау қажет. Жалпы ата-аналар 6 жасқа дейін бала сөйлеп кетеді деп күтеді. Бұған қазақы наным-сенім, ырым-тиымдарды да қосып жатады. Бірақ медицинаны, ғылыми дәлелденген дүниені ешкім жоққа шығара алмайды. Қоғамда бұл даигноздардың көбеюі жоғарыда атап өткен факторларды елемеуден болады деп санаймын. Жалпы бала бойға біткеннен күтініп, жатырдағы кезінен саулығына көңіл бөліп, 3жасқа дейін дамуына зер салу керектігін қазақ аналары ескермей жатады. Қазір соның опығын жеп отырған сияқтымыз. ⠀
Қандай жағдайда логопедтің көмегіне жүгіну керек?
Бала бойындағы кешеуілдеуді ерте қолға алсаңыз, нәтижені көру де оңай болады. Себебі бала тілі де басқа дене мүшелері сияқты жасы өскен сайын қатайып, дами береді. Сіз уақытпен жұмыс жасамасаңыз, уақыт сізге кері жұмыс жасайды.
Әдетте баланы логопедке әкелместен бұрын ата-аналар невропатолог қа, содан соң логопед немесе дефектолог, АВА терапия маманы,психолог, логомассаж т.б –ға барады. Бұл ретте логопед диагноз қоймайды. Көптеген ата-аналар қателік жасап бірен орталықтарға алып келеді. Баланың сөйлеуі, ойлауы бәрі мидың жұмысымен тікелей байланысты болғандықтан, невропотолог қарап нақты анықтай алады. Қазіргі таңда интегративті медицинаны меңгерген мықты мамандар облысымызда да бар. Олар балаға қосымша ем, препарттар тағайындауы мүмкін. Бұл жерде кешенді жұмыс талап етіледі.
▪ Егер балада айлық кезінен 1,5-3 жасқа дейін былдыр және қарапайым сөздер болмаса;
▪ 1,5-3 жас аралығында өз тілінде сөйлеп, Сізге түсіндіре алмаса;
▪ Сөз тіркестерінен сөйлем құрай алмаса;
▪ Дыбыстарды немесе буындарды алмастырып айтса;
▪Дыбыстарды қате айтып, тастап кетсе;
▪ Тұтығып қалатын болса;
▪ Айтқысы келген ойын ыммен түсіндірсе;
▪ Сұрақ қойдыңыз, дәл сол сұрақты қайталаса;
▪ Өз атын атап шақырғанда қарамаса;
▪Түсініксіз тілде сөйлесе, т.б кемшіліктерді көрсеңіз, міндетті түрде логопед маманның көмегіне жүгініңіз.
Аудан орталықтарынан, оның ішінде Махамбеттен түзеті орталығын ашу ойыңда бар ма? ⠀
- Қазір біздің орталыққа алыс-жақын аудандардан ( Махамбет, Аққыстау, Ганюшкино, Доссор,Мақат,Құлсары) да оқушылар келіп түзету жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта осы аудандардан да логопедиялық түзету орталығын ашып, балаларға жағдай жасағым келеді. Ең алдымен өзімнің туған жерімнен, Махамбеттен бастасам деймін. Қазіргі таңда сол жақтан жақсы, білікті мамандар іздестіру үстіндемін.
Ата-аналарға айтар кеңесің?
- Логопед мамандар арасында «сөйлемейтін баланың тілі-саусағының ұшында» деген ұғым бар. Бұл тәжірибе жүзінде дәлелденген. Баланың ұсақ моторикасын, үкен моторикасын дамыту арқылы оны сөйлету ең тиімді, нәтижелі тәсіл. Ол үшін арнайы оқу-білімнің, диломның қажеті жоқ. Яғни, ата-ана үйденде өз баласына жағдай жасап, жаттығу арқылы сөйлеуге көмектесе алады. Себебі, орталыққа аптасына бір барып, маманнан нәтиже күтіп отыру дұрыс емес. Кемінде 70% ата-ананың қадағалауымен, ал 30% орталықтағы мамандардың жүйелі жұмысымен оң нәтиже шығады.
Сұхбаттасқан: А.САТАЕВА