Елімізде алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өтіп жатыр. Олимпиаданың алғашқы кезеңіне 436 оқушы қатысады.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлының тікелей тапсырмасы бойынша алғаш рет ауыл мектептеріне арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бастапқы кезеңінің ашылу салтанаты Махамбет ауданына қарасты 14 ауыл мектептерінде жергілікті әкімдіктен, Білім бөлімі басшысы мен мамандарының қатысуымен 2023 жылдың 20 қараша күні сағат 08:30-да өткізілді.
Олимпиаданың мақсаты – ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілеттерін анықтау және оларға қолдау білдіру, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды табу, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануына жағдай жасау.
Олимпиаданың міндеттері ауыл мектептері оқушыларының теориялық білімі мен практикалық дағдыларын тереңдету және ауылдық білім беру ұйымдарындағы дарынды балаларды анықтау үшін жағдай жасау.
Олимпиада 3 кезеңде өтеді:
бірінші кезең (бастапқы) – қараша айы;
екінші кезең (іріктеу) – желтоқсан айы;
үшінші кезең (республикалық) – 2024 жылдың қаңтар айы.
І (бастапқы) кезеңге Махамбет ауданы бойынша 14 мектептен барлығы 436 оқушы, 213 оқушы қоғамдық- гуманитарлық (қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, орыс тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, ағылшын тілі, Қазақстан тарихы, құқық негіздері) бағыттағы, 223 оқушы жаратылыстану-математикалық (математика, физика, химия, биология, информатика, география) бағыттағы пәндер бойынша тіркелді.
Олимпиаданың I кезеңі 20 мен 29 қараша аралығында кешенді тестілеудің барлық қатысушылары ережеге сай интернет желісіне қосылған дербес компьютерлермен (бұдан әpi - ДК) жабдықталған орындарда 1 парта — 1 қатысушы -1 компьютер реттілігі бойынша онлайн платформада өтеді.
I кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған қатысушылардың жалпы санының 35% - ы олимпиаданың II кезеңіне (облыстық) қатысуға жолдама алады. I кезең қорытындысы бойынша іріктелген оқушылардың тізімі Республикалық «Дарын» орталығының сайтында жарияланады.
Онлайн платформада олимпиадаға қатысып жатқан оқушыларымызға сәттілік тілейміз!!!
Б.СҮЙЕУОВА