Ауданымызда қашықтықтан білім беру қалай болмақ?

Осыған сәйкес қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты білім беру ұйымдары қашықтықтан білім беруге көшетіні туралы хабарланған болатын. Осыған сәйкес қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Аудандағы мектептер мен мұғалімдер, оқушылар онлайн оқуға қаншалықты дайын? Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға осы орайда қандай мүмкіндіктер мен жеңілдіктер қарастырылған? Бұл сауалдарға аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Бердешқызы былай деп жауап берді:

- Ел бойынша онлайн жүйеге ауысуда ең алдымен бізге ұлттық телеарналар үлкен көмек көрсеткелі отыр. Яғни, «Балапан», «Еларна» каналдарынан оқушыларға арналған күнделікті видеосабақтар беріліп отырады. Сонымен қатар күнделік порталында, BILIM LAND сайтында да сабақтар, видеосабақтар, орыс-қазақ тіліндегі файлдар толықтырылып салынып отыратындығы ұстаздар қауымына үлкен көмек. Daryn.online білім беру платформасында да мұғалім мен оқушыға арналған тегін сабақтар және ҰБТ-ға дайындық сұрақтары мен тесттерін алуға толық мүмкіндік бар.

Яғни, қашықтықтан оқытуға :

1.Телеарна

2. Цифрлық платформалармен жұмысты ұйымдастыру

3.Мұғалімнің видео сабақтарды өзі де дайындауы

4.Ата-ананың қадағалауы қажет болады.

Мектеп директорларымен де Zoom бағдарламасы арқылы онлайн конференциялар жиі өткізіліп, ұсыныстары тыңдалуда. Сабақ бұрынғыдай 40 минут емес, 10-15 минутқа жоспарланады. Қазіргі таңда оқушылардың отбасылық мүмкіндіктері зерделеніп біте келді. «Компьютер, ноутбук жоқ болған жағдайда,смартфон, планшеті бар ма? Интернет желісіне толықтай қосылған ба?» - деген мәселелер қаралып, есебі шығарылды.

Мұғалімдер де жаңаша форматта сабақ беруге алдын-ала дайындалып, кері байланыс, қызықты сабақ беру әдістерін меңгеруде. Интернеті жоқ, әлеуметтік жағдай төмен отбасыларға аудан әкімінің тапсырмасымен Қазақтелеком мекемесіне келісімшартқа отырып, 4G ALTEL модемін жалға алуға ұсыныс білдіріп отырмыз.

Сонымен қатар, аудан бойынша Бақсай ауылдық округінде орналасқан мектеп-интернатта тәрбиеленуші әлеуметтік аз қамтылған отбасының 44 баласына интернет пен компьютердің жетіспеушілігі ескеріліп, еріктілер көмекке жұмылдырылғалы отыр. Яғни, әр балаға тапсырма 1 апта бұрын еріктілер арқылы беріліп, мұғаліммен кері байланыс орнатуға мүмкіндік қарастыратын боламыз.

А.Сатаева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT